Сөзі сара, жолы дара Хан-апа Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1089 раз

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде а халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының «Сөзі сара, жолы дара Хан-апа» атты рухани кеші өтті.

Xan

 

«Айтатыным, жазатыным – тек шыным,
Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым», – деп жырлаған ақынның кеші өмір жолынан қойылған бейнефильммен басталды. Университеттің шығармашыл, өнерлі жастары қойылымдар көрсетіп, ақын жырлары жатқа оқылды. Өз кезегінде Ханбибі Есенқарақызы кеш ұйымдастырушылары мен оқырмандарына өзінің қиындығы мен қызығы мол еңбек жолын баяндады. Руханиятқа толы әңгімелерін айтып, келген қонақтарға жылы лебізін жеткізді.
Ханбибі Есенқарақызының мерейтой кешінде көрерменнің жаны жырмен әлдиленді. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Гүл көңіл», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндері жиынды айшықтай түсті. Жырға шөліркеген жандар бір сәт поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.
Әр сөзі алдаспан рухтан, ағыл-тегіл жүректен шығатын батыр мінезді ақынның ойы тың, жаны әрнеге алаңдаулы.
– Бүгінгі кездесу мен үшін ерекше. Өйткені осы оқу орнының дәлізінде табанымның талай ізі қалған. Арада осыншама жыл өткеннен кейін мені әлдилеп, аялап, кейінгі ұрпақпен кездесуге шақырғаны үлкен бақыт. Бұл жер мен үшін – қара шаңырақ, – деді ыстық ілтипатқа бөленген ақын.
Мархабат Байғұт ағамыз ақын жайлы: «Ханбибі өлеңде кейіпкерлерін де, өзін де алдамайды» деген екен. Рас, «Жалған сөздің жарлығын, Жалп еткізіп, сөндірдім...» деп өлең жазған ақын қыздың жаны адалдыққа, жағымпаздыққа қас. Кеште жастарға да адалдықты ту етіп, жасандылықсыз, еңбекпен мақсатқа жетуді өсиет етті.
Кеш әдемі сыр-сұхбатпен жалғасты. Жастар ақынға өнер жолы, өмір жолы жайлы сұрақтар қойып, әдебиет пен мәдениет жайында әңгіме өрбітті. Университетінің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева кеш қонағына гүл шоқтары мен ұжым атынан сый-сияпат жасады.
Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген Ханбибі Есенқарақызы 14 көркем әдеби кітаптың авторы. Қарымды қаламгердің өлеңдері бүгінде орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне аударылған. Оның «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім» «Махаббат өмірлері» сынды өлеңдеріне ән жазылып, халық арасында кеңінен таралған.
Кеш иесі іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, көрсетілген құрметке ешқандай марапаттың тең келмесін жеткізді.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.