Бұл өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Адамның арқа, іш, аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі сергектік сыйлайды. Буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартуға септігін тигізеді. Мамандар бишілік өнер адамға мол энергия мен мықты қуат береді деп есептейді. Осындай таңғажайып өнермен 80 жылға жуық уақыт айналысып, Шымкент қаласының ғана емес, еліміздің мәдениетінің дамуына зор үлесін қосып жүрген «Айгөлек» би ансамблі – Шымкенттегі оқушылар сарайының құрамында құрылған республикамыздың ең байырғы шығармашылық ұжымдарының бірі. Бүгінде мұнда 150-ден аса бала би өнерімен шұғылданады. Қаламыздағы белді ансамбль ұжымымен біз де жақынырақ танысуды жөн көрдік.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райхан Каланова (суретте) осы уақытқа дейін қаланың мәдени іс-шаралары «Айгөлексіз» өтпейді дейді.
–«Айгөлек» балалар хореографиялық ансамблі 1946 жылы құрылған. Негізін А.Л. Цандекова қалаған. Мен өзім 1975 жылдан бастап ансамбльдің көркемдік жетекшісі және балетмейстері болып жұмыс істеп келеміе. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан) мен Шымкент қаласының бірде-бір мәдени, бұқаралық іс-шарасы «Айгөлек» балалар хореографиялық ансамблінің қатысуынсыз өткен жоқ. Қазіргі уақытта ансамбльде 3 жастан 17 жасқа дейінгі 150-ден астам бала бимен айналысады. Жас шамасына қарай әр топтың жеке сабақ кестесі бар. Мұнда өте талантты, кәсіби екі педагог-хореограф Елена Голобокова және Айгерім Садықова бері жұмыс істейді. Балалар классикалық би, халық биі, эстрадалық би бойынша тәлім алады. Ансамбльдің педагогтері мен қатысушылары семинар, марафондар, шеберлік-курстарда шеберліктерін шыңдап отырады. Сондай-ақ жаңашыл, жеке тұлғаны дамытуға әрдайым атсалысады.
Педагогтердің биге деген сүйіспеншілігі мен құштарлығы сахнадағы балалардың әр қимылынан байқалады, олар өз қойылымдарымен көрермендердің жүректерін қозғайды. Біз қатысқан фестиваль мен байқаулардың қазылар алқасы жас бишілердің әртістігі мен жоғары кәсібилігіне жоғары бағасын беріп, ұлттың хореографиялық өнерін насихаттау мен дамытуға педагогтердің қосқан үлесін үнемі ерекше атап өтеді. «Айгөлек» ансамблінің қалыптасқан өз дәстүрі бар. Жыл сайын түлектерді шығарып салу, жаңа жылдық ертеңгіліктер, есептік концерттер өткіземіз. Ансамбль түлектері Қазақстан Республикасында белгіленген үлгідегі ресми сертификат алады. Түлектеріміз Отанымыздың әр түкпірінде, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерде хореограф, балетмейстер, шығармашылық қызметтерде жұмыс істейді, – деді Райхан Мұртазақызы.
Осы уақыт арадығында ансамбль ұжымының жеткен жетістіктері мен белестері көп. Жыл сайын талапты өнерпаздар халықаралық фестивальдерде топ жарып, жүлдегер атанып жүр.
