Көлік кептелісі азаюда

Пятница, 03 Август 2018 04:25

Шаһардағы «Бекжан» базары маңындағы жолайырықтан көліктер жүре бастады. Мердігер мекеме «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс жұмыстарын қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ал қалған ұсақ-түйек жұмыстары көліктер жүрсе де жалғаса береді. Жолайырықтан көліктерді ерте өткізудің де өз себебі бар.

DSC 4885

Жуырда ғана газетімізде жолайырық құрылысы қыркүйек айында аяқталатынын жазған едік. Көп ұзамай-ақ мердігер мекеме жолайырықты қала тұрғындарының игілігіне берді. Жалпы есептеулер бойынша бұл маңнан өтетін көлік саны тәулігіне 150 мыңға жетеді. Бұған дейін 109 мың көлік өтсе, осынау жаңа құрылыстың нәтижесінде олардың саны 41 мыңға артып отыр.
– Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бұл маңда Ахунбабаев көшесі кеңейтіліп жатыр. Осы жұмысты істеу үшін жолды ашу қажет болды. Жалпы, жол құрылысын қараша айында қабылдап аламыз, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қ. Баймендиев.
Бүгінде халық көп шоғырланған маңдағы жолайырықтан көліктер ағылып өтіп жатыр. Дегенмен, межелі мерзімге дейін аяқжолдар салу, көгалдандыру сынды жұмыстар да жалғаса бермек.

Шымкент қаласының орталық көшелеріндегі, саябақтар мен гүлзарлар бойында жарықшамдар орнату жұмыстары жүйелі атқарылуда. Бүгінде қала бойынша 139 көше түнгі жарықтандыру жүйелерімен қамтылған.

IMG 5007

Бұл жұмыстар қажеттілігіне орай кезең-кезеңімен іске асады. Әрине, шағынаудандардың (тұрғын алаптардың) жолаушылар ағыны көп және әлеуметтік нысандар (мектеп, балабақша, емхана) орналасқан криминалдық жағдайы жоғары көшелерді қамту – басты назарда.
Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, Шымкенттегі 139 орталық көшеде, 8 саябақ, 32 гүлзарда жарықтандыру жүйелері орналасқан.
2016-17 жылдары Тәуке хан даңғылы, Бақбаев, Темірлан тасжолы, Желтоқсан және Бәйтереков көшелерінде жер асты бойынша жарықтандыру желілері жүргізілді. Бүгінде осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Бәйдібек би даңғылы, Темірлан тасжолын (Бейбітшілік көшесінен-Бекжан базарына және Бақбаев көшесінен-«СинОйл» жанармай құю бекетіне дейін) жер асты бойынша жарықтандыру желілерін жүргізу жұмыстары қызған шақ. Жүйелерді күтіп ұстау жұмыстары да назарда тұр. 
– Былтыр төрт аудан бойынша 28 көшеде құрылыс жұмыстары басталған еді. 16 көшедегі жұмысты аяқтап, жүйеге қостық. Қалған 12 көше биыл тапсырылады. Мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сол себептен биыл жарықтандырылған көшелерінің саны 28 көшеге ұлғаяды, – дейді тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Н. Бектұрсынов. Жалпы, биылға өтпелі болған құрылыс жұмыстары толығымен тамыз айында аяқталып, жарықтандырылған көше саны 162-ге ұлғаяды. Сонымен қатар, биыл жаңадан қосылған елдімекендердің орталық көшелері мен мектеп, балабақша орналасқан 43 көшені жарықтандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 39 көшеде жаңа құрылыс, 4 көшеге қайта құру жұмыстары қарастырылып, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.Жалпы, жасыл энергетикаға бет бұру, баламалы қуат көздерін пайдалану сынды мәселелер жылдан жылға өзекті бола түсуде. Сондықтан, қаланың орталық көшелеріндегі, қоғамдық орындарындағы жарықшамдарды энерго үнемдеу жүйесіне ауыстыру – басым бағыттардың бірі. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, қала бойынша 32 692 дана жарықшам орнатылған. Оның ішінде 16 226 данасы саябақтар мен гүлзарларда, 16 466 данасы 162 көшеге жарық береді. 2016-2017 жылдар аралығында 89 көшедегі 11 565 дана жарық шам диодты шамдарға ауыстырылыпты. Нәтижеде пайдаланылған электр энергиясы 40 пайызға үнемделген. Жалпы, бүгінге дейін қала көшелеріндегі және саябақтар мен гүлзарлардағы 32 692 жарық шамының 27 791-і немесе 85 пайызы энергия үнемдегіш лампаларға ауыстырылды. 
Диодты шамдардың игілігі көп: энергияны үнемдейді әрі жарықты мол береді. Оған қоса мұндай жағдайда бүкіл қаланың жарықтандыру жүйесі бір орталықтан басқарылады. Егер әрбір қала тұрғыны үйлерінде диодтық шамдарды пайдаланып, электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық заттарды уақытылы қосып, өшірсе, біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндігі болмақ. Жалпы айта кетсек, 2013-2016 жылдар аралығында қала бойынша 1020 көпқабатты тұрғын үй ауласы жарықтандырылса, 2019 жылы қала аумағына қосылған тұрғын алаптардағы және «КИК», «Бәйтерек», «Самұрық» және «Тұрғын үй жинақ банк» ипотекалық компаниялар арқылы салынған көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыру үшін сметалық құжаттама әзірлеу тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің жұмыс жоспарына енгізілген.

