Қазақстан-Өзбекстан: әріптестік арта түседі
Среда, 23 Май 2018 09:46Таяуда ғана Шымкентте «Оңтүстік Қазақстан – Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің бірлескен көрмесі өткен болатын. Екі тараптың тауар өндірушілерінің әріптестігі нығая түскен. Өзбекстан – Орта Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі. 2018 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Екі елдің басшылары 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялаған еді. Іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында Шымкент қаласында Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті.
Форум барысында алғаш рет Іскерлік Кеңестің бірінші кездесуі өтті. Форум жұмысына екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Өзбекстандағы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен қос елдің 400-ден астам кәсіпкері қатысты.Іскерлік жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазақстан мен
Өзбекстан – өздерінің тәуелсіздіктерін нығайтып, болашаққа батыл қадам жасап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дипломатиялық қатынастары өзара сенімге негізделе отырып дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда.
Өзбекстан Республикасы – Орта Азиядағы Қазақстанның негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі. Мәселен, өткен жылы екіжақты сауданың көлемі 30 пайызға артып, 2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал екі елдің көшбасшылары биылғы сауда айналымын 3 миллиард долларға арттыруды, 2020 жылға қарай 5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондықтан қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Бұл іс-шара осы айтылған міндеттемелерді жүзеге асыруда септігін тигізері анық. Бұл өзара ынтымақтастыққа және екі ел арасындағы берік бауырластық қатынастарды орнатуға бағытталған тағы бір қадам, – деді облыс әкімі.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен форум барысында тараптар бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында ынтымақтастықты дамытуды сөз етіп, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайын талқылады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы мен
Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келеді. Биылғы соңғы үш айдың көрсеткіші бойынша ОҚО мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 125,7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен Өзбекстанға 73,1 млн АҚШ доллары болатын өнім экспортталса, көрші елден бізге 52,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі тауар импортталған.
Форумның басты идеяларының бірі – өнімдерді ең ірі әлемдік нарықта, соның ішінде Қытай мен ЕЭО-да бірлесіп шығару және дамыту.
Жиында Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров аймақтық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Аталған ұсынысты Өзбекстан тарапы бірауыздан қолдады.
Бизнес-форум кезінде екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бетпе бет жүздесу форматында келіссөздер жүріп, бірқатар бағытта іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында екі жақты құжаттарға қол қойылды. Қатысушылар өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді. Сонымен қоса форумға қатысушылар отандық тауар өндірушілер ұсынған өнімдер көрмесін тамашалады.
Баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік көп
Среда, 23 Май 2018 09:26Бүгінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмыстары қарқын алған.
Жуырда Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесу өтті. Бұл орайда аудан тұрғындары, ЖОО студенттері көкейдегі сауалдарына жауап алды. Жалпы, бағдарлама халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Елбасы ұсынған бастамалар нақты дер кезінде қабылданған шешім. Жиында сөз алған М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Асхат Есеналиев қазіргі әлеуметтік жағдайды түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, дамыған елдерде несиемен өмір сүруге халық әбден үйренген. Біз де қазіргі кезеңде бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Жастар осындай мүмкіндікті пайдаланы тиіс.
Бағдарлама еліміздің әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтеріп, қарқынды дамуына жол беретін маңызды құжат. Бұл бастамалар тек әлеуметтік мәселелер ғана емес, сонымен қатар, экономикамыздың дамуына, жекелей салаларды жетілдіруге елеулі серпін береді.
ҚР Ұлттық банкі ОҚО филиалының директоры Ануар Ботанбеков баяндама жасады. Ол бағдарлама халықпен етене жақындасуға арналғанын айтады.
– Бұл өте жақсы мүмкіндік. Бес әлеуметтік бастама аясында Ұлттық банк те іске кірісті. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктермен келісілуде. Және бағдарламаны қабылдау үшін заңдарға өзгерістер енгізіліп отыр. Жалпы, бағдарлама бойынша тұрақты жұмысы бар, баспанасы жоқ азаматтардың үй алуына мүмкіндігі бар, – деді ол.
