Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, инспекция 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған.

Көлік инспекциясы. Брифинг

Бүгінге дейін инспекция мамандары 516 әкімшілік-құқық бұзушылықты анықтап, 75 млн 789 мың теңгеге әкімшілік айыппұл мен жол жүру алымдарын өндірген. Соның 60%-ы инертті материалдарды тасымалдауға арналған карьер автокөліктері екені анықталып отыр.

– Ауыр салмақты «Хово», «Шансиман» және тағы басқа жүк көліктері қала жолдарымен белгіленген нормадан артық жүк тасымалдауда. Инспекция тарапынан бұл жолдардың барлығына бақылау жүргізу мүмкін болмай тұр. Сондықтан былтыр қала әкімдігімен бірге ауыр салмақты автокөліктерді бақылауға бағытталған 2019 жылға арналған бірлескен Жол картасы бекітілді.

Жұмыс тобы тарапынан жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізілді. Нәтижесінде қаланың 7 көшесіне (Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Н.Исмаилов, Т.Рысқұлов, Т.Өтегенов, С.Бәйтереков, І.Жансүгіров) салмағы 8 тоннадан асатын жүк автокөліктеріне салмақтық шектеу белгілерін қою туралы шешім қабылданып, оны орнату бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс жолданды, - деді инспекция басшысы.

Инспекция мамандары Шымкент қаласы аумағында инертті материалдарды (құм-тас) жинақтайтын 27 заңсыз орынды да анықтаған. Қалалық жер қатынастары басқармасымен бірге атқарылған жұмыс өз нәтижесін берген.

Жол картасына сәйкес, заңсыз жұмыс жасап жатқан құм-тас жинақтайтын орындардың жұмысын тоқтатып, қаланың кіреберісіне салу жөніндегі инспекция ұсынысы Шымкент қаласы әкіміне жолданып, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.

Электронды билет – оң шешім

Пятница, 19 Апрель 2019 04:14

Қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізіледі. Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі «Shymkent» ӘКК АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюповтың осы тұрғыдағы ұсынысын қолдады.

40137863 666954887020331 4092549713587339264 n

– Электронды билет жүйесін енгізу және муниципалды автобус паркін құру бірқатар маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, жол жүру ақысын көлеңкелі айналымнан шығару, ескірген автобустар паркін жаңарту, қалалық жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі мен қызмет деңгейін арттыру, өндірістік инфрақұрылым құру және т.б. мәселелер, - деді Р.Аюпов.

«Shymkent» ӘКК осы тұрғыда қоғамдық көлік мәселесін заманауи тұрғыда шешуді ұсынып отыр. Олардың арасында электронды билеттеуді енгізу және муниципалды автопарк құру бар.

«Shymkent ӘКК АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында 27 көлік компаниясы жолаушылар тасымалдаумен айналысады, олардың тек 14-інде ғана өз автобустары бар, қалғаны автобусты жалға алады.

Бұған қоса тасымалдау қауіпсіздігі, автобустар паркін жаңарту, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениет деңгейі және осы компанияларда қызмет көрсету сервисі сияқты маңызды мәселелерді оң шешу керек.

Осы орайда «Shymkent» ӘКК АҚ бірқатар жұмысты жоспарлауда. Олардың арасында қалалық муниципалды автобус паркін құру, инфрақұрылымды дамыту, субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту, орталық диспетчерлік қызмет, пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығы және сервистік-техникалық қызмет секілді бағыттар бар.

Басқарма басшысының бұл ұсыныстары Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі тарапынан қолдау тапты.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мегаполистегі барша аруларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Қала әкімі салтанатты іс-шарада қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген аналарға алғысын айтып, 20 көпбалалы анаға Алтын алқа мен Күміс алқа төсбелгілерін табыстады.

DSC 7947

Мерекеге орай Түркістан сарайында мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиынға тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар мен түрлі салада қызмет етіп жүрген іскер әйелдер қатысты.

– Ұрпақ өсіріп, ұлт тәрбиелеуде аналардың алар орны айрықша. Еліміздегі әрбір бесінші сәбидің Оңтүстікте өмірге келетінін ескерсек, ақ жаулықты аналарымыздың демографиялық дамуға қосып келе жатқан үлесін мақтанышпен айтамыз. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында барлығымыз бас иемiз.