Үшінші мегаполис болғаннан кейін тазалық пен тәртіп, мәдениет жағынан да өзгелерге үлгі болуымыз керек. Қалада қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Таяуда ғана 30 жаңа автобус әкелінді. Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен, қоғамдық көліктегі мәдениет жағы әлі де кемшін тартып тұр. Кейде аялдамалардың атын дұрыстап атауға келгенде енжармыз.Ал кейде жүргізушілер дөрекілік танытады. Сол баяғы сарын, баяғы әуен. Жалпы, қоғамдық орындағы мәдениет жайына неге мән бермейтін болдық?

DSC 9611

Салғырттық па, сауатсыздық па?

Еңбек және тыл ардагері Өркен Әбдіреев ақсақал 70 жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. Барша ғұмыры осында өткен. Ұлттық мүддеге келгенде үнсіз қалған емес. Сергек. Жастар тәрбиесі, қоғамдық мәдениеттің қалыптасуы хақында әрдайым ойын ашық айтып келеді. Таяуда редакциямызға хабарласып, бірқатар ескертпелерін, ұсыныстарын айтты.
– Қазір жасым 84-ке келді. Қаламыздағы оң өзгерістерге қуанамын. Шымқаланың мегаполис болып, жаңа мәртебе алғанына дән ризамыз. Шүкір, заманымыз тыныш. Әйтсе де қазіргі жастар тәрбиесі қатты ойландырады. Қоғамдық орындардағы бірқатар келеңсіз жағдайларды көргенде көңілім құлазиды, – деп бастады ақсақал әңгімесін. Қарияны толғандырып жүрген жағдай – қоғамдық көлік саласындағы салғырттықтар. Аялдамалардың ұлтымызға еңбегі сіңген тұлғалардың атымен аталатыны әрине өте орынды. Бірақ соны дұрыс атамайтынымыз қалай?
Көнекөз қария әңгіме ауанынан осыны ұғындырды. Аялдамаларды хабарлаудағы тіл тазалығына деген құрмет кемшіндеу түсіп жатқаны рас. Карл Маркс көшесі – М.Х.Дулати, Некрасов көшесі – Нәзір Төреқұлов, Попов көшесі – Ақназар хан, Полторацкий көшесі – Іляев көшесі аталғанына жиырма жылға жуықтады. Бірақ біз әлі күнге баяғы атаудан арылмай келеміз. Ескерткендерге «е, әдет боп кеткен ғой» деп енжар жауап бере салатындар аз емес.
Осы мәселелер жөніндегі ойын айтып, қария қоғамдық көліктердің басшыларымен де жиі кездеседі. Көлікке мінгенде кондукторларға да үнемі ескертеді. Бірақ, нәтиже жоқ.
– Қалай болса солай сөйлеу басым. Өз тілімізді қорлау, қазаққа еңбек сіңірген тұлғалардың аты-жөнін бұрып айту тыйылар емес. Өзім қоғамдық көлікпен жиі жүремін. «Мардан Сапарбаевтан түсетін кім бар?» дейді. Ұят емес пе?! Арыстай азаматты қорлау ғой бұл! «Сапарбаев аялдамасынан түсетін кім бар?» деп неге толық хабарламайды? Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, елімізге қазақылық жағынан да үлгілі болса екен. Осы мәселені түпкілікті шешу керек қой, – дейді ақсақал ашына сөйлей.
