Ертай Бекқұл: «Қаламы ұшқыр журналисті біліксіз редактордан биік қоямын»

Пятница, 30 Июнь 2017 10:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5689 раз

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып зейнеткерлік жасқа жеткен кәнігі журналист, ҚР «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерінің иегері Ертай Бижігітұлына өзі 40 жылдан бері «нанын жеп» келе жатқан мамандығына байланысты үш сауал қойған едік.

ertai-bekqul-50

– Ертай аға, қазіргі қазақ журналистикасына не жетіспейді?
– Мен секілді журналистикада самайы ағарған адамдарға өте қиындау сұрақ екен. Жетіспейтін нәрселер өте көп. Дәл қазір журналистика өз бағытынан жаңылғандай көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі барлық салалар дағдарысты күйге түсті. Сол дағдарыстан шығудың жолын іздеп, әркім әртүрлі соқпақ іздеп, жанталасты. Ақпарат тарату саласында да сондай жағдай туындап, үлкен бәсекелестік қалыптасты. Бұрын радио жедел ақпарат таратушы күш еді, ал теледидар кейіннен шықты. Одан кейін баспасөз нөпірі қосылды. Қазір интернет-журналистиканың жұлдызы жанған шақ. Елбасының «Кітапты қолға алып оқығанға жетпейді» деген жақсы бір сөзі бар ғой. Сол сияқты газетті де қолмен ұстап оқығанға не жетсін?! Газетте редакцияға келген бір ғана хаттың өзі тілші, бөлім меңгерушісі, кезекші журналист, корректор, редактордың орынбасары, бас редактор іспетті он шақты адамның сүзгісінен өтеді. Нәтижесінде негізгі ойы сақталып, олпы-солпы жазбаның өзі жұп-жұмыр дүниеге айналып шыға келеді. Ал әлеуметтік желі деген бүгінде кез келген адамның қолжетімді меншігіне айналды. Оған кім болса, сол ойына келгенін жаза салады. Жақсы ниетпен жазылған, көкейге қонымды немесе санаңа сәуле түсіретін жазбаларды әрине құптаймыз. Бірақ кейбір қараниеттілер біреудің аяғынан шалу, дөкейдің тапсырысын орындау, бәле жабу мақсатында оңды-солды сілтей беретіні бар емес пе? Арасында бейәдеп сөздер де өріп жүреді. Оны ересектер, сіз бен біздер түсінгенімізбен, мектеп жасындағы оқушылар ұқпайды ғой. Олар мұны «дұрыс екен», «осылай жазсақ бола береді екен» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда келтіретін мысал жетіп артылады. Мәселен, атышулы Баян Есентаеваның күйеуімен «күресін» әлеуметтік желіде жарыса жазып жатты. Сондағы мәтіндерді оқуға адам ұялады. Ішінде «сайқал» деген сөз де жүр. Болмаса «күйеуінен ажырасты», «төбелесіп қалды» деген нәрселер жас буынға кері әсер етпей ме?! Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртасқа қатысты салыстыруын интернет сайттары іліп әкетіп, сенсация жасағысы келді. Алып қашпа сөздердің шектен шыққаны сондай, ел алақанында ұстап жүрген апамызды «алжыған қақпас» деп жазды. Осының бәріне кім кінәлі?! Интернет журналистерінің түймедейді түйедей етіп көрсеткісі келетіні кінәлі. Өздерінше уақытша жалған абырой жинайды. Бұл – үлкен идеологиялық қатер. Тіл тазалығы сақталмайды. Біз әлеуметтік желі арқылы өз тілімізді өзіміз кескілеп жатырмыз. Басқасы мейлі, қаламға иек артқан кейбір жастардың өзі сөздің қадірі мен ойдың тұнығын тұшына алмайтынына күйінесің. Мұның бәрі қазіргі біздің сала кадрларының көпшілігінің шала сауаттылығынан орын алуда. Оқуды жеңіл-желпі бітіре салады. Газетке келген соң да он жылға дейін «жас журналист» болып жүретіндер де бар. Сонда ол қашан өз кәсібіне біліктілік танытпақ? Қазір бас редактордың немесе одан төменгілердің тапсырмасын ғана орындап, робот сияқты жұмыс істейтіндер көбейген. Ал журналист өзі ізденімпаз, түнде ұйқысынан ұшып тұрып жаза беретін, өзіндік идеясы, ойы, «осы тақырыпты қозғаймын» деген ұсынысы болуы керек. Дәл қазіргі жағдайда ондай жастарды көре алмай келеміз. Олар өзін шығармашылық ұжымда емес, «бүгін – 1000, ертең – 2000 кірпіш қалайсың» дейтін жоспармен жұмыс істейтін құрылыста жүргендей сезінеді.
Өз басым қаламы ұшқыр журналисті біліксіз бас редактордан жоғары қоямын. Себебі ол – өз мамандығына берілген, ізденімпаз адам. Ол сонысымен қоғамға пайдалы. Ал таңертең жұмысқа келіп, кешкі 6.00-ге дейін уақытты құр өткізетін журналист-сымақтан пайда жоқ. Қысқасы, жас журналистерге ізденіс жетіспейді.
Сосын қазір журналистер жанр бойынша ізденбейді. Мақала мен очерк, болмаса суреттеме, фельетон қалай жазылатынын бізге талдап оқытқан. Қазір қалай көрді немесе диктофонға қалай сөйледі, сол қалпында қағазға түсіре салады. Кейіпкердің ойын жүйелеу, сөзін өңдеу дегенді білмейді. Мақаланың дені біріне-бірі ұқсас есеп. Оқырманды газетке қызықтыру үшін бізге жаңа жүйе, тың тақырыптар керек.
Бүгінгі буын ренжімесін, бірақ әділін айтсам, қазіргі газеттерді 1970-90-жылдардағы газеттермен салыстырсаңыз, оқылымдық деңгейі әлдеқайда төмен. Газетте оқитын дүние тапшы. Сала-құлаш, цифры самсаған көлдей мақаланы ешкім оқымайды. Қазіргі баспасөзге мораль тақырыбындағы мақалалар жетіспейді. Бұл өлмейтін, мәңгілік тақырып. «Қазір бізде мораль қалды ма?» деп те кейде ойланып қаламын.
Қазір газеттерді ашып қарасаң, күнделікті сөзуар жиналыстардың есебінен көз сүрінеді. Оны көкжәшік жаңалықтарынан онсыз да көрсетеді. Сондықтан баспасөзде маңызы бар мазмұнды материалдарды көбейту қажет.

