Медиация күні қарсаңында Қаратау аудандық сотының мәжіліс залында «Дауды медиация жолымен шешу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіби емес медиаторлар қатысты.
Сот төрағасы Ермахан Рахманберді өз сөзінде: «Кәсіпқой емес медиаторға қойылатын талап та аз, тіркелу тәртібі де жеңілдетілген. Сондықтан, заңға кәсіпқой емес медиаторлардың қатысуымен даулар мен жанжалдарды шешу туралы қосымша ережені енгізу қажет. Бұл қоғамда беделді және құрметке бөленген азаматтардың қалың жігін, жанжалдарды соттан тыс реттеуге мүмкіндік береді» – деді.
Бұдан басқа, сот төрағасы кәсіби емес медиаторлар кабинетінің ашылуындағы тиімді тұстарын атап, медиация кабинеттерінің жұмыс нәтижесіне тоқталды. Жыл басынан бері аудандық сотта 67 іс медиатордың қатысуымен аяқталып, өндіріспен қысқартылған. Дөңгелек үстелде кәсіби емес медиаторлар даулы мәселені медиация арқылы реттеудің тиімділігін атап өтті.
Шараны қорытындылаған сот төрағасы Е. Рахманберді медиация институтының қазақ тарихында болған билер соты институтына ұқсастығын айтып, қазақ даласындағы құқықтық нормаларды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен реттеген билер беделінің үстем болғанына жеткізді.