Асыл аруларымыз отбасы берекесімен бірге, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызын нәзік жандар құраса, қала әкімдігіндегі қызметкерлердің 42 пайызы – әйел азаматтар, – деді қала әкімі.

Мерекелiк кеште көпшіліктің көзайымына айналған Музарт тобының концерттік бағдарламасы мен жергiлікті дизайнерлердің сән топтамаларының көрсетілімі өтті.

Жалпы, Шымкент қаласында 31 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оның ішінде 2 220 «Алтын алқа» иегері, 6056 «Күміс алқа» иегері және 511 Батыр ана бар.

DSC 8235

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыланды. Партияның жасампаз 20 жылдағы жетістіктері сараланып, 10 жылдық бағдарлама жобасы таныстырылды. Конференция жұмысын «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды.

DSC 2804

Конференцияға қала әкімінің бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының Бюро мүшесі Қ. Нұртай, мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, партия ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен көшбасшы партияның 20 жылдағы жеткен жетістіктері жөнінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дәрия Қожамжарова сөз алды.

– «Нұр Отан» азаматтық қоғамның көшбасшысы ретінде елдегі бейбітшілік пен тұрақты орнығудың бастамашысы болып келеді. Жиырма жылда мемлекеттік, стратегиялық бағдарламалардың табысты іске асуына да атсалысты. Бүгінде жүйелілік, кешендік, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында партиялық бағдарламалар мақсатты орындалып келеді.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да да партия жобалары аясында цифрландыру, рухани жаңғыру бағытында көптеген игі істер жүзеге асты. Өз әлеуетіміз бен шығармашылық қуатымызды отанымыздың гүлденуіне жұмсайтын болсақ, біз бағындырмайтын белес жоқ, – деді Дария Пернешқызы.

Жиында ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын Шымкент қаласында іске асыру барысы да сөз болды. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкеманов осы бағыттағы жұмыстарды кеңірек баяндап берді.

Оның айтуынша, қалада Жолдауды іске асыру мақсатында 5 ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Жалпы, 421 кездесу ұйымдастырылған. Қалада коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету, білім сапасын арттыру, медициналық қызметтерді электронды түрде көрсету, азаматтарды баспанамен қамту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда қалада бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың үлесі – 27, 3 пайызға жетіп отыр. Алда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарыла бермек.

Конференцияда «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелері талқыланып, Партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.

Партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов онжылдықтағы басым бағыттарды атап берді. Шымкент қаласында алдағы уақытта «Өмір сапасын ұзарту орталығы» ашылады.

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында Шымкент қалалық партия филиалы «Қазақстан халқы Ассамблеясы», жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денешынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып осындай орталық ұйымдастырмақ. Ол зейнеткерлер мен әлеуметтік әлсіз топтағы адамдарды қолдауды күшейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығын нығайтуға жағдай жасауға бағытталған.

– Жиырма жыл ішінде халықтың әл-ауқаты артты. Алдағы 10 жылда да маңызды мақсаттарды көздеп отырмыз. Белсенді саясатқа көшуіміз керек. Бұл ретте жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. білім беру инфрақұрылымын дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбекқасын көтеру, дәрі-дәрмек бағасын төмендету саясатына назар аударамыз.

Сондай-ақ, азаматтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау, жастарды қолдау, жастардың бизнес бастамаларын қолдау, шығармашылықтарын дамыту да басты назарда. Жалпы, нақты істердің партиясы екенін дәлелдеу міндеті тұр, – деді
Б. Нарымбетов.

Жарыссөзге шыққан бірқатар азаматтар партияның 20 жылдағы жетістіктері, 10 жылдық бағдарламасының ұтымдылығы, төңірегінде ойларын ортаға салды.

Шымкент қаласында 21 845 партия мүшесі бар, олар 43 бастауыш партия ұйымдарында тіркелген. Қалалық филиал конференциясына 334 делегат сайланып, оның 321-і қатысты.

Конференция жұмысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ. Нұртай қорытындылады.
– Қалада барлық салада бақылау күшейтілуде. Бағдарламада айтылған мақсаттардың бәрі де өзекті. Айтылған мәселелердің бәрі зерделенеді. Ең басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық өсімді молайту.

