Шыңғыс ҚОЗБАХОВ: «Қарыздан құтылуға асық...»

Пятница, 02 Февраль 2018 05:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10201 раз

Елбасы биылғы Жолдауында банк секторын «қайта жаңғыртуға» назар аударды. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде өмірімізге түрлі технологиялар еніп жатыр. Алда банк секторында да өзгерістер болмақ: шамамен 5-10 жылда барлық төлемдер онлайн жүйеге көшеді. Телефон арқылы несиеңізді төлеп, басқа да есеп-айырысулар оңайламақ. Түптеп келгенде келешекте банктерге филиалдың қажеті болмайды. Өйткені, барлық ақпарат бір алаңға шоғырланады. Рас, қоғамның барлық саласын цифрландыру – уақыт талабы. Осы орайда «Zoloto» микро-қаржы ұйымының директоры, қалалық мәслихат депутаты Шыңғыс Қозбахов елдегі бүгінгі қаржы секторындағы ахуал төңірегінде бізге біраз жайтты әңгімелеп берді.

shyngys

«Барлық төлемдер  онлайн жүйеге көшеді»

– Шыңғыс Лесбайұлы, Елбасы биылғы Жолдауда «Ұлттық банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс», «Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді» деп, нақты тапсырмаларды атап өтті. Әңгімемізді Жолдаудағы негізгі басымдықтардан бастасақ. Банк секторын «қайта жаңғырту» деп атаудың мәні неде? 

– Жалпы, бұл салада да қордаланған мәселе көп. Мысалы, осыдан 10-12 жыл бұрын халықтың қаржылық сауаты аздау болды. Қазір жағдай басқаша. Жылдан жылға өздерінің білімін арттырып келеді. Әр азамат өзінің несие "тарихын" дұрыстауға көңіл бөле бастады. Банктен қарыз алып, оны төлемей созып жүрген азаматтарға қазір талап күшеюде. 

Одан кейін екінші деңгейдегі барлық банктердегі несиемізді толығымен талдау қажет. 2009 жылғы дағдарыста бірқатар банктер қиындыққа кезіккенін білесіздер. Қарыз жинақталып қалған кезде мәселе шығады. Міне, соның бәріне ревизия жасап, банктер өздерін де, жеке тұлғаларды да қарыздан тазартып, жұмысты қайта бастауы керек. Проблемалық несиелерден арылу қажет. Қайта «жаңғыртудың» негізгі себептерінің бірі осы. 

Елімізде отыздан аса банк бар. Менің ойымша, Ұлттық банк дәл уақытында және қатаң әрекет етсе, қаржы институттарын толық бақылауға ала алады. Оның нәтижесі де айтарлықтай болмақ.

 

– Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды жеделдетіп қабылдау керегі де айтылды...

– Иә, бұл – дұрыс айтылған мәселе. Адам өмір бойы қарыз болып өтпейді ғой. Қателеспейтін адам жоқ. Несие алғаннан кейін әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Қазіргі заң бойынша қарызы барларға шетелге шығуға тыйым салады. Айлығыңның 50 пайызын ұстап отырады. Елде несие алғандар аз емес. Ендігі кезекте «өтей алғанымша өтедім, қалғанын өтей алмадым» деп, өзін банкрот етіп жарияласа, ол өзіне жақсы. Тазаланып алғаны дұрыс шешім. Бұны заң жүзінде істеу керек. Он жылдан астам уақыттан бері келе жатқан несиелер бар. Осының бәрін банк мұқият қарап, өтеуге шамасы келмейтін азаматтарды банкрот деп танысын. Екі жақ та қаржыны жою керек. Оны жинай бергеннен не пайда? Екінші деңгейлі банктер мұны Ұлттық банкпен бірлесе атқарғаны жөн.

Бұл – әлемде бар тәжірибе. Өркениет елдерінде бұрыннан қолданылып жүр. Дегенмен, оның процедурасын дұрыс істеу керек. Негізінен, заң қабылдануы керек. Оны Ұлттық банк, әлде ұлттық экономика министрлігі әзірлейді. 

