«Тәуекел түбі – желқайық...» Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1789 раз

Жұбайының қолынан келетін ісін бизнеске айналдырған Нұркен Өтегенов – бүгінде үлкен тігін цехының иесі. Бұрын кәсіпкерлікпен айналыспаған ол бастапқыда өз ісінің алға жылжуына күмәнмен қараған. Уақыт өте келе мың ойланып, жүз толғанып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 25 миллион теңге субсидия алып, бизнесін бастап кетті.

528

 

Нұркен Өтегеновтың жары Ақботаның апасы мен анасы – он саусағынан өнері тамған ісмер жандар. Осы ісмерлік Ақботаға да дарыған. Тігістің қыр-сырын апасынан үйренсе де, алға қарай жылжуына тағы да қосымша білім керек екенін түсінді. Өзі итальяндық стильге қызыққандықтан, сол өңірдің тігіншілерінен үш ай жеке курстарынан өтіп, түрлі киімдерді тіге бастады.
—Ақботада көнеден қалған әдемі тігін машинасы бар-ды. Оны өзі ғана пайдаланатын. Таңнан кешке дейін түрлі киімдерді тігіп, үйде отырып шағын кәсіпті жүргізетін. Содан істеп жатқан бизнесін үлкейтуді жоспарға қостым. Алайда, басымда сан түрлі ойлар болды. «Қалай бастаймын, ақшаны қайдан аламын, ары қарай бизнес жүріп кете ме?» деген қорқыныш бойымды билей бастады. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия жеңіл өнеркәсібі тұрғанда, олармен бәсекелес болу қиынға соғатын шығар деп те ойладық. Себебі, Қазақстандағы барлық киім дүкендерін көрсең, шетелдік өндіріс екенін байқайсың. Сатушылар сол жақтың өнімін әкеледі. Бірақ, елімізде киім өндіретін цехтар жоқтың қасы. Соны көздеп, үйімізді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына кепілге қойып, 25 миллион теңге несие алдық. Аллаға шүкір қазіргі таңда бизнесіміз жүріп жатыр. Қытай, Түркия еліне қарағанда халық өзіміздің өнімді көбірек алады екен ,– деді Нұркен Өтегенов.
Кейіпкеріміз кәсібін қалай жүргізгенін және тұтынушыларды қалай іздегенін баяндап берді.
–Алғашқы да арнайы жұмыс киімдерін тігіп, сатылымға шығардық. Өкінішке орай, тұтынушыларды қызықтыра алмадық. Соны байқаған туған інім балалар киімін сатуды ұсынды. Себебі, өзінің Шымкент қаласында балалар киімін сататын үш дүкені бар еді. «Сендер тігіп беріңдер, мен сатамын» деген соң әйелім екеуміз ойланып қалдық. Қазақстандағы статистикаға қарасақ, шамамен жылына 400-450 мың сәби дүниеге келеді екен. Демек, сауда жағы да жақсы болады деп ойлап, осы кәсіпті қолға алдық. Ұялы телефонымды қолға алып, «2гис» бағдарламасы арқылы Шымкентте балалар киімін сататын 272 дүкен бар екенін анықтап, барлығының нөмерін, мекенжайын дәптерге жазып, біртіндеп аралап шығып, қожайындарымен таныстық. Өзіміздің тіккен киімдерді көрсетіп, оны ұсындым. Көзбе-көз сөйлескен соң, маған сенім артып, тапсырыс бере бастады. Осылай жүргенде Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматы, Астанадан да тапсырыс түсті. Сатып алушылар көбейген соң, қазіргі таңда көтерме бағамен беріп жатырмыз, – деді кәсіпкер.

530


Осылайша 2020 жылы «Danico» тігін цехының негізі қаланыпты. Екі тігіншімен бастаған бұл цехта бүгінде жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, болашақта өзінің бренд дүкенін ашатынында айтып қалды.
–Кәсіп ашып, оны жүргізу біз ойлағандай оңай емес. «Тігін машинасы мен тігіншілер болса болды, жұмыс өзімен-өзі істеле береді» деген қате пікірде болыппыз. Сөйтсек бастық болсақ та, өзімізге артылған міндет жетіп артылады екен. Матаны шетелден алдыртқандықтан – оның түр-түсін, сапасымен қоса оның келуін жіті тексеріп, тұтынушының тапсырысын уақытында жетуін қадағалау, жұмысшылардың айлығын уақытында беру қажет. Одан бөлек, басқа да мәселелер көп. Осындай үлкен цехты отбасыңмен басқарсаң, бәріне үлгеруге болады. Ендігі жоспарда өз өнімімізге бренд қалыптастырып, балалар киімін сататын дүкен ашқымыз келіп отыр. Осы бизнесті бірге алып кететін серіктес іздеп жүрміз, –деді кейіпкеріміз.

531


Кәсіпкеріміздің алғашқы кәсібі болған соң, жұмысын таңның атысымен бастап, күннің батысында аяқтайтыны айпай-ақ белгілі. Күні бойы аяқтан тік тұрып, кей-кездері ұйқыны да ұмытады. Себебі, еңбектің жемісін көру маңызды. Ал табан тіреп, істеген ісіңіздің басқалардан қандай артықшылығы бар деген сауалымызды қойдық?
–Біз Қытай, Түркияға қарағанда қызмет жағынан ұтып тұрмыз. Оларға тапсырыс берген кәсіп иесі екі апта көлемінде күтуге тура келеді. Егер тапсырыс беруші біздің өнімді алатын болса, бір сағатта жеткізіп береміз. Сол уақытта оларда өз тұтынушыларын ұстап қала алады. Бұл Шымкент қаласы бойынша, ал Қазақстанның түкпір-түкпіріне 3 күнде жетеді. Сол жағы бізге ұтымды. Сапа жағын алып қарасақ, Түркия өнімінен артық деп айтпасақта кем емес, – деді ол.
Түйін. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» демекші мақаладағы кейіпкеріміз сияқты әр адам жігерін жинап, ешнәрседен қорықпайтын болса, осыдай үлкен кәсіптің иесі атануы әбден мүмкін. Кей адамдар өзіне ұнамды кәсіпті таба алмай, уақытын жоғалтып алады. Мұндайда халықтың «көз қорқақ, қол батыр» мақалы жақсы мысал. Сонда ғана еңбектің жемісін көре аласыздар.