Зұлмат жылдар жаңғырығы

Пятница, 26 Май 2017 09:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7136 раз

(Музейден репортаж)

18676553 1878656779064568 586245351 o

Облыс орталығындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейіне кірсеңіз, өткен тарихымыздың ақтаңдақтарымен танысып, жазықсыз жапа шеккен құрбандардың нақақтан төгілген қаны мен көз жасына куә болып, төбе құйқаң шымырлап, ет жүрегің езіледі. Бұл музейдің ішкі де, сыртқы да дизайны қаралы күндермен астасып жатыр. Сыртқы көрінісін байқасақ, бейне бір найзағай түсіп келе жатқандай. Ал ішкі дизайны үш: қара, сұр және қызыл-күрең түстерден құралған. Қара түс – нәубет жылдарындағы қазақ халқының басына түскен қайғы-қасірет. Ал сұр түс – НКВД қызметкерлері шинелінің түсі, қызыл-күрең қазақтың жазықсыз төгілген қанының түсін айғақтайды.

 

20170523 105721Елеулі экспонаттар

Экскурсия жүргізушісі Дариға Жарқынбайқызы бізді алдымен экспозиция залымен таныстыра бастады. 

– Музейдің түпқазығы саналатын мүсіндер топтамасы – «Репрессия» деп аталады. Яғни, тоталитарлық жүйенің синтездік формадағы мүсіндер топтамасы. Сондай-ақ музейдің ортасындағы экспозиция қазақтың киіз үй формасында жасақталып, айналасы түрменің темір сымдарымен, сұр бағандармен қоршалып жасалған портрет галереясы. «Халық жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесілген Қазақстанның мемлекет, қоғам қайраткерлеріне арналған. Музейдің дизайн авторы – Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Аманжол Найманбаев, – деді музей экспонаттарын таныстырып жатып. 

Музейдің төлқұжаты тұрған бұрышқа келдік. 1993 жылы Елбасымыз «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдаған болатын. Жыл сайын 31 мамыр күні ұлттық келісім, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өткізіледі. Өлкелерде митингілер өтеді. Жиынға қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары келеді. Ас беріліп, құрбандарға құран бағышталады. 

– Ал мынау «Қазақтың трагедиясы» деп аталатын ғасырлар бойы жазықсыз жапа шеккен ағаларымызға арналған композиция». Өңкей бас сүйектері бедерленген бұрыш тұла бойыңызды тітіркендіреді. – Жалпы қуғын-сүргін құрбандары деген кім? Олар «Халық жауы» деген жалған жала жабылып, тұтқындалып, кейіннен атылған тағдырлар. – Ф.Голощекин өз көзқарасын құптамайтындарды кезекпен «қырып» салған. Атап айтатын болсақ, 

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожановтарды «Ұлтшыл ауытқушылар» деп елден аластатып қана қоймай, тұтқындады, атты. Міне, экспозиция залын айнала қойылған экспонаттардың барлығында қуғын-сүргін құрбандарының суреттері мен деректері, қосымша мәліметтер, көне газеттің сарғайған парақтары сақталған. 

1928 жылы шыққан «Советская степь» газетінің санында қазақ байларының мал-мүлкін қалай тәркілеу жөнінде жазылған. Бір мал басына тоғыз түрлі салық салынды. Керек десеңіз, жылқы малының жал-құйрығына дейін Өкіметке тапсырылды. Бұл ашаршылық жылдарындағы қазақтың келбеті. Жалпы ашаршылық жылдарына дейін 6 млн-нан астам қазақ болды. Сонда сол 6 млн қазақтың 3 млн-нан астамы аштан қырылған. Ал 1 млн-нан астамы Иран, Түркия, Моңғолия, Қытай, Ауғанстанға бас сауғалап көшіп кетті. Ал осындай бай 

Қазақстанда аштан қырылуы мүмкін емес деп бір топ комиссарды жібереді. Тексеріске келгендер өз көздеріне өздері сенбейді. Себебі, жергілікті тәртіп сақшылары қынадай қырылған мәйіттерді жинап үлгере алмай жатыр еді. Сол сол-ақ екен, Ф.Голощекинді Мәскеуге шақырып, 1941 жылы ату жазасына кеседі. Бүгінгі күнге дейін Голощекин әлі ақталмаған. Себебі, бейбіт кезде қолдан ашаршылық жасаған.

 

Азаптау вагоны

Келесі экспонат Созақ және Адай көтерілістеріне арналған. Жалпы Қазақстанда 372 шаруалар көтерілісі болса, қанды сұрапыл оқиғасымен тарихта қалғаны – Созақ көтерілісі. Ол көпке созылған жоқ, небәрі бір-ақ аптаның ішінде ешқандай қарусыз қазақтарды пулемет, автоматтармен қаруланғандар қырып салды. Көтерілісті басқарған Хансұлтанбек Шалақұлы өзінің көмекшілерімен бірге көтерілісте қаза тапты. Бұл жерде Созақ және Адай көтерілісіне қатысқан азаматтардың құжаттары, суреттері сақталған.

20170523 110022

Саяси қуғын-сүргін нәубеті 1937-38 жылдары өзінің шарықтаған шегіне жетті. Яғни, НКВД-ның үш-ақ кісіден құралған үштіктері пайда болды. Ешқандай соттың үкімінсіз сол үштік тұтас халқымыздың тағдырын шешіп отырды. Яғни, бір түнде келіп жазықсыз адамдарды тұтқындады. Олардың бәрі тұтқындалып қана қоймай, ату жазасына кесілді. Жалпы қуғын-сүргін нәубеті біздің Оңтүстікті де айналып өтпеді. Біздің өңір бойынша 2500 адам атылды. Республика бойынша 25 мың адам «Халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, ату жазасына кесілген. 

