Найзағай еді ол бұлтсыз күнгі жарқ еткен...

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5183 раз

g5gi0mjk61tfrvGi5bixLLOyA52dS8

Желтоқсан – қазақ халқының империялық отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының оқиғасы болды. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма тоғыз, ал Желтоқсан оқиғасына отыз төрт жыл болып қалыпты. Бұл екеуін бір-бірінен бөлек қарастыру мүмкін емес, себебі, біз Тәуелсіздікке, Азаттыққа, Бостандыққа аңсап, зарығып, қаншама қанымызды төгіп, жанымызды шүберекке түйіп жеткен халықпыз. Бұл оқиға қазақ жастарының басына қаншама қасірет әкелгені де баршамызға аян. Желтоқсанның сол бір аязды күндеріндегі қақтығыс барысында жазықсыз жазаланып, жауапсыз қыршын кеткендер қаншама? Үш жүзге жуық студент оқудан шығарылып, жалалы болды.

1986 жылғы 16 желтоқсанның құпия тарихы әлде ашылмаған қазақтың ұлттық рухы мен намыс найзағайын әлемге жария еткен оқиға еді. Сол оқиғаға куә болған сәттерім әлі де көз алдымнан кетпейді. Қазақ елінің сол кездегі астанасы Алматы қаласының «Горный гигант» аумағында жарыммен пәтер жалдап тұрамыз. Әл Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетінде 5 курс студенттеріміз. 16 желтоқсан күні күндізгі бестер шамасында қала орталығынан үйге келдім.
– Қазақ жастары орталық Республика алаңына жиналу үстінде. Мәскеу Д.А. Қонаевты бірінші хатшылықтан алып, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Г. Колбинді қойыпты, - дедім. Ұлттар теңдігі деген КСРО саясатының әншейін сөз жүзінде болғандығы қазақ жастарының ұлттық намысын қозғап, алаңға шығуға мәжбүрлегендігін айтып, алаңға шығуға жиналып, келіншегімнің үйде қалуын сұрандым. Оның өзіндік себебі де бар. Оның қазіргі үлкеніміз Алмаға аяғы ауыр еді.
– Сандыбай, бұл тарихи оқиғадан қалғым келмейді, - деп жалғыз жіберуге қорқатындығын айтып менімен бірге барды.

 

2


Сағат кешкі 19-ге таман алаңға келсек, жастар жиналып қалыпты. Шеру шынында да бейбіт басталған еді. Жастар лозунгілеріне Мәскеудің ұлы орыстық шовинистік саясатына қарсылықтар жазыпты. Лениннің әр ұлттың өзін-өзі билеу туралы сөздерін де көрсетіпті. Жастар сол жерде «Менің Қазақстаным», «Жаз қазақ Марсельезасы» әндерін хормен шырқады. Наразылық сөздерін айқайлап айтып жатты. Кенет мұздай қаруланған әскер алаңға лап қойып, үйретілген иттерін қосып, жиылған жастарды бас-көзге қарамай қолдарындағы дубинка, темірден жасалған қарулармен айуандықпен ұрып-соға бастады. Бас сауғалаған жастар жан-жаққа бытырай қашты. Ашынған бір топ жастар қарулы әскермен қаймықпай қарсыласты. Әрең дегенде алаңнан сытылып шығып, үйге зорға жеттік. Бұл уақытта сағат түнгі 12-лер шамасы еді. Келесі күні екеуіміз сабаққа бармай алаңға қайта келдік, оқиға одан да ушыға түсті. Кейін ұзақ уақыт, әсіресе, қазақ жастарын қудалаумен болды. Бұл біздің КСРО-ға деген сенімімізді су сепкендей өшірді. Осыдан бастап халқымыздың отар өмір сүргеніне көзіміз айқын жетті.
Желтоқсаншылар ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы кеңестік сорақы, зорлықшыл реформаларды, 37-38-ші жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінді, екінші дүниежүзілік соғысты, одан беріде тың игеру мен жаппай орыстандыруды көзімен көріп, басынан өткізген аға буын ұрпақтың балалары мен немерелері еді. Сонымен бірге, желтоқсандықтар тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалын сезінгенімен, оның илеуінде біржола жаншыла қоймаған ұрпақ еді. Жаны таза, ең биік әділеттіліктің бар екендігіне сенген бұл буынның қазақ халқының, оның мәдениеті мен әдебиетінің, салт-дәстүрінің ең үздік дәстүрінде тәрбиеленгендігі даусыз. Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Төлеген Айбергенов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Мұқтар Шаханов шығармаларымен, өз халқына деген сүйіспеншілікпен қанаттанған желтоқсандықтар сол күндері өз елінің азаттығы және өзгелермен терезесі тең болу үшін ең биік те асқақ қамалдарды алуға даяр екендіктерін нақты іс-әрекеттерімен, берік мызғымас ұстанымымен, мұқалмас жігерімен дәлелдеп берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», - деп бағалайды.
Ата-бабаларымыз азат күнді тек армандап қана ғұмыр кешкен жоқ. Сол жолда жолбарыстай жұлқысып, арыстандай арпалысып, күресіп өтті. Ұрпағынан ұрпағына аманат қалдырды. Аманаты – ата-бабаның қаны сіңген қасиетті топырақты, ұлан-ғайыр кең өлкемізді қазақ жерін қорғау, сақтау. Аманаты – ана тілімізді таза ұстау, ана сүтіндей кие тұту, дінімізді жоғалтпау. Осыған лайық ұрпақ өсіре алған халықпыз. Оған дәлел – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Бұл ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестердің ең бір түйінді тұсы. Кеңес өкіметі өзінің құрамындағы елдердің ұлттық құндылықтарын бірте-бірте жойып, өз саясатын өте шеберлікпен жүргізіп жатқан тұста – тоталитарлық режимнің тас құрсауын бұзу мүмкін еместей болған кезеңде шетелдік саясат сарапшылары демократиялық дүмпу бір бұрқ етсе, Кавказ бойында немесе Балтық өңірінде бұрқ ете қалар деп жорамал жасап жүргенде – Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы бұлтсыз күнгі найзағай ойнағандай әсер етті. Бұған алғашында «нашақорлар мен маскүнемдердің бей-берекет тәртіпсіздігі» деп жала жапқандар да, «Ұлтшылдардың ұйымдастырған арандатушылық әрекеті» деп солақай саясатқа сайғандар да болды. Әрбір ұлттық халықтық, наразылық қозғалыстар ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілетіні, іштей бауырқанып ширығатыны, содан соң сәл нәрседен бастау алып, тіпті, стихиялы түрде бұрқ ете қалатыны, оған саяси мән бергенде, жетекшілік тізгінін қолға алғанда, үлкен қозғалысқа, халықтық шеруге не көтеріліске ұласатыны ескерілмеді.