Жалпы, жиында негізінен баспанаға қол жеткізу саласы кеңінен талқыға түсті. Тұрғындарды толғандырған һәм қызықтырған сауал осы. Қонақтар тарапынан барлық сұраққа тиянақты жауап берілді.
Қазіргі таңда қалада осы жағдайды халыққа кеңінен насихаттау бойынша құрылған қалалық және аудандық ақпараттық-насихаттық топтар әр сала бойынша кәсіпорындарда, мекемелерде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында және тағы басқа ұйымдарда кездесулер өткізіп, жұмыстар жүргізуде.
Айта кетсек, бұл бағдарламада несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна құны да 20 пайыздан аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін де мерзімі 25 жылға ұзартылып отыр. Бұл орайда Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек.
Елорда тойы – елдіктің тойы
Пятница, 18 Май 2018 05:36Елімізде Астана қаласының 20 жылдығын тойлау басталып кетті. Жалпы, Елорда тойы – елдіктің тойы. Астана – ғылым-білім, мәдениет пен руханияттың орталығы. Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астананың 20 жылдығы. Таяуда Елордада сәулеті келіскен тағы бір ғимарат ел игілігіне берілген еді. «Сарыарқа» ауданында орналасқан жаңа мешітті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалап көрді. 20 жылдық қарсаңында Астанада Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумы өтіп жатыр.
Биылғы форумға әлемнің әр елінен 500-ге жуық спикер қатысады. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Аррle компаниясының негізін қалаушы Стив Возняк, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер және т.б. беделді тұлғалар бар.
Елбасы форумда сөйлеген сөзінде «Мегаполистер дәуірі келе жатыр. Олар инвестиция, білікті мамандар мен технологиялар үшін тартысқа түседі» деп атап өтті. Жиында 11 жаһандық сын-қатер мәселесі талқыға салынбақ. Яғни, алғашқы екі күні күн тәртібіндегі жаһандық мәселелерге арналады, ал үшінші күні спикерлер алты бағыт бойынша еліміздің мамандарымен бірлесе отырып жұмыс істейді. Сондай-ақ, форум аясында жалпы құны 20 млрд доллардан асатын 300-ден астам меморандум мен келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Форум жұмысы 19 мамырда аяқталады.
Ал Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіт мерейлі мерейтойға орай пайдалануға берілді. Қаланың руханиятын биіктетіп отырған мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Ең бастысы, мұнда ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету баламалы энергия көздері арқылы іске асады. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған. Мешіт ғимаратының ауданы – 2248 шаршы метр.
Жалпы, Астананың 20 жылдығын тойлау жыл басынан басталған-тын. Сәуір айында Елбасы елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Астана мерейтойын атап өту аса маңызды шара екенін айтты. Оған салмақты қарауды талап етті.
– Біз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде тиісті инфрақұрылымы бар, миллион адам мекендейтін нағыз мегаполис тұрғыза алдық. Астана – бүкіл жер шарының назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар өткізе алатын, дүние жүзіне танымал қала. Тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 20 жыл ішінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп және 26 аурухана пайдалануға берілді. Әрине, бұл – қала әкімшілігінің, құрылысшылардың, сәулетшілер мен осы үдеріске атсалысқан көптеген адамның маңдай терінің жемісі. Қыруар еңбек жатыр, күндіз-түні, аязда, боранда тынбай тірлік істеген құрылысшылар, монтажшылар, қаланың ішін өңдеген адамдар және біздің де көптеген еңбегіміз бар, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы тартылған инвестиция көлеміне, шағын және орта бизнестің өркендеуіне оң баға бере отырып, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласына уақтылы бақылау жасау, көлік инфрақұрылымы мен жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын дамыту, демалыс орындары мен білім беру нысандарын салу, қаланың экологиялық проблемаларын шешу және қалдықтарды қайта өңдеу жүйелерін дамытуға пәрмен берді.
Іс-шаралар жыл бойы өтеді
Әрине, бұл тойдың жөні басқа. Той десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Елбасы да елдіктің тойын байыпты етіп тойлауды, барлық облыстар өз үлесін қосу керегін де ескерткен. Әрі шектен шықпай, мазмұнды шараларға мән берілуі тиіс.
Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевтің айтуынша, Президент Әкімшілігінің жетекшілігімен мемлекеттік комиссияның бірқатар отырыстары өткен. Жалпы дайындық алгоритмі, іс-шаралар мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бекітілген. Биылға жалпы 645 іс-шара жоспарланып отыр. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – 3 шілде күні өтетін Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері қатысатын форум, 4 шілде күні өтетін Дүниежүзілік мұсылмандар форумы, 5 шілде күні өтетін Қаржы орталығының халықаралық тұсаукесері және тағы да басқа форумдар, конференциялар, спорттық және мәдени іс-шаралар. Мәдениет министрлігі ұйымдастырып отырған елордалар парады да маңызды жоба. Қазіргі уақытта Мәскеу, Бейжің, Анкара өз келісімдерін беріп отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Астананың 20 жылдық мерейтойына жоспарланған шаралар жыл бойы өтетінін хабардар еткен. Оның сөзінше, маусым-шілде айлары шараларға толы болады, одан кейінгі айлар бос болып қалмас үшін іс-шаралар жыл бойына біркелкі қылып бөлінеді. Жалпы, еліміздің беделін көтеретін іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық беріледі.
Астана – ашық диалог алаңы
«Астана» сөзі қазақ қолданысына араб тілінен енген. Оның араб тіліндегі түпкі мағынасы «жұмаққа барар жолдағы табалдырық» дегенді білдіреді. Қазақ ақын-жырауларының сөз қолданысында астана «байтақ ел, бақ қонған жер» деген мағына береді екен.
Бүгінде Астанада Орталық Азиядағы ең биік ғимараттардың біріне айналатын «Абу Даби Плаза» ғимараты салынып жатыр. Оның биіктігі 320 метр, 88 қабаттан тұрады. Ғимараттардың құрылысында энергия сақтау технологиялары пайдаланылады. Жалпы, Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр.
Соңғы жылдары Астана бейбітшілік пен ынтымақтастыққа шақыратын бүкіләлемдік сұхбат алаңына айналды. Астананың Қазақстан мен Еуразияның дәл ортасында орналасуы, Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыруы оның жаһандық бейбітшілік пен сұхбат алаңына айналуына мүмкіндік береді. Сол себепті Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі, Астана экономикалық форумы, Рухани келісім форумдары, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, VII Қысқы Азия ойындары, ЭКСПО – 2017, т.б шаралардың Астанада өтуі кездейсоқ емес. Астана XXI ғасырдағы ғылым-білім, мәдени орталығы болуымен қатар ғаламдық сұхбат алаңына айналды. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тарихи саммиті өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел астанасын оңтүстіктен солтүстікке көшіруі дұрыс шешім болғанын тарих дәлелдеп берді.
Астана, одан бөлек, бұқаралық спорт әрі халықаралық спорт сайыстарының ордасына айналған. Көптеген спорт түрлерінен әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттары ұйымдастырылуы сөзімізге дәлел. Ұлттық спортты насихаттауға арналған «Қазақстан барысы» жобасы ел күтетін бірегей жобаға айналды.
Астана – Еуразия жүрегі. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен
Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы
Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алған еді.
Қаланың тарихи қалыптасу кезеңі де ерекше оқиғалардың бірі. 1998 жылдың өзінде жаңа елордаға көшіп көшіп келгендердің саны 14 мыңға жетті. Олардың дені 20 мен 40 жас аралығындағы жастар еді. Қалаға тағдырдың жазуымен тарихи отанынан аулақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақ диаспорасы өкілдері де келе бастады. Әсіресе, Ақмола, ОҚО және Қарағанды облыстарынан адамдар ағыны күшейе түсті. Осылайша Астана біртіндеп техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның шоғырланған орталығына айналды.
Қазір қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.
Келешегі кемел
Деректерге көз салсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ал қазір қала тұрғындарының саны миллионнан асты. Статистика бойынша, ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алады. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны 1 млн адамнан асады. Олардың 82 пайызы – қазақтар. Орташа есеппен алғанда жыл сайын қала тұрғындарының саны 25-30 мың адамға артуда.
