Бақытжан ӘШІРБАЕВ: «Елбасы ұтымды ұсыныстарды ғана қолдайды» Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2943 раз

– Елбасымызды алғаш рет Алматыда көрдім, – деп бастады әңгімесін зейнет жасындағы белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбаев. Қырау шалған қайратты шашын қолымен бір қайырды да үлкен экрандағы ескі суретке қарап, өткенге ойша оралғандай біршама үнсіз отырды. Суреттегі белсенді әрі жас қызметкерлерге қарап басын изеді де, дәл ортада тұрған Нұрсұлтан Әбішұлына қарап жымиды.

DSC 5892

– Біздің ел әлі егемендігін алмаған жылдар ғой бұл. Алматы қаласы. Сәулетшілер Одағы мен дизайнерлер одағының кеңсесінде әдеттегідей таңғы шайымызды ішіп, сол күнгі жұмысты жоспарлап отырғанбыз. Нұрсұлтан Әбішұлы,
Нұртай Әбіқаев және тағы бірқатар белгілі азаматтар күтпеген жерден кіріп келді. Кеңес үкіметінің дәурені болғанымен, Н.Назарбаевтың үкімет басшысындай ықпалы бар болатын. Одақтың мұражайын тамашалап, әр сәулетшінің, дизайнердің шеберханасын аралап, емен-жарқын әңгімелесіп жүргенімізде 3 сағат уақыт өте шығыпты. Сол 3 сағатта біз де Нұрсұлтан Әбішұлын жақын танып, парасат биігінен көрдік. Кейін өзіміз танып-білген, дидарласып сұхбаттасқан, мақсат-мүддесі айқын қазақ жігітін Президенттік қызметтен көргенде төбеміз көкке жетті.
Осылайша Қазақстан халқы елдің тұңғыш Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Егемен елдің сәулетшілері қатарында Бақытжан Әшірбаев та бұл жаңалыққа қуанғанын айтады. Қазақ сәулетшілеріне сонау бір кездегі кездесуде айтылған жобалар арманнан мақсатқа айналатын күн туды.
– Халық көбіне Елбасыны «қала салды» деп мадақтап жатады ғой. Мемлекет басшысы Астананы салып қана қойған жоқ. Ол жақтың климатын да өзгертті. Жазық далада бой көтерген Астана қаласы сәбимен тең. Оны Елбасы баласындай мәпелеп, жел тимесін деп бар жағдайды жасап бағуда. 78 мың гектар жерде қала салынса, тағы 80 мың гектар жерге қаланы айналдыра қоршап ағаш егілді. Яғни, жер көлемі қала аумағымен бірдей жерде көгалдандыру жұмыстарын қолға алды, – деген Бақытжан аға жұмыс үстеліндегі суреттерді ақтара бастады.
Іздегенін тапса керек, Шымкент қаласының картасына ұқсас суретті көрсетіп, «Бұл – Шымқаланың бұдан 10-15 жыл бұрынғы бас жоспары» деді.
Елбасының авторлық жобасы сәтті шығып, қазір Астана қаласының тұрғындары миллионнан асты. Сәулетшінің айтуынша, дәл осы жобаны Қазақстанның ең ыстық нүктесі Шымкентте де жүзеге асыруға болады.
– Жазда күннің қызуы +40 градустан асқанын айтып, аптап ыстыққа шыдай алмай, салқын жер іздеп кететініміз жасырын емес, – деген сәулетші сөзімен келіспеске уәж жоқ.
Б.Әшірбаев осы мәселені Елбасы бастаған әдіспен шешуге болатынын айтты.
– Қазір Шымкент дербес қала болды. Мегаполис алдағы уақытта жан-жақты дамып, тіпті, агробизнесті де жоғары деңгейде дамытып, егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін алуда өзін-өзі қамтуы тиіс. Осы орайда Астанадағыдай көгалдандыру жұмыстарын Шымкентте де қолға алу қажет. Оны міндетті түрде бюджет есебінен қаржыландыру шарт емес. Кәсіпкерлерге қала аумағына қарасты бос жатқан жердің барлығын бірнеше жылға жалға берсе, олар өз қаржысына суды да әкеледі. Жерді де өңдеп алады. Есесіне шаһарды айналдыра егілген ағаштар, гүл бақтары мен бау-бақша ауа райына әсер етеді. Одан бөлек экологияны жақсартады, – дейді Б.Әшірбаев.
Жалпы, мұндай жоба шымкенттіктер тосырқайтын жаңалық емес. Бірнеше жылдар бұрын қазіргі Тельман елдімекенінің орны үлкен егін алқабы болғаны баршаға аян. Ал
Мемлекет басшысының тәжірибесімен қаланы айналдыра жасыл желекке орап, экологиялық-климаттық мәселені қолға алу, егін шаруашылығын жандандыру – табылған ақыл.
Сәулетші мұрағатындағы суреттердің арасынан көзге түскен тағы бірі Қонаев даңғылының жобасын таныстыру кезінде түсірілгені еді. 2000 жылдарға дейін бұл маң кішкентай ғана бір көшесі бар бос жатқан дала еді. Бақытжан ағадан сол жобаны Елбасымыз қалай мақұлдағаны туралы сұрадым.