 

САНДЫБАЙ БОРАНБАЕВ


Сыйлаған адамына астындағы атын түсіп беретін, қонағын құшақ жайып, төріне шығарып, құдайындай құрметтейтін қазақ ешуақытта намысын таптатқан емес. Отаршылдық езгіге шыдай-шыдай, төзе-төзе, сабыры сарқылған қазақ «Алашым, ұлтым!» - деп талай арыстарынан айырылған қазақ енді бұлқынбаса, елдігінен ештеңе қалмайтындай еді. Ұлт мектептерін әр түрлі сылтаулармен жауып, ұлттық тілінің қолданылу аясын шектеп, дінін ұмыттырып, ділін жойып, енді аз уақыт өткенде мәңгүртке айналуға шақ қалған кезімізде: «Оян, қазақ!» - дегенді осы Желтоқсан оқиғасы жаңғыртқан еді. Желтоқсан оқиғасының басталуына – Д.А.Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына Г.В. Колбинді сайлаған 1986 жылғы желтоқсанның 16-сында өткен Пленум себепші болды. Оның сайлануы қазақ халқының өмірлік мүддесіне қатысты мәселелерді шешудегі Орталықтың өрескел өктемдігі ретінде қабылданды. Қазақстан Компартиясының қалыптасу барысында оның 20 хатшысының үшеуі ғана қазақ болғанын ескерсек, бұл оқиғаның саяси мәнінің арта түскенін мойындауымыз керек. Желтоқсан оқиғасын бастап, қазақ елінің теңдігін талап еткен сол кездегі қазақ жастары еді. Әр уақытта теңдікті де, елдікті де биік қоя білу жас буынның басты мұраьы болып қала бермек. Сонда ғана еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болмақ.
1986 жылы 16 желтоқсандағы жастардың ұлтшылдығына, өршіл намысқойлығына ризамын. Қазақтың тілі, ділі, діні мен мәдениетінен бейхабар адамға ел басқартуға қарсы болып, бас көтерді. Қазақтың бойында намыс бар екенін, батырдың, ақынның ұрпағы екенін сол кездегі кеңестік жүйеге түсіндіру мүмкін емес еді. Өкінішке қарай, Желтоқсанға әлі лайықты баға берілген жоқ. Бұл мәселе талайды толғандырып жүр. Өйткені, бірі «оқиға» десе, бірі «көтеріліс» дейді. Әр түрлі негізсіз әңгімелер таратылды. Жастарға «бұзық, ұлтшыл» деген теңеу тағылды. Тіпті аудиторияларымызға келген кейбір оқытушыларымыз: «Біздің Қазақстанды кім басқармады, П.Пономаренко да, Л.Мирзоян да басқарды. Одан халық зиян көрген жоқ. Халықтар достығы артып, ауызбіршілігі бекіді. Ал жастарымыз болса, Қазақстанның дамуына кедергі жасады» деді.
Талай тағдырды тас-талқан еткен желтоқсанның қаһарлы желі еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан қаһармандықтың қадамы екенін әлі де лайықты бағалай алмай келеміз. Жыл сайын мереке қарсаңында мектептерде тәрбие сағаттары өтеді. Бұқаралық ақпарат құралдары бір апта ақпараттар, мақалалар жариялайды. Сонымен бітті. Әрі қарай бәрі ұмытылады. Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысты ұйымдар Желтоқсанның халықаралық дәрежеде нақты баға берілуіне жұмыс жасай алмай отыр.
Бұл күндері ой-сананы тебірентетін, кез келген адамға тәуелсіздіктің не екенін ұқтыратын байқаулар, конференциялар, шығармашылық кештер өткізу қажет. Желтоқсан оқиғасынан қазақ халқы үшін ұялатын ештеңе жоқ. Бұл нағыз батырлық. Қазақтың асқақ рухы жастарға үлгі болуы тиіс. Желтоқсаншылардың аңсаған арманы осы болатын.
1986 жылы желтоқсанда атойлап алаңға шыққандар бұзақы қазақ жастары емес, намысын лаулатқан, кеудесін бастырмайтын, ұлты үшін жанын құрбан етуге даяр саналы, ер де өр қазақ жастары екендігін кейінгі ұрпақ білуі керек. Бұл тәуелсіздіктің ең алғашқы баспалдағы еді!..


Сандыбай Боранбаев,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» ҒЗИ-ның директоры,
ф.ғ.д., доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.