– Ерте көктемде жарыса шыққан жауқазындай түрленіп, келбеті келіскен бишілер сахнаға шыға келгенде кеудеңді ерекше бір мақтаныш сезімі кернейді. Жарық дүниеге қазақ болып келгенің үшін, бар әсемдік пен иба-әдепті бойыңа өргенің үшін өзіңді бақытты сезінесің! Би өнерге ғана емес, ізгі адами қасиеттерге де баулиды. «Айгөлектіктер» бір үйдің балаларындай бір бірімен тату-тәтті тұрады. Би өнерінің арқасында олар төрткүл дүниені шарлап, әр ұлттың озық өнерімен танысады. Бойына түйгені көбейіп, білімі толығып, рухани тереңдей түседі. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі оянып, оның абыройын асқақтатуға деген намыс оты жігерін жаниды. Осы күнге дейінгі жетістіктерімізді айтатын болсам кітап жазуға болады. Дегенмен, маңыздыларымен бөлісе кетейін. 2005 жылы – Франция халықаралық фестивалінің жүлдегері, 2006 жылы – Түркия халықаралық фестивалінің, 2007 жылы – Франция-Германия-Мәскеу «Хрустальді Лира», 2008 жылы – Италия, «la corona de Enfeo», 2009 жылы – Түркия «Insuyu», Астана «Шаттық», 2010 жылы - Италия «GEF», Қызылорда қаласында өткен «Ботақан» республикалық фестивалі, 2011 жыл – Польша «Артистическое лето в замке», 2012 жылы – Түркия (Бодрум), «Bodrum kayamakamligi», 2013 жыл-Ирландия-Ұлыбритания «Damshafest», 2014 жылы – Польша-Вена-Германия-Мәскеу «Көркем жаз», 2015 жылы – Финляндия-Норвегия-Швеция «Inspiration 2015», 2016 жылы – Франция-Испания «Musica del Lloret de Mar», 2017 жылы – Македония-Италия «Star Flowers 2017», «X Dans»,2018 жылы – Қырым, «Қырым 2018», 2019 жылы – Черногория «Montenegro Fest», 2022 жылы – Түркия «Күн үйі», Астана «Italian grand Festival» жарыстарында жүлделі орындармен оралды, – деді Р.Қаланова.
«Өнерде – шекара жоқ» демекші, бұл өнер ел мен ел арасындағы достықты нығайтуға зор септігін тигізеді. «Айгөлек» би ансамбілінің жетекшісі Айгерім Садыкова шет елде би өнерін көрермен ерекше ықыласпен қабылдайтынын айтады.
–2014 жылы Германияға барған сапарда көрермен қауым «Түркістан» биін ерекше ықаласпен қабылдады. Би біте салысымен тамсанған көпшілік қошеметтей жөнелді. Өзге елдің қазақ өнеріне деген қошеметі төбемізді көкке жеткізді. Сахнадан шыға салысымен, әсем зерделенген ұлттық киімдерімізге қызығушылықпен қарап, қолдарымен ұстап көріп, таңдай қағысты. «Айгөлектіктермен» суретке түсуге ұзын-сонар кезекке тұрды, – дейді ол.
Ал, би жетекшісі Елена Голобокованың қазақ өнерін дәріптеп, насихаттап жүргені көңіл қуантарлық. Ол өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын тілге тиек етті.
– Би өнері – менің бар өмірім! Қазақ өнерін танытуға барымды салып келемін. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Райхан Мұртазақызына айтар алғысым шексіз. Ол кісіден үйренгенім өте көп. Балаға деген мейірбандылық, жұмысқа деген жауапкершілік, өнерге деген құрмет, адамзат баласына деген қамқорлық қасиеттерін бойыма терең сіңірдім, –дейді А.Голобокова.
«Айгөлек» би ансамблі көк байрағымыздағы қыран құс сынды қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын репертуар қоржынын толықтырып, өз өнерлерімен жұртшылықты қуантып келеді. Би өнері – эстетикалық құрал. Би арқылы түрлі ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктері, іс-қимылдары көрініп тұруы қажет. Оның дамуында шек жоқ. Сезім мен ой тереңдігін, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін «Айгөлек» би ансамблінің алар асуы зор, ұрпаққа берері де мол. Себебі ұлттық би өнері жас баланың бойына өз ұлтының төл мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады. Осындай игі қасиеттерді бойға сіңірген тұлға өз елінің ғана патриоты емес, өзге елдің де қазынасын құрметтей алатын әрі өркениеттің көшіне ілесе алатыны сөзсіз. «Айгөлек» би ансамблі әлі талай көрермен жүрегін жаулап, жаңа шығармашылық биіктерге жетері анық!
Гүлнұр БАЛАБАСОВА