Ойланатын жағдай. Тыл ардагері Өркен ата көптен бері осы мәселені көтеріп жүр. Мұнда көлік компаниясы басшылары тарапынан да жауапсыздық бар секілді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары осылай дейді. Әйтпегенде аялдамалардың аттарын дұрыс атау жөнінде барлық көлік компанияларына жыл басында хат жіберілген. Тасымалдаушы мекемелерде жиналыс өткізілген. «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің мамандарымен бірлесе тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, автобус кондукторларына аялдамалардың атауларын толық мемлекеттік тілде хабарлау, жүйедегі тәртіппен бағытта жолаушыларға көрсететін тасымалдау қызметінің мәдениет деңгейін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, әр аптадағы бейсенбі күндері өтетін жиналыста көлік компанияларының басшыларына кондукторлар және жүргізушілер құрамдарымен мәдениетті арттыру туралы нұсқаулық өткізулер тапсырылады. Кондукторларға талап күшейген. Жалпы, ономастика комиссиясы бекіткен көше атауларын толық айту талабы қойылған. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кездесулер, семинарлар ұйымдастырып жатыр.
Өзекті мәселе. Негізінен, бөлім мамандары кондукторлардың уақытша ғана жұмыс істеп, көп тұрақтамайтынын айтады. Көлік компанияларының бәрі жекеменшік. Жұмысқа кімді алатындары өздерінің еркінде. Десек те, қалада мәдениет болу керек емес пе?! Бізде әлі сана өзгеруі керек сияқты. Ұлтжандылықты, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыратын уақыт жетті емес пе?
Электронды билетке көшу де басты мақсаттың бірі. 2018-2019 жыл аралығында автобустарға электронды билет жүйесін орнату жоспарланып отыр. Әлде қоғамдық көліктегі мәдениет жағы сол кезде түзелер ме екен?!

DSC 9392

Жүргізуші мен кондуктор үшін оқу орталығы керек шығар?

Таяуда №40 бағыттағы автобусқа мінген едік. «Қатын көпір» аялдамасынан бір егде апай түсті. Аяғын әрең басып, қиналып жүретіні байқалады. Жүргізуші болса «Неге дайындалып тұрмайсыз? Ай қарап келе жатсыз ба? Болсаңызшы тезірек!» деп дүңк еткізді. Сөйтсек, ол кісі мүгедек екен. Мына дөрекілік жарымжан апайдың жанын қаншалықты жаралағанын айтпай – ақ түсіндік.
Мұндай жағдайларды тізе берсек көп-ақ. Автобустар жаңарғанмен, ондағы мәдениет жағы жаңғырмай тұрғаны ойлантады. Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тəртіп ережелеріне бағынуға тиіс. Дініміз тазалықты иманның жартысы деген. Қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, мұсылман қандай жағдайда да басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен бойын аулақ ұстағаны абзал.
Мына бір жағдайды да атап өткен жөн шығар. Бүгінде автобустарда даңғаза музыка қою да әдетке айналған. Жұмыстан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушылардың мазасын кетіріп, әдепті сақтамау да ерсі әрекет. Мұндай келеңсіздіктерді де жиі байқаймыз.
Жалпы, қоғамдық орында әдепті сақтау жүргізушілердің де, жүргіншілердің де міндеті. Елімізде жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар орын алуда.
Қоғамдық көліктегі мәдениетті қалыптастырудың қандай жолы бар? Бүгінгі таңда Астанада қоғамдық көліктегі мәдениетті дамытуға, жүргізушілер мен кондукторларға арналған оқу орталығы жұмыс істейді. Бәлкім, бізге де осындай оқу орталығы керек шығар. Сонда тәртіп пен талап күшейер ме еді.