IMG-20140307-WA0003

– Д.Қонаев гүлзарының жобасын таныстырғанда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «Қаланың тірек болатын орталық көшесін дәл тауыпсыңдар» деп ризашылығын білдірді. Елбасы қолдауынан кейін жобамыз тез жүзеге асты. Айтқандай-ақ, Қонаев гүлзары әлі күнге дейін қаланың маңызы зор көшесі, тіпті орталық даңғылына айналды десек те болады. Жалпы, біздің Президентіміз өте көреген кісі. Байқасаңыз, қай жоспардың, қандай жобаның жемісті, таңдаулы екенін дәл біледі және тек ұтымды ұсыныстарды ғана қолдайды. Нұрсәт шағынауданын, әкімшілік-іскерлік орталығын салуды жоспарлаған кезде де біз Н.Назарбаевтың тікелей қолдауына ие болғанымызды мақтанышпен еске аламын. Есіңізге түсіріп көріңізші, біздің Нұрсәт, яғни бүтін бір шағынауданның көпқабатты тұрғын үйлері салынып жатқанда басқа қай облыс-қалаларда ондай құрылыс жүрді? Жаппай бір шағынауданды қамтитын тұрғын үйлер кешені тек Шымкентте салынды, ал сол жылдары басқа қалаларда санаулы ғана көпқабатты үйлердің құрылысы жүрді, – деді сәулетші.
Бәлкім, тұңғыш Президентіміздің «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» дейтіні де сондықтан болар. Сәулетшінің әр суреті бір хикая. Әр хикаяны тыңдап отырып, Елбасыны жаңа қырынан танисың.
– Жақында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты. Оқыдыңыз ба? – деп сұрады Бақытжан аға. Басымды изедім. – Қандай керемет дүниелер жазылған, иә? Егіншілік – қазақ даласында сонау ерте заманнан бастау алған шаруа. Ұлы дала халқы жылқы ұстап, оны бүкіл тыныс-тіршілігімен байланыстырғандықтан, өмір сүрудің осы салты біздің генімізге сіңіп кеткен. «Ген» деген сөзді қазақтың «қан» дегеніне ұқсатамын. Біздің қанымыз сол қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан ажырамайды. Дәл сол таза ауаны, табиғатты, қымыз бен қазы-қарта, жал-жаяны аңсап тұрады.
Шынында да біз төрт түліктің етінен басқаны ас деп білмейміз. Бұл ген мен қан арқылы ұрпақтан ұрпаққа берілген түйсік емей не? Етсіз асты «жүрек жалғау» деп санаймыз. Ойымды белгілі сәулетші тағы да бір тақырыппен байланыстырып әкетті.
– «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деген осы, біз өз қанымызды танып-білуіміз қажет. Сол өмір сүру салтынан алыстамаймыз, сондықтан өндіріс пен ішкі туризмді дәл осы бағытта дамытуымыз керек. Әлгінде айтқандай қаланың сыртын айналдыра бау-бақша егіп, жылқы байлап, саумал сауып, қымыз ашытуды брендке айналдыруға болады. Бұл ішкі туризмді ғана дамытып қоймай, сырттағы саяхатшының да қызығушылығын оятары анық. Себебі, Шымкент ерте заманнан-ақ «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан саятшының бір тынығып алатын көне шаһары болған. Біз Шымкенттің еліміздің республикалық маңызы бар үшінші қаласы ғана емес, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін жалғайтын әлемдік маңызы бар қала екенін де ұмытпауымыз керек. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мақалаларында айтқан Ұлы даланың жеті қырын қайта жаңғыртсақ, ол ең әуелі біздің мегаполиске орасан пайда әкеледі, – деп түйіндеді сөзін Бақытжан Әшірбаев.
Сәулетші әңгімесіне негіз болған тақырыптың барлығына жоба жасап, оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа таныстырған сәттерден естелік суреттер де аз емес екен. Ел үшін еңбек ететін арда азаматтардың кеңседен тыс жүріп те емен-жарқын сұхбаттасып, қазақ даласын дамытуға бағытталған күш-жігеріне риза боласың.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.