«Номад» – жауынгерлік өнердің жаңа бағыты Избранное

Понедельник, 06 Май 2013 07:11 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 7614 раз
«Басқа спортты қайдам, біздің қазаққа төбелес болса болды» дегенді қалжың етіп айтып жүреміз. Әзілмен көмкеріп сөз саптағанымызбен осынау ойдың астарынан зілбатпан шындықтың ұшқынын аңғаруға болады. Шын мәнінде, кім-кімге болса да кеудесін бастырмаған өр қазақтың жұдырықтасу өнерінде, әсіресе жекпе-жек түрлерінде қарсыласына есе жіберген тұсы жоқ. Ғасырдан-ғасырға тамыр жалғаған сондай жауынгерлік өнер түрлерінің ішінде "Номад" («Көшпенділер») атауын иемденген жекпе-жек спортының шоқтығы биік. Техникасы бай, әдіс-тәсілі мығым бұл бекзат өнерге соңғы кездері ықылас танытушылардың қатары көбейіп келеді.
 
«Жекпе-жек» дегенде делебесі қозып, қаны қыз-қыз қайнайтын халық екеніміз рас. Өйткені, намыс көрігінде шыңдалған жауынгерлік рух қазақтың қанында әлімсақтан бар. Жуырда жаңа жекпе-жек түрі – «Номад» идеясы дүниеге келіпті дегенді естіп, осы жауынгерлік спорттың басы-қасында жүрген шымкенттік майталман маман Арман Мұратовпен әңгімелесуге асықтық. Нағыз ептілер мен апайтөс батырларды баптап жүрген ұлтшыл азамат қолқамызды бірден қабыл алып, бізді кешқұрым спорт залға сұхбаттасуға шақырды. Белгіленген уақытта қызу дайындық жасап жатқан мекенжайға бардық. Бір кереметі, залға кірген бетте қазақы нышанға малынған жылы леп әп сәтте жанымызды баурап, бейнебір спорт залға емес мұражайдың табалдырығынан аттағандай болдық. Алып залдың ішіндегі халқымыздың жауынгерлік салт-дәстүрлерге негізделген ұлттық картиналар мен қазақтың даналық сөздері жазылған тақтайшаларды тамашалай жүріп, Арман Сүйіндікұлынан көшпелі қазақтың бітім-болмысымен тығыз сабақтасып жатқан «Номад» идеясының қалай дүниеге келгенін сұрадық. 15 жылға жуық қазақ күресі, каратэ, бокс секілді спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысып, өз уақытында тәп-тәуір табыстарға иек артқан білікті бапкер бүгінде шәкірт тәрбиелеуге түбегейлі бет бұрыпты. 
 
Арман Сүйіндікұлы айтады: Студенттік жылдары белгілі түрколог-ғалым Л.Н.Гумилевтің «Көне түркілер» деген кітабы қолыма түсіп, әлгі кітапты бас көтермей оқып шықтым. Сондағы батыр бабаларымыздың ірі шайқастардағы керемет ерліктері маған қатты әсер етіп, мені ғажап сезімге бөледі. Сол сәтте қазақтың осындай шайқас өнерін қайта жандандырсақ қалай болар екен деген ой ішімде шиыршық атып, көпке дейін маза бермей жүрді. «Сабақты ине сәтімен» деген емес пе, арада жылдар өткенде, нақтырақ айтқанда, 2012 жылдың қоңыр күзінде қазақтың ежелгі жауынгерлік ұрыс-тәсілдерімен біте қайнасқан «Номад» идеясы дүниеге келді. Бүгінде аралас стильдегі бұл спорт түріне қызығушылық танытып, жаттығу залында тер төккісі келетіндердің қарасы көп. Жалпы, бұл жекпе-жек қазақ күресі, бокс, каратэ сынды спорт түрлерінің элементтерін қамтыған жауынгерлік өнердің жаңа бағыты.
SAM 0923
Тарихқа көз жүгіртсек, жекпе-жек түрлерінің түп атасы болған панкратионның стильдік бағыттары арқылы Қытайда – кунг-фу, Оңтүстік Кореяда – таэквондо, АҚШ-та – бокс, Жапонияда – карате-до, айкидо, джиуджитсу, дзюдо секілді ұлттық нақышқа тән спорт түрлері кең етек ала бастады. Жоғарыдағы аталған елдер синкретті жауынгерлік өнердің қоспасынан туған спорт түрлеріне жаңаша атау беріп, өз менталитеттеріне ыңғайлап жыл өткен сайын дамытып келеді. Әрине, «Номад» спортының бойында да әлемдік аренадағы аралас жекпе-жек түрлерінің элементтері бар. Алайда, тарихқа жүгінсек, Ұлы даланы мекен еткен ежелгі Ғұн, Сақ дәуірінде де, одан бергі талай ғасырларда да көшпеліліредің жауынгерлік өнері жер бетінен жойылып кеткен жоқ. Қайта замана дәуірі алға жылжыған сайын оның маңызы артып, түрлі жорықтардың әсерінен айла-тәсілдері түрлене түсті. «Номадтың» түпкі идеясы – қазақ топырағында да жауынгерлік өнердің өзіндің өркениеті қалыптасқан деген ұғымды қалыптастыру.
 