– Аға, журналистикаға адалдық пен тазалық туралы сөз қозғап қалдыңыз, ал бүгінгі журналистикадағы жолбикелер жайлы не айтар едіңіз?
– Қазір мемлекеттік және тәуелсіз БАҚ деп бөлуден қалдық. Мемлекетке екеуі де бірдей, өйткені тең дәрежеде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей алады. Ал жолбике деген сол тәуелсіз газеттерді басқарып отырған кейбір директорлар мен бас редакторларға және соның қарамағындағыларға қатысты айтылуы керек шығар. Әсіресе, біздің Шымкентте ондай газеттер жетіп артылады. Газет ашып алу оп-оңай болып қалды. Астанаға бармай, үйде отырып-ақ интернет арқылы қажеті құжатын рәсімдеп, газет ашуға болады. Жолбике деп отырғанымыз – жеке мақсатқа пайдалану үшін, оны күнкөріс көзіне айналдыру үшін түрлі жолдармен БАҚ ашқандар. Газетке жазылуға байланысты 5 ауданды араладым. Барлық жерде аудан әкімдерінен: «Қазір не көп, газет көп. Оның ішінде «анандай газеттер» бізге адым аштырмайды, жұмыс істетпейді», – деген шағымын естідім. Аудандағы титімтей кемшілікті шырт етіп суретке түсіріп «Ауданда осындай кемшілік орын алуда, әкім қайда қарап отыр?!» деп айқайлатып тақырып қойып, газетке басады. Сөйтіп, оны аудан әкімінің қабылдау бөлмесіне тастап кетеді. Жолбикелердің осылайша шенеуніктер мен кәсіпкерлерді бопсалау арқылы журналистиканы абырой-беделден жұрдай еткеніне жаның ауырады. Олардың ең қауіпті тұсы, өздерін жолбикеміз деп ойламайды. Журналистерден өздерін жоғары қойғысы келеді. Атақ, марапатты солар иемденеді. Жоғарғы жақтың жиналыстарынан, әкім-қаралардың қасынан да солардың төбесін көресіз.
Бұл құбылысты тоқтату оңай нәрсе емес. Негізі мұнымен тиісті орындардың айналысуы керек қой. Осы уақытқа дейін Шымкенттегі жезөкшелер ордасын жаба алмай отырған заң орындары оларға да тыйым сала алмайды. Шынымды айтсам, қазір менің іссапармен ешқайда барғым келмейтін болды. Өйткені, бізді бұрынғыдай құрметпен емес, бейне бір әзірейіл не тілемсек келе жатқандай қабылдайды, «бірнәрсе сұрап келді» деген көзқараспен қарайды және тезірек құтылғанша асығады. «Журналиспін» десең, сені де барған жерде солай қабылдайтындай қысыласың. Бұл дегеніміз – жолда қосылған «жазғыштардың» журналистиканың қадір-қасиетін төмендетуі, тіпті қасиетті қаламның киесін кетіруі деп түсінемін.
Мысалы, бейнелеп айтар болсақ, журналистиканы – үлкен бір бақша делік. Біз, журналистер – бақшаның ішіндегі бағбанбыз. Қазір бұл бақшаның ішінде арам шөптер қаптап кетті, түрліше сайрайтын құстар пайда болды. «Әр заманның құрқылтайы да, сұрқылтайы да болады» демекші, бәлкім, сондайлардың күні туды ма? Бал болған жерде у да болады. Балдың тәттілігін у ішпесең, білмейсің. Бүгінгі журналистиканың балдан гөрі уы басымдау болып тұрған тәрізді...

