БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БІР ОРТАЛЫҚТА, БІР ӨТІНІШПЕН Избранное

Среда, 21 Июнь 2023 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 419 раз

Кәсіпкерлерге арналған барлық қызмет түрлері енді бір жерден және бір өтініш бойынша алынады. Шымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы ашылды. Орталықтан кәсіпкерлер сервистік қызметтерден басқа, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыру, лицензиялаудың түрлері, рұқсат беру құжаттары сияқты мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады.

204

 

Ашылу салтанатына «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиал директорының міндетін атқарушы Қайрат Меңлібеков және кәсіпкерлер қатысты.
– Шымкенттегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы – елімізде ашылған екінші орталық. Біріншісі жақында Астанада пилоттық режимде ашылды. Болашақта бүкіл Қазақстан бойынша орталық ашу жоспары бар. Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталықтарын енгізу халықтың кәсіпкерлік сауаттылығын арттыруға, барлық кезеңдерде кәсіпкерлерді кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ бір терезе қағидаты бойынша қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумның аясында және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдаумен жүзеге асып отыр, –дейді Т. Нақыпбеков.
Шымкенттік кәсіпкерлер де бұл орталықтың ашылуын жақсы және ыңғайлы бастама дейді. «Bal Tekstil» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Жүнісбекұлы мұны кәсіпкерлерге жасалған үлкен көмек екенін атап өтті.
–Орталықтың ашылуы – кәсібін жаңа бастап жатқан азаматтар үшін ыңғайлы бастама. Себебі бұрын Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ұзақ уақыт кезек күтетінбіз. Бұл – мемлекететтің бізге жасаған үлкен мүмкіндіктерінің бірі. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар туралы толыққанды ақпарат алумен қатар, бизнесті жүргізу, жеңілдетілген несие, салық төлеу барлығы бір жерге шоғырланды,– дейді кәсіпкер Талғат Жүнісбекұлы.
Жаңа орталықта «Бір терезе» қағидаты бойынша 958 қызмет қолжетімді болады. Оның 860-ы мемлекеттік қызметтер, ал 98-і қаржы интитуттарының сервистік қызметтері. Жоба – бизнес идея пайда болған сәттен бастап, қаржыландыру мен іске асыруға дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңдерінде кәсіпкерлерді сүйемелдеуге бағытталған.
Айта кетейік, Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы «Солтүстік-шығыс» шағынауданы, Ерімбетов көшесі 304 ғимаратта орналасқан.


Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.