ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРДЫҢ ЗОБАЛАҢЫ Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 424 раз

Уақытында патшалық Ресей өз боданындағы халықтардың да есебін алып, ресми статистикасын жариялап отырған. ХХ ғасырдың басындағы халық санағында қазақтар Орта Азиядағы саны жағынан көршілес өзбек, қырғыз, тәжік және түркімендерден әлденеше есе көп болған. Сол кезде Ахаң, қазақтың бас ұстазы Ахмет Байтұрсынов масаттанып: «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!» деген екен.

Kasiret

 

Халқымыз «Кісіге қарағанның күні құрысын» дейді. Қазақ сапалы ұлт болды. Ресей империясы, кейінгі коммунистер партиясы серкелерімен терезесі тең сөйлесе алатын қайраткерлері көп болды. Білім жағынан да, дегдарлық жағынан да. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов бастаған ардақтылар мен коммунистік партияға қызмет істеген Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов бастаған азаматтардың саяси көзқарасы екі түрлі болғанымен, бір ұлттық идеологияға бірлесе қызмет етті.
Ол – Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі, дербес болуға талпынған қадамы еді.
Бұл, әрине, коммунистік партияның басшылығына жаққан жоқ. 1932 жылдары колхозға біріктіру, ұжымдастыру деген желеумен бар малын тартып алып, аштыққа ұрындырды. Қазақтың жартысына жуығы аштан қырылып, біразы шетелге жан сауғалап кетті.
Іле-шала тап жауларын жою туралы сталиндік репрессия қазақтың бетке шығарларын сүт бетіндегі қаймақтай қалқып алып, шалғыға жыққан шөптей отап тастады. Атуға, итжеккенге айдауға себеп көп еді. Соның үлкені – «жапон тыңшысы». Бұрындары ойланатын едік. «Жапон қайда, Қазақстан қайда?» деп. Сүйтсек, Алаш арыстары мен коммунистік партияның Қазақстандағы серкелері сол кездің өзінде-ақ әлемді аузына қарата бастаған түрі де, тегі де жақын Жапон мемлекеті модуліне қарап бой түзеуге кіріскен екен ғой. Астыртын кездесулер болған. Жандайшап, күні әрі пайдасы үшін туғанын сататындар көп. Қазақ зиялыларының көбіні «жапон тыңшысы» деп айыптауында осындай кеп бар екен.

Демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыз қазаққа зобалаң әкелген аштық пен зұлмат болмағанда халқымыздың саны 70-90 млн. болуы керектігін айтып еді. Мұндай қасіретті ұмыту мүмкін емес. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде айтқан болатын.
ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралар жүзеге асырыла бастады.
1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.
1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды.
100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.
«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты.
Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.
Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі.
Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.
Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады.
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз». Президент осылай деді.
Басқа өңірлер сияқты Шымкент аймағы да айтарлықтай зардабын тартты. Шым шаһарда саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі жатқан «Қасірет» мемориалы бар. Жатқан деп шегелеп жазғанымыз, оларды осы сайда атқан, топ-топ қылып айдап әкеліп атқан, адамша жерлемеген. Үстерінен топырақ үйген де кеткен.
Бір кездері «бұл жер барса қайтпайтын «Албасты сай» деп те аталыпты. Өйткені, іштерінде оқ тиіп құлағанымен, тірі қалғандар да болады. Олар үстін жапқан өліктерден шыға алмай азалы үн шығарып, азаппен өлер екен.
Құтқаруға адамдар бара алмайды. Барса өз өміріне қауіп.
Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан мемориал кешеннің тарихы ауыр әрі азалы, өйткені мұнда XX ғасырдың 30-40 жылдары және 50 жылдары басындағы қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі жатыр.
Саяси қуғын-сүргін тақырыбы қазақ халқының, Қазақстан тарихында қара таңбамен жазылған қаралы кезең болып келеді. Бұл – совет өкіметі құрылғаннан кейін 5-6 жылдан соң Голощекин келісімен басталған процесс. Оның басты саясаты – қазақ халқын ұлт ретінде жою. Сосын тәркілеу науқанын жүргізген болатын...
Саяси қуғын-сүргін музейі елімізде ең алғаш Шымкентте ашылған. Бастапқыда музей қоры 2500-ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16347 экспонат жинақталды. Музей қорын толықтыру мақсатында аудандық, қалалық, облыстық және шетелдік архив, музейлермен байланысып, жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, музей саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыста. Музей жоғары оқу орындарының (ЕҰУ, ОҚМУ, ОҚМПУ, ХҚТУ және т.б) ғалымдарымен, тарихшыларымен, алаштанушыларымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізеді. Алаш қайраткерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының мерейтойларын атап өту мақсатында іс-шаралар, лекциялар, көрмелер, «дөңгелек үстел» мәжілістері тұрақты өткізіліп тұрады. Іс-шаралар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейде өткізіліп, оларды насихаттау мақсатында БАҚ-мен тығыз байланыс жасайды.
Тарихи деректер бойынша, 1931-33 жылдары болған ашаршылықта Қазақстанда 2,5 млнға жуық адам қынадай қырылды. Оның 250 мыңы өзге ұлт өкілдері десек, қалғаны - қазақтар. 1 млн 130 мың қазақ көрші елдерге бас сауғалап, үдере көшуге мәжбүр болды.
Қазақты қырып салу саясаты ашаршылықпен біткен жоқ. Кейін қуғын-сүргін басталды. Сол кезде қазақ элитасын, интеллегенциясын жоюға кірісті. 1932 жылы Алаш партиясы құрамында болған Ахмет Байтұрсынұлы түрмеге қамады. Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы және тағы басқа көптеген қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, халық жауы, контрреволюционер, Голощекин саясатына қарсы келді деген жалған айыппен тұтқынға алына бастады.
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, 1937-38 жылғы қанды қырғын, қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 131 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Оңтүстік өңірінде 7 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оның 2500-і атылған.
Бұрнағы жылы Саяси қуғын-сүргін музейіне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келіп, тыныс тіршілігімен танысқан болатын. Сталиндік репрессия кезеңі қазақ үшін өте ауыр жылдар болды. Қала әкімі зұлмат жылдары жазықсыздан жапа шеккен, атылған, жер аударылған әйтсе де әлі күнге дейін ақталмаған азаматтар жайында айтып, осы мақсатта құрылған комиссияға тыңғылықты жұмыс істеуге шақырды.
Бүгінде сталиндік репрессия кезінде қазақ ұлтының көрші ұлттарға қарағанда орасан жапа шеккендігі айтылады. Жазықсыз атылып кеткен адамдар көп болды. Себеп көп. Соның бірі қызметте көтерілген адамдардың үстінен жақындарының арыз жазып, «донос» жасаған. Осы қасіретті Ахмет Байтұрсынұлының: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған қиын осылардың бəрінен, Өз аулыңның иттері үріп- қапқаны...» деген өлең шумағынан байқасақ та болады. Қазақтың сапалы ұлт болғанын жоғарыда айттық. Сондықтан да НКВД-да осынша адамды ату керек деп жоспар болған. Халық көп жайтты білмей, қазаққа билік құрған Мирзоянды жылымыққа бола «Мырзажан» деп те атаған. Сол ел мақтаған Мирзояныңыз Мәскеуге «Қазақстанда халық жауы көп. Тағы да атуға рұқсат беріңіз» деп қосымша тізім ұсынғаны бүгіндері анықталып жатыр. Мұндай мысалдар өте көп.
Бүгінде Қазақстан бар қиындықты артқа тастап, өркениетті елдердің көшіне қосылды. Бірақ, зұлмат жылдардың зобалаңын ешқашан ұмытуға болмайды.Өткеннен сабақ алу арқылы тұғыры берік, қуаты кемел, болашағы жарқын мемлекет боламыз.