Заңы қатал, тәртібі тастай «Номад»-тың өзіндік бет-бейнесіне тоқталып өтейік. Мәселен, бұл жекпе-жек түрінде «бүркіттің бүруі», «тұлпарды тұсаулау», «аттың жалын тарту», «күретамырдан бармақпен басу», «бел сындыру», «аттың тепкісі», «тірсектен ұру», «сақина салу», «боз жорға», «мың асқанға бір тосқан» секілді әдістерді қолдану арқылы қарсыласыңның ес-пұсын алуға болады. «Номад»-тың тағы бір ерекше қыры – жауынгерлер нағыз ашық төбелеске, қоян-қолтық ұрысқа шығып, бір-бірін қолмен ұруға, аяқпен тебуге рұқсат етіледі. «Мұндағы әдістердің бәрі қазақтың ежелгі төл атаулары. Кезінде бұл тәсілдерді бабаларымыз дәл осы атауында жорықтарда қолданған. Демек, жауынгерлік өнерде халқымыздың мақтанарлық құнды дүниелері жетерлік» дейді «Номадтың» негізін қалаушы.
 
Арман Сүйіндікұлы айтады: Қазақта «Ер намысқа шабады, намысқа шапса алысқа шабады» деген сөз бар. Тұлпар шапса тұяғы талатын кең-байтақ жерді сыртқы жаудан қорғау үшін қаншама баһадүр бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, қан майданда сансыз сүркіл салды. Жауынгерлік рух біздің қанымызда бар. Тек, соны өлтіріп алмай жас ұрпақтың жігерін жанысақ игі еді. Жасырары жоқ, әу баста біздің спортымызға таңырқай қарағандар да болды. Бірақ, кейін келе нағыз мықтылардың өнері екеніне көздері жеткен соң, жаттығуға ат басын бұра бастады. Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына шақырып, өз Отанының өр рухты, тегеурінді азаматтары етіп тәрбиелеу.
 
Әңгіме арасында байқағанымыздай, бүгінгі таңда мұндағы сайыпқыран жігіттердің бірқатары аралас стильдегі өз еліміздегі республикалық жарыстарға қатынасып, жүлдемен оралып жүр екен. Өкініштісі сол, спортшыларға шетелдік турнирлерге шақыртулар болғанымен кей сәттерде қаржы жағы қолбайлау болып, шәкірттер жарыстардан шет қалатын көрінеді. «Бүгінгі таңда «Номад» жауынгерлік орталығында 200-ге жуық спортшы жаттығады. Кейде жүрегінде оты бар жігіттердің қолында қаражаты болмай шет мемлекеттердегі дүбірлі додаларға қатысуға мүмкіндігі болмайды. Сондай сәттерде қарадан-қарап ыңғайсызданып қаламын. Меніңше, қазақтың даңқын асырып, мерейін тасытатын жауынгерлік өнерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп, оны мейлінше дәріптегеніміз оң болар еді», – дейді сұңғыла бапкер жаттығу алаңындағы шәкірттеріне қарап отырып.
 
Ежелгі көшпенділердің машықтанған бекзат өнерін жаңаша сипатта дамытуды көздеген намысшыл бапкер осылайша тереңнен толғап, ағынан жарыла сөйледі. Ұлтқа тиесілі үлкен шаруаны жалғыз өзі атқарып жүрсе де алған бағытынан таймай, жауынгерлік жекпе-жек түрін қал-қадірінше насихаттап жүрген Арман Сүйіндікұлы келер күндерге зор үмітпен қарайды. Ұлттың ұлылығын жер-жаһанға танытуды мақсат тұтқан осындай өр рухты азаматтар барда қазақ спортының тұғыры биік, еңсесі тік боларына сеніміміз мол.
 
Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Вторник, 31 Май 2016 07:20
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « БАҚ өкiлдерiнiң бәсекесi «Арланның» аты озды »