Трансплантолог-дәрігермен блиц-интервью
Елімізде науқастарға шарапат шуағын шашып, біліктілігін белсенділікпен ұштастырған дарынды дәрігерлер аз емес. Алайда, екінің бірі адам жанының арашашысы болып, ақ халатты абзал жан атана алмасы анық. Бұл ретте хирургия саласында еңбек ететін дәрігерлердің еңбегі қашанда ерен. Гиппократ антына адалдық танытып, еліне зор пайдасын тигізіп жүрген ақ халатты абзал жанның бірі – Рахымжан
Үмбетжанов. №1 клиникалық ауруханасының трансплантолог дәрігерімен әңгімеміз елімізде соңғы жылдары дамып келе жатқан ағза алмастыру отасы жайында өрбіді.
– Рахымжан Жолдыбекұлы, медицина сіздің кәсіби тұрғыда шыңдалуыңызға, өмірлік бағытыңызды табуға ғана емес, шетелде де танылуыңызға ықпал етіпті. Әңгімеміздің әлқиссасын шетелдік БАҚ-та жазылып жатқан 5 айлық сәбидің отасынан, яғни, бауыр алмастырудан бастасақ.
– Иә, біліктілігімді шыңдай түсу үшін, үйренсем деген мақсатпен мемлекеттік бағдарлама аясында Минск қаласына барған жайым бар. Мұнда жүріп туғаннан өт жолдары жоқ нәрестеге бауыр циррозы диагнозы қойылған болатын. Сәби өт жолдары болмағандықтан сарғая бастаған. Бірақ жеткілікті салмақ жиналғанда, яғни 5 айлық кезінде ота жасадық. Оған анасының бауырының бір бөлшегін алып, салдық. Қуаныштысы, 16 сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, бір сәбидің өмірін сақтап қалдық. Қазіргі таңда науқас реабилитацияда, анасының денсаулығы да дұрыс. Сәбидің туыстарымен қатар, ақпарат құралдарынан осы жағдайды оқып-білген оқырмандардың көпшілігі алғысын жаудырып жатыр. Өз кәсібімді адамдарға екінші өмір сыйлау мүмкіндігі үшін жақсы көремін.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген түзетулерден кейін бүгінде қоғамда мәйіттік трансплантацияға еліміздің көп тұрғыны наразылығын білдіруде. Жоғарыда шетелде тәжірибе алмасуға барғаныңызды айтып қалдыңыз. Бұл мәселе Беларусь елінде қалай жүргізіледі екен? Шетелден қандай тәжірибе алуға болады?
– Мәйіттік тарансплантацияға тоқталмас бұрын, жалпы қазіргі таңда донорлық ағзаға мұқтаж жандардың жағдайын маман ретінде баяндап көрсем. Бір ғана Шымкенттің өзінде бауыр циррозына шалдыққан 500-ден астам науқас бар. Ал 800-дей адам бүйрек жетіспеушілігімен ауырады. Бұл науқастар кіші дәретінің шықпауының салдарынан аптасына үш рет диализ аппаратына жүгінеді. Әр процесс 5 сағатқа созылады. Онда адамның ағзасындағы артық сұйықтық пен элементтер алынады. Алайда жоғарыда атап өткен науқастардың көпшілігі донор тапшылығынан көз жұмып кетіп жатыр. Біздің елде тек туыстық трансплантация жасалады. Ал қазір тәжірибе алмасып жүрген Беларусь елінде заң басқа. Мұнда жасалатын ағза алмастыру оталарының 98 пайызы мәйіттік. Туыстық трансплантация жоқ. Екі елдегі заңдық нормалар екі түрлі. Бізде мәйіт ағзасын алуға тірі кезінде рұқсатын берсе ғана оны донор ретінде пайдаланамыз. Ал беларустық әріптестеріміз тірі кезінде донор болудан бас тартып, қағаз қалдырса ғана донор бола алмайтынын айтады. Бізде жиі кездесетіні халық өлген адамның денесіне қол тигізбейді. Бұл жерде заңға да, халықтың түсінігіне де өзгеріс керек. Бір адамның донор ретінде берген рұқсаты 6-7 адамды ажалдан арашалап қалуы мүмкін. Әсіресе, мұндай дәстүрлі діни көзқарас оңтүстік өңірде қатты байқалады. Дегенмен мәйіт ағзасын алуға кері көзқарас қалыптасқанымен, бірқатар мұсылман мемлекеттерінде мәйіттік донорға рұқсат берілгенін атап өткім келеді. Мәселен, Иран мен Сауд Арабиясында жылына 100-ден астам осындай оталар жасалады. Ал әлемде жасалатын операциялардың 70%-ында марқұмдардың ағзасы қолданылады. Айырмашылықты көрдіңіз ғой. Шын мәнінде тірі адамның ағзасына иек арта беруге болмайды. Өйткені оған зардап тигізіп алмауымыз керек. Егер елімізде заң талаптары реттелсе, отандық трансплантологтар бүйрек пен бауыр ауыстыруға әбден маманданған деп айтар ем. Шетелден ғана үйренетін емес, үйрететін жағдайға жетіп қалдық. Бұл ретте нано-технологияларды пайдаланудың артықшылығын атап өтуге болады.
– Бүйрек пен бауыр ауруы жасарып бара жатқаны соңғы кездері жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Аталған ағзаның қызметінің бұзылуының себептеріне де тоқталып өтсеңіз.
– Мәселе аурудың жасаруында емес, науқасқа тиісті анализдер дер кезінде жүргізіліп, қажетті медициналық сараптамаларды дәл уақытында тағайындалуында жатыр. Ал аталған ағзалардың қызметінің бұзылу себептері әркімде әрқалай көрініс табады. Адамдардың басым көпшілігі денсаулығына жіті көңіл бөлмейді. Содан болар қарапайым тұмаудың арты созылмалы ауруларға алып келіп жатады. Бұл аурулар бұрындары да болды, қазірде бар, алдағы уақытта да кездесе береді. Бүгінгі таңда елімізде медицина саласы қарыштап дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар да оң жолға қойылған. Қазіргі кезде ақылы қызметтер (оның ішінде оталарды айтуға болады) МӘМС жүйесінде сақтандырылғандарға жолдама арқылы тегін көрсетіледі.
– Тасты холецистит немесе өттасы ауруына әлемдегі әрбір жетінші адам шалдығады екен. Осы жөнінде де аз-кем айтып өтсеңіз.
– «Ауру астан» деген сөз бар. Бойымызды жайлаған дерттің көбі дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатынын көбіміз сезіне қоймаймыз. Өттасы ауруының негізігі себебі – тағам. Бүгінде күн санап адамдар табиғи, таза құнарлы өнімді тұтынуы сиреп барады. Әсіресе, қала халқы түрлі консервіленген, тетропакетте сақталған азық-түлікке үйреніп алған. Қоспалардан жасалған тағамдарды біздің өт қорыта алмай, ол өт қабында жиналып, артынан тасқа айналады. Ал пайда болған тасты хирургиялық жолмен алып тастау керек. Оны ешқандай дәрілік зат еріте алмайды. Мейлінше тастың бары анықталған кезден бастап әрекет ету керек деп санаймын. Ал өттасы ауруын алдын алу үшін құнарлы тағамдар, жеміс-жидектер мен көкөністер көбірек қолдануымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!