Шымкентте 154 тұрғын полицейлердің көмекшілігіне қабылданды. Бірнеше іріктеуден өткен азаматтар енді қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Облыс прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы аясында жұмыссыз жүрген азаматтар осылайша уақытша жұмыспен қамтылды. Жаңадан құрылған жасақ құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізбек.
Көмекшілер қатарына 18-ден зейнет жасына дейінгі азаматтар тартылған. Оларға арнайы қызметтік киім беріліп, ай сайын 40 мың теңге көлемінде жалақы төленетін болады.
– Бүгінгі таңда 154 азамат алты ай мерзімге жұмысқа тұрып, полицияға көмектесіп жатыр. Жалпы ақпан айының соңына дейін олардың қатарын 200 адамға жеткізу жоспарланған. Полиция көмекшілері тәртіп сақшыларымен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстың алдын алуға атсалысады, – дейді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Талғат Монтаев.
Айта кетерлігі, жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен, заңгерлік жоғары білімі бар көмекшіні болашақта полиция қатарына жұмысқа алу жоспарланып отыр.