2030 жылға дейін Астанада халықтың саны 2 миллионға жетеді. Бұл туралы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында мәлімдеген еді. Ал 2050 жылға қарай қала халқы қаншаға жуықтамақ?
– Жақында біз қаланың даму болашағын қарастырған едік. 2030 жыл жылға дейін қала халқы 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Осылайша Астанада 2 миллион адам, Алматыда шамамен 3 миллион адам болады. Дәл осындай ірі қалаларда ғылым, білім, мәдениет пен технологиялар дамиды. Урбанизацияны тоқтата алмаймыз. Адамдар қалаға көшкісі келеді. Астана да үлкен «қазанға» айналды. Бұл жерге адамдар Отанымыздың түкпір-түкпірінен келіп, өз жұмысын, өз бақытын, өз баспанасын тапты, – деген еді Елбасы.
Сондықтан қала әкімшілігі алдында коммуналдық және басқа да қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру міндеті тұр. Оған қоса мемлекет азаматтарының саны барлық аймақтарда біркелкі болу үшін мемлекет басшылығы үйлесімді демографиялық және миграциялық саясатты жүзеге асыру бойынша жан-жақты шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Астананың болашағы жарқын. Елбасы айтқандай, Астана – жаңа, серпінді дамып келе жатқан Қазақстанның бейнесі, жаңарудың, республикамыздың тәуелсіздігінің нышаны. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Отанымыздың әр азаматының болашақтың қаласы – сүйікті Астанамыздың гүлденуіне өзінің қайталанбас үлесін қосуға мүмкіндігі бар.
Жалпы, Елорда тойы – елдіктің тойы. 20 жыл деген жас жігіттің ғұмыры. Ендеше, уақыт сәтімен жас мегаполис көркейе берер. Астананың дамуына еліміздің барлық өңірлері атсалысуы тиіс.
Әріптестік артып келеді
Среда, 16 Май 2018 05:25Оңтүстікқазақтандық кәсіпкерлер мен көрші өзбек елінің тауар өндірушілері арасында сауда-саттық дами түскен. Бүгінде екі жақтың да экспорт айналымы тең шамада.
Жалпы, көрші елге бізден май және ет өнімдері, темір бұйымдары жеткізілсе, Өзбекстаннан бізге келетіні – негізінен көкөніс, текстиль өнімдері.
Шымкентте өткен екі күндік «Оңтүстік Қазақстан – Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің көрмесінде негізінен тоқыма өнімдері көпшілікке ұсынылды.
Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорт тауарлары мен ойыншықтар өндіретін оңтүстік қазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорын қатысты.
Көрме жұмысымен танысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев екі елдің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасының және сауда-экономикалық байланысының бұдан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
Қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас артып отыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымының көлемі 2,0 млрд АҚШ долларына жетсе, оның 30 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Яғни, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы тауар айналымы 16,8 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларын құрады.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңнан астам кәсіпорын және мекемелер сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және құрылыс материалдары, медицина және білім саласында Өзбекстан кәсіпкерлерімен табысты ынтымақтастық орнатқан.
Облыста 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабр икалар бар.
Өзбекстан Республикасының инновациялық даму министрлігінің өкілі Еркін Эргашевтың айтуынша, алда адам капиталын бірлесе дамытуда да бірқатар жобалар бар. Бұдан бөлек, Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында жоспарланған іс-шаралар шеңберінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатысуымен «Аймақтық ынтымақтастық және интеграция: өткізу нарығын кеңейту арқылы екі елдің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Қошқар ата көрікті мекенге айналсын десек...
Пятница, 11 Май 2018 05:46Суы мөлдір әрі шипалы Қошқар ата бұлағы – Шымкенттің мақтанышы. Қазір өзен бастауында тұрғындар сейіл құрады. Саялы орын. Өзен маңын одан әрі абаттандыру жұмыстары да қолға алынып, бірқатар жобалар жасалған. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да өз ұсыныстары бар. «Қошқар ата бұлағы» қорының төрағасы Есенгелді Лесбаев таяуда редакциямызға келіп, өз ұсыныстарын айтты.
