Бейнелеу өнеріне бейімі бала күнінен байқалған Әбілхан Қастеев туындылары халыққа жақындығымен ғана емес, қылқаламынан туындаған әр еңбектің шынайылығымен ерекшеленген әрі жүрегіне жете білген. Әсіресе, автопотрет жанрындағы еңбектерінде кейіпкердің өмірдегі бейнесін дәлме-дәл кескіндеп қана қоймай, болмысын аша білген. Суретші Амангелді Имановтың автопортретін шынайы бейнелегені үшін «Халық суретшісі» атанған.
– Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойын жас суретшілермен өткізуді жөн көрдік. Кітапхана мамандары студенттер мен оқушыларға суретшінің қылқаламынан туған шығармаларын таныстырды. Қазақ даласының дархан, жазиралы көрінісін Әбілхан Қастеевтің еңбегінен көре аламыз. Суретшінің әрбір еңбегі – қазақ көркемсурет өнерінің асыл мұрасы, – деді А.Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасы өнер секторының меңгерушісі Гаухар Медеуова.
Шығармашылық кеште Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері де өз өнерлерін көрсетті. Ә.Қастеев өмірі жайлы көрініс сахналады. Кеш соңында кітапхана мамандары кешке белсенді атсалысқан колледж оқытушылары мен студенттеріне алғыс хат табыстады.