Қалаға қосылған шалғай елдімекендерге қоғамдық көлік жүргізу мәселесі шешімін таппақ. Бұл мақсатта әлеуметтік 10 маңызды бағыт та белгіленген-тін. Мінекей, кәсіпкерлер уәде етілген қоғамдық көліктерді жаңартуды бастады. Астана күні мерекесі қарсаңында «T-bus» ЖШС шаһарға 30 жаңа көлікті әкелді. Жалпы, қала билігі екі жылдың ішінде қалада қоғамдық көлік мәселесін толығымен шешуді қолға алды.

DSC 8767

Әл-Фараби алаңында қаз-қатар тізілген жаңа автобустарды таныстыру іс-шарасына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Көліктер негізінен қытайлық «Ютонг» компаниясына тиесілі. Кәсіпкерлердің айтуынша, оның әрқайсысы 30 млн теңге тұрады. Сыйымдылығы – 100 адам.
Шаһар басшысы шалғайдағы шағынаудандарға қатынайтын көлік компанияларына мемлекеттен субсидия берілетінін де нықтап айтты. Дегенмен, ол үшін тасымалдаушылар күн сайын жолаушылар ағынын есептеп отыруы тиіс.
– Жалпы, әлеуметтік сауалнама жүргізудің нәтижесінде қоғамдық көлік мәселесі алдыңғы қатарда екені анықталып отыр. Қалалық әкімдіктің басшылары да қоғамдық көлікке мініп, жағдайды бақылады. «T-bus» ЖШС қалған 70 автобусты жыл соңына дейін жеткізуі тиіс. Қалада шалғай жатқан және жолаушылар ағымы төмен шағынаудандардың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Қалаға жаңадан қосылған 40 елдімекенге де жаңа автобустарды жүргізуіміз керек. Бұл бағыттардағы тасымалдаушылар нақты кірісі мен шығынын көрсеткен жағдайда оларға бюджеттен субсидия беріледі, – деді қала әкімі.
Қала әкімі, мәслихат депутаттары да жаңа көліктердің мүмкіндігімен танысты. Қаланың көркін бұзбас үшін орталыққа негізінен жаңа автобустар жүргізілуі қажет.
Сондай-ақ, шаһар басшысының сөзінше, Қазақтан даму банкі мен ел Үкіметі арнайы бағдарлама дайындап жатыр. Оған сәйкес, 2018-2019 жылы қалаға 1000 автобус сатып алынбақ. Алғашқы 300 автобус жыл соңына дейін, қалған 700 қоғамдық көлік келесі жылы әкелінбек. Соның нәтижесінде қалада қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешіледі.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жаңа 30 автобус Шапырашты, Өтеміс, Сайрам, Жаңаталап, Ақжар шағынаудандарына қатынайтынын атап өтті.
Жалпы, бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарына 26 көлік компаниясы 70 бағытта тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Күнделікті 1100-ге жуық шағын автобус пен автобустар жолға шығады. Қалада жолаушылар ағыны – 550 мың адам.

«Бір белдеу, бір жол»

Пятница, 29 Июнь 2018 04:57

Бүгінде халықаралық журналистік ұйымдардың ынтымақтастығы, коммуникациядағы медиа-интеграцияның дамуы – өзекті мәселелердің бірі. БАҚ-та дәйекті ақпарат тарату мәселесін де бірлесе шешпек керек. Жуырда Қытай Халық Республикасында «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық медиа-форум өтіп, осы тақырыптар талқыға түскен-ді. Оған біздің елден де бірқатар БАҚ басшылары қатысып, пікір алмасып қайтты.