Жақсы бастамалар жалғасуы тиіс
«Біле білсек, Қошқар ата – Жаратқанның бізге берген сыйы. Оны қаперден шығармаған жөн» дейді зейнеткер. Расында адамдар жыл он екі ай осы бұлақтың суына түсіп, дертіне шипа табады. Ал енді бірі шынығып, қуатына қуат қосуда. Тіпті басқа өңірлерден келетіндер бар. Әсіресе, жаз маусымында бұлақтың суына бір күнде 5-6 мың адам келіп түседі екен.
Бірегей нысанды халықтың игілігі үшін сақтап, қорғау жөнінде БАҚ-та бірнеше рет мақалалар жарияланды. Қор төрағасының да бұл орайда айтар уәжі бар екен. Мұқият тыңдадық. Өзінің бұл өтініші мен ұсыныстарын облыс және қала әкімінің назарына жетсе екен дейді.
– Біздің мақсатымыз – осы киелі бұлақты болашақ ұрпақ үшін сақтап, көрікті мекенге айналдыруға өз үлесімізді қосу. Облыс әкімі бұлақтың төңірегіндегі тұрғын үйлерді бұзуға тапсырма бергені мәлім. Біз алдымен осы жұмыстардың қолға алынғанына алғыс айтамыз. Облыс әкімінің жылдық есебінде де Қошқар ата бұлағы жөнінде өте жақсы жобалар қолға алынғаны айтылды. Бұған ерекше қуанамыз, – дейді қор төрағасы ақсақалдардың атынан өз алғысын білдіріп.
Зейнеткердің қолында өздері дайындаған дизайн макет те бар. Яғни, бұлақ бойын абаттандыруда өздері де жоба әзірлепті. Алдымен ол кісінің негізгі ескертпелеріне зер салайық. Айтуынша, бұрынырақ бұлақтың басынан есептегенде Ордабасы алаңына дейін 102 бұлақ көзі болған. Қыста аумақты абаттандыру кезінде салмағы ауыр техникалардың кесірінен көптеген бұлақтың көздері жабылып қалыпты. Енді Қошқар ата бұлағының қазіргі арнасына тиісті шаралар қолданылмаса 4-5 жылда басқа арнаға ауып кетуі мүмкін. Өйткені, осыдан 3-4 жыл бұрын өзеннің Ордабасы мешіті тұсында қала тұрғындары қайықпен серуендеп демалатын. Қазір су деңгейі біршама азайған. Енді бұлақтың суын қалыпқа келтірудің бірден-бір жолы – оң қанаттағы бұлақтардың көздерін бітеген тастарды алып тастау дейді зейнеткер.
Ақсақалдарды алаңдататын осы жағдай. Сондай-ақ, төраға Ордабасы алаңынан Тельман бөлімшесіне дейінгі аралықтағы жан-жақтан ластап жатқан монша сулардың жолын жабу керегін тағы да еске салды. Екі жағынан халық жүретіндей аяқжолдар салып, ағаш егу және үш жерден халық шомылатын арнайы орындар талапқа сай істелуі қажет. Бұл салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді жолы болмақ.
«Ұсыныстарымыз орындалса екен...»
Мұндағы жобалардың бәрі де бұлақ аумағын абаттандыру мақсатында қолға алынған. Көктемнің басында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев бұлақ басын аралап, тиісті тапсырмаларды жүктеген еді. Қор төрағасы осы ретте бірқатар ұсынысын алға тартады. Оның айтуынша, бірінші кезекте бұлақ көздерін тазалау керек. Өйткені, өзен суы мен ондағы шармай (маринка) балығының қоры азаюда. Сәуір айынан бастап бұлақ аумағына гүлдер мен көгал егу, сәндік ағаш-бұталарды отырғызу, бұзылатын үйлердің айналасындағы ағаштардың кесілмеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуі тиіс (алғашқы кездегі көріктендіру жұмыстарын жүргізу барысында көптеген ағаш кесіліп кетіпті).