– Журналистің өмірі тосын оқиғаларға толы болады ғой, аға. Осы саладағы қызықты естелігіңізбен бөліссеңіз.
– КазГУ-дың журналистика факультетінің үшінші курсында оқып жүрген кезде бізді түрлі редакциялардағы тәжірибелі журналистерге бөлді. Мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істейтін белгілі очеркші, майдангер жазушы Жекен Жұмахановқа тап болдым. «Сен қара мақаламен көгермейсің, очерк жаз. Өзім бағыт беремін», – деді Жекең. Содан очерк жазу үшін кейіпкер іздей бастадым. Студенттерге іссапарға жолдама берілмейді. Оның үстіне ауылға барып қайту үшін қаржы керек. Мектепте интернатта бірге оқыған Жұмабай Әбілов деген сыныптасымның Өскенбай деген шопан ағасы бар еді. «Еңбек Қызыл ту» ордендерін алған. Ол маған ағасы жайлы біраз мәліметті айтып берді. Ол кезде кемі 300 жолдан тұратын очерк жазу керек. Ол дегеніміз – алты парақ. Мен түнімен очерктің сюжетін ойша құрастырып шықтым. Сюжет желісі бойынша Өскенбай Әбілов ауданға шопандар тойына баратын болады. Кетерде көрші отардағы Мәнтай атты шопанға: «Екі отар қосылып кетпесін, арасын бір шақырым алшақ ұста» деп тапсырып кетеді. Кешке келсе, екі отар бір-біріне қосылып кеткен. Азан-қазан, у-шу. Сөйтсе, әлгі Мәнтайымыз арақ ішіп, ұйықтап қалған да, отарлар жайына қалған. Сол кезде аттың үстіндегі Өскенбай Мәнтайды сабайды.
– Қоғамның мүлкін көздің қарашығындай сақтаудың орнына сен қалай салғырт қарағансың?!– деп сыбайды-ай келіп. Ол кезде Коммунистік партияның ұстанымы сондай еді ғой. Сөйтіп, Өскенбай шопанды қоғамға жанашыр адам ретінде штрих арқылы көрсеттім.
Содан ол очерк «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетіне «Өскен өңір» деген тақырыппен шықты. Очерк дегенді кейбір кәнігі журналистердің өзі жаза алмайтын. «Үшінші курстың студенті осындай кең көлемді, терең очерк жазды» деп жұлдыз болып шыға келдім. Сөйтіп, демалыста ауылға келдім. Жолда Жұмабайдың ауылы, Мәнтай да сол жерде. Ары қарай біздің ауылға бір автобуспен барамыз. Пойыздан түсіп, автобусқа мінсем, адам толы. Қарсы алдымда очеркте «сабалған Мәнтайдың» өзі тұр. Әдеттегідей аузынан арақ мүңкиді. Мені көрді де, әзірейіл көргендей бас салды.
– Сен қашан көрдің менің арақ ішкенімді?! Оны неге газетке жазасың сен?! – деп менің жағама жармасып, көпшіліктің алдында «масқарамды» шығарды. Бұл оқиға – маған өмірлік сабақ болды. Әлде бір дүние жазғанда кейіпкерлердің ар-намысына тимей, сақ болуды Мәнтай көкемнің сол жазасынан кейін үйрендім. Сондықтан жас журналистерге айтарым, кейіпкерді бейнелегенде, оқиғаны суреттегенде сақ болу керек.
Журналисті біліктілікке алған білімімен қатар өмірдің өзі де осылай тәрбиелейді.

Последнее изменение Пятница, 30 Июнь 2017 11:11
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.