 

– Бұл саланы цифрландыру жөнінде не айтасыз?

– Жолдауда айтылғандай, ақпараттандыру, индустриаландыру, барлық секторды қамтып отыр. Осыны түсінуіміз керек. Қаржы секторы да ақпараттандыруға бет бұрды. Қазірдің өзінде электронды әмияндармен төлем жасап жүрміз. Меніңше, 5-10 жылда барлық төлемдер онлайн жүйеге көшеді: телефон арқылы несиесін өтеп, коммуналдық төлемдерді де осы жүйемен есептеседі. Оқуын да солай. Яғни, барлық ақпарат бір алаңға шоғырланады. Сол кезде филиалдың қажеті болмайтын секілді. Уақыт үнемделеді.
Жуырда бір БАҚ-тан көрдім, қазірдің өзінде АҚШ-тың Сиэтль қаласында кассирсіз, сатушысыз дүкендер ашылыпты. "Амазон" компаниясы лазерь арқылы есептеу жүйесін енгізген. Біз осындай жағдайға жетеміз.

 

«Ноу-хау жобаларға басымдық берілсе...»

– Инвестициялық ахуалдың жақсаруы – басым бағыттардың бірі. Инвесторлар тартуда не нәрсеге көңіл бөлген жөн? 

 

– Бізде әлеует бар. Бизнеске жағдай жасау жөнінен Қазақстан ТМД елдерінде алдыңғы орында. ТМД бойынша ең төменгі салық бізде. Инвестициялық климатты одан ары қарай жақсартуға мүмкіндік бар. «ЭКСПО» көрмесі абыроймен өтті. Көрменің ғимараты "Астана" қаржы орталығына айналады. Жалпы, инвестициялық климат тек Астана ғана емес, әр облыста, әр қалада дамуы тиіс. Облыстық басқармалар мен қалалық кәсіпкерлік бөлімдер инвесторлар тартуда белсенді жұмыс жүргізетін сәт қазір. Неғұрлым көп инвестор тартқан сайын жұмыс орындары да көптеп ашылады. Корея, Жапония, т.б., елдердің ұсынар ноу-хау жобалары жоқ емес.
Таяуда «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының кезектен тыс XXXIII конференциясында облыс әкімі де мұны баса айтып өтті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен бірге сүт фермасын аралағанын білесіздер. Сол жерде екі жүз сиырға екі адам ғана жұмыс істейді екен. Ол оңайлықпен іске асқан жоқ. Міне, осындай кәсіпорындарды қолға алу үшін де климат дұрыс болуы керек. Қызықтылығымен ерекшеленсе деймін.

– Рас, қазір кәсіпкерлердің талпынысы жақсы. Дегенмен, халықтың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде? Өз құқықтарын біле ме? Мәселен, азаматтардың банк карточкаларынан ақшалары жоғалған жағдайлар да баспасөзде айтылды... 

– Жалпы, жастарымыз сауатты. Интернетте барлық мәліметтер бар. Менің жасым – 33-те. Бәрін білеміз ғой (күліп). Жастар несие алуды, оны төлемесе не болатынына дейін біледі. Болашақ солардың қолында. Олардың білгені өте жақсы. Ауылдық жердегі зейнетке шықпаған егде кісілер бар. Бар гәп осында. Қазір Үкімет порталынан барлық құжаттарды алуға мүмкіндік бар. Ал ауылдық жердегі кісілер оның бәрін білмейді. Тек ХҚКО-ға барып, кезекте тұрады көбісі. Меніңше, ол кісілерге аудандардағы банктің менеджерлері ақпараттандырып, түсіндіргені дұрыс. 