Залдың ортаңғы тұсындағы қызыл түсті қабырғаға сары түспен: 

– Ат деген кім,
Атқан қайсың?
Қаным қайда төгілген,
Қабірім қайда көмілген? – деген Ә.Тәжібаевтың бір шумақ өлеңі жазылыпты. Осы бір ғана өлең шумағы репрессия құрбандарының ұранына айналғандай әсер қалдырады.

Қандықол баскесерлер ұлт зиялыларын атып қана қоймай, олардың әйелдерін де «Халық жауларының» әйелдері деп Ақмола, Қарағанды облыстарындағы түрмелерге қамады. АЛЖИР – Ақмола, Қарағанды облыстарының 2 млн 95 239 гектарын алып жатқан ГУЛАГ-тың бір бөлімшесі. 20 мың лагер бөлімшесі болса, соның 26-шы нүктесі АЛЖИР деп аталды. «Акмолинский лагерь жен изменников Родины», яғни Отан сатқындарының, «Халық жауларының» әйелдері отырған түрме. Ол жерде ең зиялы деген адамдардың әйелдері отырды. Тұрар Рысқұловтың, Ұзақбай Құлымбетовтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Сұлтанбек Қожановтың, т.б. әйелдері 5-10 жыл аралығында өздерінің кесімді мерзімін өтеп шықты. Олардың көрмеген қорлығы жоқ. Таңғалатын бір нәрсе, түрмелерде қорлықпен күндер кешсе де, сол кісілер ұзақ жасады.

18741143 1878656479064598 2010459094 n

НКВД түрмелерінің ішінде азаптау вагоны болған. Ұлт зиялыларын «Халық жауы» деп мойындату мақсатында түрлі жаза түрлерін қолданып отырған. Ал соңында бұлардың барлығын «№58 статьямен» «Халық жауы» деген жалған жала жауып, ату жазасына кесіп отырды. Азаптау вагонының бейнесінде жасалған экспонат неткен сұсты, неткен қаһарлы!.. НКВД бастығы мен қолшоқпары тұтқынды тергеп, қинап жатқан темір тордың ар жағындағы келеңсіз көрініс. Суық та сұрқай кабинет.
Сондай-ақ Экспозиция залында Желтоқсан қозғалысына арналған бұрыш та бар екен.

 

«Қасірет» пен «Құлагер»

20170523 105944

Екінші қабаттағы «Тағзым» залында сілтідей тынған тыныштық. Бәлкім, бұл жерге келіп, құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алған әрбір адамға жазықсыз атылған боздақтардың рухы разы болар. Осындай ой мен мүлгіген үнсіздікті Дариға Жарқынбайқызының даусы үзді.

– Бұл жерде Оңтүстік бойынша атылған 2500 адамның тізімі жазылған. Осылардың барлығын «Қайтпас-2» елдімекеніне алып барып, жоспар бойынша күніне 15-20 адамнан атып отырған. Әсіресе, жетекшілік қызмет атқарған адамдар бірінші атылған. Олардың арасында қарапайым адамдар да жазықсыз жапа шекті. Осы жерге келген сайын жаным ауырады, жүрегім жылайды, – дейді Д.Жарқынбайқызы. – Жоспар бойынша «Қайтпасқа» апарып, екі-үш адамды қатар қойып, бір оқ неше адамға жарайды деп тәжірибе жасайды екен. Атылған адамның көп болғаны соншалық, олардың бәрін көміп үлгермейтін көрінеді. Ит-құсқа жем болып, көмусіз қалғаны, белгісізі қаншама?! Бүгінгі таңда «Қайтпаста» «Қасірет» мемориалы орнатылып, тағзым орнына айналып отыр. 

Экскурсия жүргізушісінің айтуынша, мына бір экспонат – Ақан серінің «Құлагері». Бәйгеде шауып, озып келе жатқанда қапияда оққа ұшып, қанға бөгіп, құздан құлап келе жатқан Құлагер мен жазықсыз атылған адамдардың тағдырын сәйкестендіріп, осы мүсінді жасап шыққан. Құлагер – қазақтың қайғы-қасіретінің символы ретінде қабылданады. 

Музейдің ашылғанына 15 жылдан асса, сол ашылғанынан бері қарай осында жұмыс істеп келе жатқан Дариға Бейісовадан «келушілердің қызығушылығы қандай?» деп сұрап едік. 

– Бұл музейдің бар екенін білмейтін де адамдар бар екен. Келгенде олардың Отанға деген, тарихымызға деген қызығушылығы оянады. Студенттер мен оқушылар топырлап, шулап келеді де, экскурсияны бастағаннан сілтідей тына қалады. Тарихты жеткізе білсеңіз, бала да тыңдай біледі ғой. Келуші көрермен де әртүрлі. Әсіресе, шетелден келгендер әр эскпонаттың түбінде терең ойға батып тұрады, – дейді. Бір айта кетерлігі, бүгінде музейде орыс, ағылшын тілдерінде де экскурсия жүргізіледі. 

Екінші кино залында репрессия тақырыбындағы фильмдерді көруге болады. – Қорымызда әзірге «Ашаршылық» (2 серия), «АЛЖИР» (3 серия), «Қазақ қалай қырылды?» (қысқаметражды), Әлихан Бөкейхановтың фильмі, Желтоқсан жайлы, «Зауал», «Зұлмат» іспетті он шақты кино бар, – дейді Дариға Жарқынбайқызы. 

Біз музейден кетуге ыңғайланғанда «Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің» «Электрик» мамандығының 1 курс студенттері Экспозиция залынан кино залына қарай өтіп, тамашалауға отырып жатты. Болашақ техника мамандарының тарихқа деген қызығушылығы сырт қарағанда көз сүйсінтеді екен!..

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.