Қор төрағасы сонымен қатар бұлақ көздерін ашып, тастарды жоғары көтеріп, қайта орнына қоюды, бұлақ басын тазалап әрі екі жерден су алатындай етіп қолайлы орын жасауды ұсынады. Бұған қоса бұлақ бастауының үстіндегі 17 үйді көшіріп, бұлақтан шыққан суды бірден бассейнге түсіру және ашық алаңқай жерлерге көгал шөптерінің тұқымдарын себу, гүлдер мен ағаш-бұта көшеттерін отырғызуды айтып отыр. Оған қоса су шығаратын диірмен ағашын орнату, сол арқылы шағын субұрқақтар орнатып, гүлдер мен ағаштарды суару, жастарға үлгі беретін патриоттық, тәрбиелік маңызы бар, кең байтақ жерімізді қорғап қалған батырларымыздың суреттері мен мүсіндерді орнату да өте құптарлық.
– Киелі бұлақ аумағында, үйлердің арасында төртінші бұлақ көзін біз ұсынған дизайн бойынша кафельдеп, үлкен бассейн салынса, дейді ақсақал. Бұған қоса халыққа қызмет көрсететін, ұлттық оюлармен нақышталған ақ киіз үйлер орнатып, қымыз, қымыран сусындарын сату, ал алкогольдік ішімдіктерді алып келуге тыйым салдыру керек. Себебі, кей кездері бұлақ басында масаң халде жүретіндерді кездестіріп қалатынымыз рас.
Келешек жастардың қолында десек, мұндағы бұзылатын үйлердің орнына жас ұрпақтың денсаулығын нығайту үшін спорт кешенін салу да ізгілікті іс болмақ. Ал бұлақ арнасына әйелдерге бөлек бассейн салу туралы ұсыныс та маңызды.
Айта кету керек, «Қошқар ата бұлағы» қоры әділет басқармасынан тіркеуден өткен. Қордың жанашыр ақсақалдары ендігі ретте бұлақ көздерін таза ұстап және осыған байланысты тиісті жұмыстарды ұйымдастырмақ ниетте.
Бар мәселе – қаржыда. Жомарт азаматтардың мәрттік танытатыны да осы кез ғой. Қор төрағалары да осынау жұмыстарды атқару үшін қаржылай қолдау көрсетуді сұрайды. Кәсіпкерлер халық арасында қорды қолдау жөнінде акцияның ұйымдастырылуына ықпал етсе дейді.
Қаланың абаттануына
баршамыз жауаптымыз
Қошқар ата өзені қанша ғасырлар бойы тоқтаусыз ағып, қала тұрғындары үшін тазалықтың бастауы болған өзен. Елімізде қаланы ортасынан кесіп өтетін өзендер санаулы-ақ. Соның бірі де бірегейі – осы Қошқар ата.
Осыдан екі жыл бұрын «Қошқар атаның қадірін білсек» деген дүние жазғанбыз. Расында, бұл аумақта салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарына көңіл бөлген жөн. Саялы орынды абаттандыру уақыт күттірмейді. Осы орайда туған жерді түлетуді перзенттік парызы санайтын азаматтар табылса игі.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларының негізі демеушілер есебінен атқарылуда. Бұл бастамалар жалғасын табуы тиіс.
– Өз тарихымызды танып білуіміз керек. Соның ішінде қасиетті орындарға барып, ата-баба рухына Құран бағыштаймыз. Бұл – имандылықтың белгісі. Рухани жаңғыру демекші, Қошқар ата бұлағының басында бұрыннан келе жатқан шырақшының Құран оқитын үйі болған. Шырақшы бұлақ басын таза ұстауға, ластамауға шақыратын және Құран оқып, жастарға үгіт-насихат айтып отыратын. Абаттандыру кезінде бұл имандылық орны бұзылған. Жауаптылар оны кейін талапқа сай істеп беруге де уәде берген. Осы бұлақ басын тазалауға үлес қосқан шырақшы Әмірбек ақсақал дүниеден өтерде кесененің орнын бізге көрсетіп кетті. Бұл орынды да келешек ұрпаққа сақтауымыз керек. Бұны да қаперден шығармаған жөн, – дейді ақсақал.