Қала активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Алда партияның 20 жылдық жетістігіне арналған тарихи сьезді өтпек. Осынау маңызды жиынға қатысатын делегаттарға сәттілік тілеймін, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Жиында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезіне «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалынан 60 делегат сайланды. Делегаттардың бәрі де тізім мүшелерін бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Қайырымдылық байқауы өтіп жатыр

Пятница, 08 Февраль 2019 04:57

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы жалғасуда. Шымкент қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Созақбаева БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында байқау туралы кеңірек айтып өтті.

IMG 20190125 110908

Акцияның басты мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынтыландыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Республикалық акция 2018 жылдың қараша айынан басталған-тын. Үміткерлер 2019 жылғы 11 ақпанға дейін әлі де байқауға өтінімдер жібере алады. Конкурс жеңімпаздары ақпанның соңында, Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында анықталмақ. Маңызы зор байқауға Шымкент қаласы әкімдігі де қолдау көрсетуде.
Жалпы, лауреаттар бес номинация бойынша анықталады:
– «Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған);
– «Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі);
– «Мейірім жолында» (аталған ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады);
– «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады)
– «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).
Конкурсқа кәсіпкерлік субьектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемелекеттік тапсырыс және т.б.) қатыспайды.

«Біліммен қаруланыңдар!»

Среда, 30 Январь 2019 04:58

Бүгінде әскери салаға құмартқан жастарға қойылатын талап біреу – ең алдымен біліммен қаруланып, әрдайым өздерін жетілдіру. Жасөспірімдер осыны тереңірек ұғына білсе. Әскери салада өнімді еңбек еткен ардагерлер оқушылармен кездесуде осылай деді.

Шымкентте №80 мектеп-лицейдің «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбында 27 оқушы тәлім алады. Олардың барлығы да 7 сыныптардан іріктеліп алынған. Оқуда озат, ойы ұшқыр балалар.
Бойларында намыс оты ұшқындаған жасөспірімдер ҚР Қарулы Күштері ардаргерлерімен кездесті. ҚР Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының жетекшісі Бабай Алдабергенов, Шымкенттегі республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінің оқытушысы Сәкен Омарбеков, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әжімұхан Шынтаев жастарға әскери саланың мән-маңызын түсіндіріп берді.

Оқушылар жауынгерлік дәстүрді жалғастырған іс-шарада алдымен саптық жүріс пен пәрмендерді бұлжытпай орындап, осы кезге дейін жинаған әскери білімдерін паш етті.
Бұдан кейін ардагерлер мамандандырылған «Жас сарбаз» сыныбын аралап, оқушылардың тыныс-тіршілігімен танысты. Барлығының да әскери салаға деген қызығушылығы айрықша. Бірыңғай әскери киім үлгісімен жүретін жас сарбаздар жауынгерлік білім мен айла-тәсілдерді меңгеріп қана қоймай, үлгілі тәртібімен замандастарына өнеге көрсетуде.

Іс-шара барысында жас сарбаздар отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелейтін бейнероликті тамашалады. Ал ардагерлер оқушыларға әскери сала жайында қызықты әңгімелер айтып, оларды ел қорғайтын жауынгер болуға шақырды. Жас сарбаздарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.
Әскери адам боламын деген адам әрдайым өзін жетілдіруі қажет. Біріншіден, білімді болудың маңызы зор. Ардагерлер оның мәнін тарқатып түсіндірді. Екіншіден, дене шынықтыру қажет. Одан кейінгі қажет дүние – сенімділік.

Былтыр ҚР Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара іс-қимыл бойынша меморандум түзілген болатын. Бүгінде игі бастама жемісін беруде. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 800-ден астам әскери-патриоттық клуб пен 10-ға жуық «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныптары ашылған.

«Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының «Бедел» бастауыш партия ұйымының алғашқы конференциясы өтті.

DSC 0019

Бүгінде бастауыш партия ұйымы мүшелерінің саны 450-ге жеткен. Алда мүшелері аз ұйымдарды біріктіру мақсаты тұр. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында өткен жиында бірқатар мәселелер талқыға түсті.
Іргелі оқу ордасында партия мүшелері «Нұр Отан» партиясының 20 жылдағы жетістігі, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасының негізгі ережелерін талқылау және «Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының кезектен тыс 36 конференциясына делегаттар сайлау мәселесі жөнінде кеңесті.