Қытай сапары 1

Бір аптаға созылған медиа-форумды Бүкілқытайлық журналистер қауымдастығы ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты – әлем елдерінің түрлі журналистік ұйымдарының ынтымақтастығы мен достық әріптестігін нығайту, журналистер одақтарының бірлесе, бейбіт ынтымақтастықта жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін іске асыру болатын.
19-26 маусым аралығында өткен форумға әлемнің 38 елінен журналистер ұйымының 100-ге жуық басшылары қатысып, тәжірибе алмасты. Әріптестер ынтымақтастықтың жаңа моделін құру және ақпараттық тәжірибе алмасу бойынша семинар-дәрістерді тыңдады.

Қытай сапары 3

Жиынға еліміздің делегациясын Қазақстан Журналистер Одағының хатшысы Баян Рамазанова бастап барды. Делегация құрамында Ақтөбе, Атырау және СҚО Журналистер одағы филиалының басшылары, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры Айгүл Қапбарова да болды.
Мақсат пен міндет біреу: қаламгерлердің өзара тәжірибе алмасуы. Бүгінде ақпарат таратуда ынтымақтастық, нақтылыққа сүйенген жөн. Жалпы, форум барысында «Халықаралық журналистік ұйымдар арасындағы әріптестікті дамыту», «Коммуникацияның жаңа арналарын құрудағы медиа-интеграцияларды дамыту», «Бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта семинарлар өтті.
Еліміздің делегациясы ірі медиаплатформа – «Жэньминь Жибао» газетінің тыныс-тіршілігімен де танысты. Күнделікті шығатын газет әлемнің бірнеше тілінде жарық көреді. 70 елде меншікті тілшілері жұмыс істейді.
Сондай-ақ, іс-шара соңында халықаралық делегациялар Сямэнь қаласындағы Сямэнь университетінде, Ұлы Қытай қорғанына, Цюаньчжоу қаласындағы тарихи музейге саяхаттап, Қытай елінің мәдениетімен танысты.

Бұқаралық ақпарат құралдары және баспа саласы қызметкерлерінің қуанышына айналған дәстүрлі спартакиада мәресіне жетті. Төрт күнге созылған спорттық бәсекеде үздік шыққандар анықталды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, журналистер спорт ойындарында да жүйрік екенін дәлелдеді. Әріптестердің ынтымақ-бірлігі жарасып, жұдырықтай жұмыла білгені қуантады, әрине.

DSC 9942

Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен және ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасы, ОҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен бәсеке тартысты ойындармен есте қалды.

DSC 7784

Бұған дейін зияткерлік ойын түрлері – шахмат пен тоғызқұмалақтан, үстел теннисiнің жеңiмпаздары туралы жазған едік.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық iшкi саясат басқармасы басшысының мiндетiн атарушы Бақыт Ахымбетов, Қазақстанның Құрметтi журналисi
Байдулла Қонысбек, тағы басқа БАҚ басшылары құттықтап, iзгi тiлектерiн арнады.
Әрі қарай жеңiл атлетика мен арқан тарту, волейбол бәсекелерi тартысты өрбіді. Биыл «Ернұр» корпорациясы қызметкерлерiнiң бағы жанды. Бұл ұжымның желаяқтары мен допты әуеде шиiре ұратындарына тең келер қарсылас болған жоқ. Ал арқан тартуда бiлектiң буырқанған күшiн көрсеткен – "Рейтинг-Собкор" командасы.
Футбол сайысында да тартысты ойындарды тамашаладық. Әрине, барлық команда ойыншылары жеңiс үшiн аянып қалған жоқ. Ерлер сайысында да, әйелдер бәсекесiнде де «Ернұр» корпорациясы жеңiмпаз атанды. «Ернияз» медиа тобы бұл жолы екiншi орынға ие болды. Бiраз уақыт үзiлiстен кейiн қайта арамызға оралған «Рейтинг-Собкор» командасының үшiншi орыннан көрiнуi де тамаша нәтиже. Әйелдер сайысында «Оңтүстiк» телеарнасы мен ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлерi жүлдеге iлiндi.
Жеңiмпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, кубоктар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, сайыс барысында командасын алға сүйреген бiрқатар ойыншылардың да еңбегi елендi.

