«Алаштың Орталық Азиядағы тұлғасы» Избранное

Среда, 01 Июнь 2016 09:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3064 раз

Тарихтың төрінен орын алар Алаш қайраткерлерінің құнды мұраларын ұрпаққа қалдыру маңызды іс. Бүгінгі күнге дейін тұлғалық келбеті ашылмаған, толық зерттелмеген арыстарымыз әлі де болса баршылық. Өткен ғасырдың басында қазақтың жоқтаушысы болған, мемлекет және қоғам қайраткері Мырза Наурызбайұлының да еңбегі өлшеусіз екеніне көзіміз жетіп отыр.

13321620 176083259460714 4072194422577278272 n

Шардара ауданында елге белгілі азаматтардың қатысуымен біртуар тұлғаның еңбектерін насихаттап, жарыққа шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. «Алаштың Орталық Азиядағы тұлғасы: тарих және тағылым» тақырыбымен өткен жиында көптеген тұжырымды ойлар тоғысып, Алаш тағылымы жайында кеңірек сөз болды. Шардара аудандық мәдениет үйінде бас қосқан бір топ зиялы қауым өкілдерінің арасында ҚР Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Болат Жылқышиев, ғалымдар Уәлихан Бишімбаев, Мекемтас Мырзахметұлы, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басшыларынан Ғалым Жайлыбай, т.б азаматтар болды.
Жиынды халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.
Мырза Наурызбайұлының еселі еңбегін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Қайраткердің Орталық Азияда тұлға атануының өзіндік себебі бар. Ғалымдардың атап өткеніндей, Наурызбайұлы Қырғызстан және Өзбекстанда қызмет еткен. Алашорда салтанат құрып жатқанда өз еліне көп еңбек сіңірді. Еліміздің көптеген аудандарында ізі қалған. Жиынға елдің түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдардың келуі де осы себептен.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жиынның ашылу рәсімінде сөз алып, тебірене сөйледі. Қажыр-қайратын халқына арнаған азаматтың өмір жолымен таныс екенін айта келе, жиылған халыққа ақ батасын берді.
Жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде профессор Дихан Қамзабекұлының мазмұнды мақаласы жарық көрген. Онда Мырза Наурызбайұлының қызметтік жолы мен тұлғалық келбеті ашып көрсетілген еді. Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлының семинардағы бұл баяндамасы да көпшілікке әсер етті.
– Тәуелсіздікке жету жолында еңбек сіңірген тұлғаларымыз көп. Бірақ көп жағдайда олар лайықты бағасын ала алмай жүр. Кей жағдайда ақпараттық ғылыми негіздері жетіспейді, кейде белгілі бір пендешілікке бой ұрамыз. Мырза Наурызбайұлы ең әуелі Алаш қайраткері екенін білуіміз керек. Ол 1924 жылы Орынборда өткен қазақтың ең алғашқы білімпаздар съезіне Бұқара халықтарының атынан қатысқан. Яғни, Бұхарадағы төрт жүз мыңдай қазақтың қаймақтарының бірі болды деген сөз. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы бас көтерулер басы-қасында жүрді. Бұхара республикасының ішінде жүріп көпшілікті мойындатқан, Үкімет құрамына да енген. Қысқаша айтқанда, қазақтарға жауап беретін тұлға деңгейіне көтерілді,– дейді профессор.
Бүгінде қазақтың тарихы әлі де түгенделіп жатыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі Алаш қайраткерінің мұрасын таныту Түркістан тарихын зерттеушілердің еншісінде екенін айтты. Мырза Наурызбайұлының мұраларын түгендеу, насихаттау, келесі жылы Алаштың жүз жылдығы аясында өтетін жиындарда тағы жалғаспақ. Ғалымдардың айтуынша, алдағы уақытта Алматы, Астанада алқалы басқосу өткізу жоспарлануда.
Конференция соңында көпшілікке ас беріліп, баба рухына Құран бағышталды.

Т. ҚАСЫМ,
Шымкент – Шардара – Шымкент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.