Сөз соңындай айтарымыз, жоғарыда сөз етілген мәселелердің бәрі де бірлесе шешетін, жұрт болып жұмылатын шаруалар. Ендеше, туған қаламыздың тазалығына, абаттандырылуына барлығымыз жауаптымыз.
Оқушылар мектепке қиналмай қатынайды
Среда, 16 Август 2017 05:28«Қайнарбұлақ» саяжайында уақытша жол салынуда. Жаңа мектепке баратын жолға Темірлан тасжолынан алынған асфальт төселуде.
Айта кетерлігі, мектепке негізгі жолды салудың құжаттары әзірленгенше жаңа оқу жылы басталады. Сондықтан, балғындар білім ордасына қиналмай жету үшін уақытша жол салынатын болып шешілді.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, жобалық-сметалық құжат жасалып, тендер өткізіліп, мердігер анықталған соң мұнда жаңа жол салынады. Әзірге уақытша жолдың ұзындығы – 1 шақырым.
Сондай-ақ қаладағы Сайрам көшесінің жолын жөндеу басталды. Бұл жол жүк көліктерінің жүруіне рұқсат берілген көше болып саналады. Жолдың бетін жиі жөндеп тұру кезек күттірмейтін істің бірі. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі көлік жүргізушілеріне көшенің жөнделіп жатқан бөліктерінде көлік кептелісі болуы мүмкін екенін ескертеді.
Мал сою бекеті ашылды
Среда, 16 Август 2017 04:30Алдағы қыркүйек айының 1 жұлдызында қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Осы ұлық мейрам қарсаңында Шымкентте жаңа мал сою бекеті ашылды.
Бұл халал қасап «СПК» мекемесінің ашылуына қала әкімдігі тікелей қолдау көрсеткен.
Бекетке арнайы жер телімі берілген, онда қалалықтарға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Заман талабына сай бұл халал қасап бекетін ашуға 20 кәсіпкер өз үлесін қосқан. Бүгінде мұнда тәуілігіне 250 ұсақ, 50 ірі қара мен жылқыны сойып, жіліктеп беруге барлық жағдай қарастырылған. Қалалықтар кез келген уақытта осы қорадағы малды сатып осындағы ветеринар мамандардың қатысуымен сойғызып алуына болады. Тіпті сырттан әкелінген малды да адал бауыздап беруге мүмкіндік бар.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласында Дулати көшесінің бойындағы жеке үйлерде мал заңсыз сойылып келген. Қала тазалығына ерекше мән берген шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымов тап осындай бекет ашуға кәсіпкерлерге ұсыныс берген болатын.
ЭКСПО – инновациялар алаңы
Пятница, 16 Июнь 2017 05:41ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға халық көп келіп жатыр. Ашылған күннен 13 маусымға дейінгі аралықта көрмеге 88 мың 300 адам келген. «Астана конвершн бюро» ЖШС-нің директоры Санияр Айтекенов үш күннің нәтижесінде осыншама адам келгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Көші-қон полициясында 1970 қонақ келгендігі тіркеліпті. Ал өңірлерден көрмені тамашалауға 6 200 бала келген. Қонақүйлерге 27 мыңнан астам адам орналасқан.
Айтекенов өзінің Фейсбуктегі парақшасында көрме аясында «жасыл» экономиканың дамуына инвестиция тартылғанын да жазды.
«Қазатомпром» Ұлттық компаниясы мен әлемдік атом саласындағы жетекші компаниялар – Cameco Corporation, Uranium One Inc., CGN және AREVA – арасында өзара меморандум жасалды. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және CNPC Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және ҚХР-ына газ экспорттау бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ, тараптар 2017-2018 жылдарға «ҚазМұнайГаздың» Қытайға табиғи газ жеткізу мүмкіндіктерін талқылап, Қазақстан газын ҚХР-ына экспорттаудың сатып алу-сату шарттарына қол қойылды», – деп мәлімдеді ол.
