Балуандар Арыста белдестi Избранное

Пятница, 13 Май 2016 05:02 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3975 раз

Спорттың төресі – қазақ күресін әлемге танытуда қолға алынған іс-шаралар аз емес. Замана көшіне ілесіп, жаңаша сипат ала бастағаны қуантады. Облыста қазақ күресін дамытуға, төрге оздыруға үлес қосып келе жатқан бәсекенің бірегейі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнир. Көпшілік күткен күрес сайысы биыл Арыс қаласында дүркіреп өтті.

13118893 279699312363119 7349819765519833812 n

59-шы турнир! Бұл – жақсы дәстүрдің өміршеңдігін көрсетсе керек. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен облыстық турнирдің бастау алғанына жарты ғасырдан асыпты. Одан әрі де тарихы тереңдей беретініне сенім зор.

Биыл облыстың ең үздік қазақ күресі балуандары Арыс қаласына жиналды. Қалалар мен аудандардан 17 команда келген. Жалпы 128 балуан 6 салмақ бойынша бозкілем көрігін қыздырды.

Арыс қаласы әкімдігі, Арыс қаласының күрес федерациясы бірлесе ұйымдастырған дәстүрлі турнирді ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай, сондай-ақ, бір топ спорт саласының қайраткерлері мен ардагер журналистер тамашалады.

13177690 279698909029826 156843405740771848 n

– «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы қаламызға естен кетпес іс-шара өткізді. Бұл – дәстүрлі сайыс. Қаншама дарындардың талабын ұштауға септігі тиген беделді турнир. Арыстық оқырмандар облыс баспасөзінің қарашаңырағына әрдайым қолдау көрсетеді. Сіздердің тараптарыңыздан қандай ұсыныстар болса, әкімдік қолдауға әрдайым дайын. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Балуандарымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бола берсін! – деді қала әкімі ашылу салтанатында көпшілікті құттықтап.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының балуандары жоғары дайындықпен келгендерін байқатып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды-ақ. Барлық салмақта да педагогикалық институт шәкірттері ерекше көзге түсті. Жарысты оқу орнының басшысы тамашалап отырғанда босбелбеулік танытуды айып санаса керек.
Бұдан бөлек, Ордабасы, Бәйдібек би ауданының өрендері де жүлделі орындардан көрінді.
Соңына қарай, көпшілік асыға күткен түйе балуандардың тартысын тамашаладық. Салмағы 80 келіден жоғары, 28 түйе балуан арасында өткен белдесулерден облыстың бас балуаны Жұманазар Ерсұлтанов пен Әділжан Ыстыбаев финалға шықты. Таяуда ғана «Қазақстан барысы» турниріне облыстан жолдама алған Ерсұлтанов бабында екенін дәлелдеп, автокөліктің кілтін иеленді.

13118915 279698989029818 1165952082262721050 n

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертайға және қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Кенжебековке «Алғыс хат» табыс етті.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен 60-шы турнир келесі жылы Ордабасы ауданында өтетін болды. Сайыс соңында турнирдің ауыспалы кубогын Ордабасы ауданы әкімінің өкілі қабылдап алды.


Байдулла ҚОНЫСБЕК,
ардагер журналист:

«Оңтүстiк – қазақ күресiн насихаттауда алда келедi»

– Арыс қаласындағы жарыс ұйымшылдықпен, жоғары деңгейде өткеніне көпшілік куә болды. Мен өзім елу жыл бойы осы жарыстың басы-қасында жүрдім. БАҚ арқылы елге насихаттадық. Алғашқы кезде облыстық спорт басқармасы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы турнирді өздері ұйымдастырып, жүлде тағайындады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жұмыстарды облыстық әкімдік, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы қолдап, әр жылы, әр аудан өздерінде өткізуді бастады. Бұл жақсы іс жалғаса беретініне сенеміз. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы қазақ күресін насихаттауда, өркендетіп, дамытуда елімізде алдыңғы орында келеді.


Қуанышбек НАХАНОВ,
жарыстың бас төрешісі:

«Жұманазар бабында екенiн дәлелдеуi тиiс»

– Әділ төреліктің арқасында мықты балуандар жеңіске жетті. Барлық аудан, қалалардан ең мықтылар қатысты. Бұл жарыс облыс балуандарының тәжірибесін арттыра берер жарыс болып қала бермек. Әрине, Жұманазар бұған дейін де мықтылығын дәлелдеген. Екінші орын иегері Әділжан Ыстыбаев та әлемдік додаларда жүлдеге ілініп жүрген, әккі балуан. Үшінші орын иегері Ержан Дүйсенбеков еркін күрестен ҚР командасының мүшесі. Ерсұлтанов осы бабын жоғалтпай, дұрыс жаттыға білсе, «Қазақстан барысынан» жүлде алуы мүмкін. Жаттықтырушылар дұрыс жұмыс жүргізсе, мақсатына жетіп қалар деп отырмыз.

Последнее изменение Пятница, 13 Май 2016 05:51
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.