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов «Бедел» бастауыш партия ұйымының маңыздылығына тоқталды.
– Биыл партия үшін маңызды жыл. Көшбасшы партия 20 жылда нағыз халықтық, істің партиясы екенін дәлеледі. «Бедел» бастауыш партия ұйымының мүшелері жылдан жылға артып келеді. Қазір олардың саны 450-ге жетіп отыр. Қазір ірілендіру маңызды. Халықпен етене жұмыс істегенде ғана жетістік болады, – деді Бахадыр Мәделіұлы.

Жиында «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Жанат Нұржанбаева «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы: «Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» туралы баяндама жасады.
«Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасының негізгі ережелерін талқылау бойынша «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Шадияр Әшіров сөз сөйледі. Ол көшбасшы партия XXI ғасырдағы заманауи саяси ұйым екеніне тоқталды.

Жаңа жылдан бастап іргелі оқу ордасының бастауыш партия ұйымы құрамына бірнеше мектеп, балабақшалар, мәдениет мекемелерінің бастауыш партия ұйымы бірігіп отыр. Жалпы, 9 мекеме. ОҚМА-ның ректоры, профессор Мырзабек Рысбеков бірігудің пайдасы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтынша, іріленудің пайдасы мекемелердің бір-бірімен қарым-қатынасы күшейеді. Ұжымның алдында тұрған мақсат – сапалы білім беру. Бірнеше университет бойынша бұл бағытта бірқатар жоспарлар бар.

Жалпы, жиын соңында «Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының кезектен тыс 36 конференциясына делегаттардың тізімі бекітілді. Қаулы қабылданды.

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 63 пайызы электронды форматта көрсетіледі. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетудің үлесі 20 пайызға жеткен. Шымкентке іс-сапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Елбасының кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы басым бағыттарды атап берді.

Агенттік 2

Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында Астананың жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін өңірлерге таратуды тапсырған еді. Олжас Абайұлы цифрландыру бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметкерлердің халықпен тікелей қарым-қатынасын азайту арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болатынын атап айтты.
– Агенттікке «Астана – адалдық алаңы» деген жобаның тәжірибесін еліміздің барлық өңірлеріне тарату жөнінде тапсырма берілген. Шымкентке де осы себептен арнайы келіп отырмын. Біз қала әкімдігімен бірлесіп, «Шымкент – адалдық алаңы» деген жобалық кеңсені аштық. Агенттік төрағасының атынан қала әкімдігіне алғысымды білдіремін. Біз бірлесе жұмыс істегенде ғана жоба шеңберінде жақсы нәтижелерге жетеміз деген ойдамыз. Цифрландыру, мобильділік әлемдік трендке айналып отыр, - деді агенттік өкілі.
О.Бектеновтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кешенді және жүйелі іс-шаралардың арқасында стратегиялық даму элементтері бар кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасқан. Келесі мақсат – инновациялы мемлекеттік аппарат құруға көшу. Оған ұйымдастыру мәдениеті жылдам әрі мобильді болу тән.
Бүгінде агенттік мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау үшін инновациялық, цифрлық тәсілдерді қолдануда. Соның ішінде қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасын айта кеткен жөн. Бұл жоба аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға азаматтар да қатыса алады. Карта Астана қаласында жұмыс істеп тұр. Енді басқа өңірлерге тарату жоспарланып отыр. Ал мобильді қосымша кез келген азаматқа онлайн режимде шағым беруге немесе көрсетілген қызметтің сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қаладағы бірқатар жұмыстардан хабардар етті.
Олжас Абайұлы бұдан кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың SMART SQUARE студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылған. Ондағы мақсат – «бір терезе» қағидаты бойынша студенттерге сапалы және жылдам қызмет көрсету үшін жағдай жасау және білім алушыларға оқу-білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-тынығу бағыттарындағы қызметтерін ұсыну. Орталықта 200-ге жуық түрлі қызмет көрсетіледі.

Страница 4 из 14