Израиль павильоны: «Жасампаздық энергиясы»
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрме аумағында «Жасампаздық энергиясы» тақырыбымен Израильдің павильоны ашылды. Бүгінде Израильде жоғары технология саласында 200-ден астам компания бар. Олар күн, жел және биомассалық энергетика саласындағы бірегей шешімдерді әзірлеуде.
Израиль – инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы елдердің бірі.
ЭКСПО-2017 көрмесінде қуаттың баламалы және қалпына келетін көздері аясындағы өзінің жетістіктері мен әзірлемелерін ұсынады.
«Біздің барлық жетістіктеріміз Израильдің адамдарының, олардың жасампаздықтың креативті дағдыларының арқасында мүмкін болды. Біз Израилдің болашағын жасампаздық қуатымен байланыстырамыз және осы саладағы өзіміздің дағдыларымыз бен тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді ЭКСПО-2017 көрмесінде Израиль Комиссары Элазар Коэн.
Израильдік павильонда келушілерді «Қуат елі» және «Жасампаздық энергиясы» тақырыбында қызықты шоулар күтіп тұр. Энергетика саласындағы израильдік ноу-хау әлеміне куә боласыз. «Қуат елі» шоуында 2400 Led шаммен және айнамен жабдықталған бөлмеде Израильдің жасыл энергия саласындағы жетістіктері туралы қызықты бейнеролик көрсетіледі. Ал «Жасампаздық энергиясы» шоуында анимация мен биші қыздың тақырыпқа сай өнері ешкімді бейжай қалдырмайды.
Израильде биоэнергетика саласы жақсы дамыған. Жоғары технологиялық тұрмыстық жүйенің көмегімен органикалық қалдықтарды экологиялық таза тұрмыстық газға айналдыруға болады екен. Мәселен, израильдіктер ас қалдықтарын да кәдеге жаратуда.
Монако: 2025 жылға дейін теңіздің үстінде эко-қала салмақ
Монако князьдігінің павильоны да көпшілікті қызықтырады. Мемлекет 2025 жылға дейін теңіздің үстінде эко-қала салмақ. Жалпы павильон 2 қабаттан тұрады. Оның ауданы – 750 шаршы метр. Қонақтар бұл павильонда толқын пішінінде жасалған экран арқылы фильм көре алады.
Сондай-ақ, көрермендер виртуалды көзілдірікпен Монако мен Жерорта теңізіне саяхат жасайды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қонақтар үшін арнайы парфюм жасаған көрінеді.
Монако павильоны комиссарының орынбасары Александр Бокийон «Павильонымыздың тақырыбы – «Болашақтың бейнесі». Негізгі инсталляция 34 өздігінен қозғалатын пластинадан тұрады. Онда князьдік пен қоршаған орта арасындағы байланысты бейнелейтін фильм көрсетіледі. Павильонның екінші бөлігінде біздің елге виртуалды көзілдірік арқылы саяхат жасауға болады. Сіздер өз қалауларыңыз бойынша теңіз әлеміне еніп, әрі жоғарыдан әсем қаланың бейнесін көресіздер. Сонымен қатар фильм қосылған сәтте қонақтар Монаконың жұпар иісін де сезіне алады» дейді.
Сондай-ақ, көрме аясында Австрия, Грузия елдерінің павильоны ашылып, жұмысын бастады.
«ЭКСПО кубогы»: Бас жүлде – 50 мың доллар
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында бәйге түрлерінен «ЭКСПО кубогы» өтті. Жарыс ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған. Әлемнің 10-нан астам елінен жүйріктер келді. Сонымен бірге республиканың барлық облысынан және Астана мен Алматыдан келген құнан, жорға, топ бәйге, аламанға барлығы 150-ден астам сәйгүлік сынға түсті.
Жарыс бағдарламасы бойынша, аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырымға созылды. Ал дыз етпе, ұшқырлар екі топқа бөлініп, 2400 және 1800 метрге шапты. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрады.
Астана шетіндегі «Қазанат» атшабарында өткен сайысқа халық көп жиналған. Бәйге алаңының жанындағы «ЭТНОАУЫЛ»-да қазақтың ұлттық салт-дәстүрі дәріптеліп, рухани мұрамыз әйгіленді.