Бүгінде ЖОО-ның барлық факультеттерінің студенттеріне қаржыны үнемдеу, депозит, акция, облигациялар жөнінде семинар-тренингтер жиі өткізілсе құба-құп. Талдауды үйрену керек. Қазір латын әліпбиіне өтіп жатырмыз. Келешекте оның қажеттілігі арта түспек. Кез келген қазақ азаматы «Фейсбук», «Гугл», «Алибаба» секілді әлемдік алпауыт компаниялардың акционері бола алады ғой. Кішкентай үлескер болса да. Биржаға қатысуды үйренсін. Сонда ғана банк секторына деген қызығушылық артар еді.

Ал банк карточкаларынан ақшалардың жоғалуына бірнеше жағдай себеп болуы мүмкін. Бәрімізде карточка бар. Бірінші айтарым - әр адамға өзіне ықтият бол дегім келеді. Интернет – дамыған заман. "Уатсап", "Инстаграм" желілерінен түрлі хабарламалар келуі мүмкін. Біреуін алсаң, екіншісі тегін деген сияқты. Білместікпен сол жаққа ақша аударым жасаған шығар. Міне, алаяқтар осындай жағдайда өз әрекеттерін іске асыруға тырысады. Карточкалардың қауіпсіз сақталуына мән берген жөн. Өз-өзіңе ықтият болсаң, алаяққа алданбайсың.

Тағы бір мәселе – алаяқтар банктің операциялық жүйелеріне кіріп, қаражатты жымқырса, оған банк жауапты. Қауіпсіздігін сақтауы тиіс қой?!

 

«Басты мақсатымыз – цифрландыруға өту»

– Қазір «криптовалюта» деген термин шықты. Бұл халықаралық төлем түрінің болашағы қалай болмақ? 

– Негізінен, ақша аударымдары, төлем жүйесі ретінде оның болашағы бар екенін айтайын. Оны келешектегі төлем жүйесі ретінде қарастыруға болар. Беларуссия оған рұқсат берді. Ал Қытай тыйым салды.

Рас, көлігін, үйін криптовалютаға сатамын дейтіндер шығуда. Қалай сатады? Заң бойынша бағасы жазылуы керек емес пе?! Миллион теңгеге алды делік. Оның мүлік салығын төлеу керек. Криптовалюта осы жағынан заңсыз. Бұл мәселе бойынша заң қабылданып, бір ортақ шешімге келу керек сияқты. Қаржы пирамидалары сияқты алаяқтыққа апармауы тиіс. 

Қазірдің өзінде АҚШ-та осындай валютамен қонақүй, ұшақтарға төлем жасалып жатыр. Мен сол елге барған сапарымда өзім куә болдым. 

Кез келген жаңа нәрсенің жанында алаяқтар пайда болатынын да ұмытпауымыз керек. Осындай жаңа нәрсенің арқасында біреу пайда тапқысы келеді. Криптовалютаның түрлері де көп. Төрт бағдарламашы отырып, бір ақшаны шығара салады. Ол қалай жасалды? Төлем ретінде қалай жүріп жатыр? Жалпы, интернетпен, ақпараттандырумен байланысы бар дүниенің келешегі бар.

 

– Өзіңіз басқаратын микро-қаржылық ұйымның қазіргі даму барысы қалай? 

– Бәрін қорытындылай келе маркетингтік сатуда екі позиция бар: офлайн немесе онлайн. Біз офлайн түрінде тек қана Шымкентте жұмыс істейміз. Кеңсеміз осында. Қаржы беріп жатырмыз. Күнделікті адамға қажетті мәселелер бойынша. Біздің де басты мақсатымыз – цифрландыруға өту. Қазір онлайн-банкинг жүйесінің жобасын қарастырып жатырмыз. Шымкентте отырып, бүкіл елдегі халыққа несие беретін жағдайға жетуіміз керек. Бұл жобамызды шілде айында бітіріп қалармыз.

Мекеменің ашылғанына 2,5 жыл болды. Жоспарлар бар. Бір орнында отырған жоқпыз. Микроқаржы ұйымдарға арналған түрлі бағдарламалар да жетерлік. Көштен қалмай, алға қадам баса беру – мақсатымыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.