DSC 0587

Жалпы командалық есеп бойынша биыл «Ернұр» корпорациясы – бiрiншi, «Рейтинг-Собкор» – екiншi,
«Оңтүстiк» телеарнасы үшiншi орынды жеңiп алды.
Ал «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің командасы да биыл жақсы нәтижеге жетті. Біздің қоржында – бір күміс, бір қола. Жүгіру сайысында командамыз мәреге екінші келсе, тоғызқұмалақ сайысында газеттің есепшісі Әсия Ахметова қола жүлдеге ие болды. «Шымкент келбетi» газетiнің тілшісі
Ақмарал Молдиярқызы футбол сайысының қорытындысында «Үздiк қорғаушы» атанды.

Астана қалай салынды?

Среда, 13 Июнь 2018 05:10

Бүгінгі Астана – бүкіл әлем көз тіккен, сәні мен салтанаты келіскен алып шаһар. Тұрғындарының саны миллионнан астам. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өскен. 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан қаланың өзіндік тарихы бар. Бір кездері аңызақ далада жаңадан бой көтерген шаһардың адам танымастай өзгергеніне бүкіл әлем куә болып отыр. Біле білсек, осыдан он жыл бұрын Елорда халқының саны небәрі 280 мың адам болатын.

20271-6-v astane prohodit sove ru

Расында, жаңадан қала салу көп қажыр-қайратты талап етеді. Оның үстіне ел астанасының жаңадан іргетасын қалау асқан жауапкершілік. Астана бүгінгідей кезеңге бірден қол жеткізе салған жоқ: Елбасының батыл шешімдер қабылдауы, отандық және шетелдік инвесторлардың құрылысқа күш салуы, ел халқының қолдау көрсетуі – бәрі-бәрі ұмытылмас тарих.
Астана құрылысы қалай басталып еді? Бастапқы кезеңдегі әлеуметтік жағдай ше? Мұның бәрі де тарих беттерінде тұр. Біз осынау қиын да күрделі кезеңді бастан өткерген қаланың тарихын тағы біреске түсіруді жөн көрдік.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бастап болашақтағы жаңа елорданы іздестіру басталғаны белгілі. Болашақ астананың әртүрлі нұсқалары айтылды: Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған...Солардың ішінде Ақмола әлеуетті елорда ретінде халықаралық стандарттар бойынша қойылатын барлық 32 талапқа сай келді: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер, т.б.
Біріншіден, бас қала елдің географиялық дәл орталығында орналасты. Екіншіден, Ақмоланың көліктік қатынас жолдары ыңғайлы еді. Яғни, әуе жолы, теміржол мен автомобиль магистральдарының қиылысқан тұсында орналасты. Үшіншіден, қала төрт бағытқа қарай өсе алатын еді. Төртіншіден, мұнда сейсмикалық қауіп жоқ. Бесіншіден, қаланың Есіл өзенінен жиналатын орасан зор су қоймасының болуы әсер етті. Алтыншыдан, жаңа елорданы таңдау геосаяи себептерден де туындады, демографиялық және елдің қауіпсіздігі сияқты мәселелер де шешімін бірден тапты. Ақмоланың таза әрі желдетілетін, жазық жерде орналасқан қала ретінде экологиялық тұрғыдан да ұтымдылығы басым болды.
Елордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезеңде қалада небәрі 280 мың ғана адам тұратын еді. Иә, Астана бірден дәл бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл Елбасының және жаңа мегаполистің құрылысына барын салған азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты. Қаражат жағы тым тапшы. Тәуекелшіл қадамдарға бару керек-тін. Кешіктіруге әсте болмайды.
1998 жылды республикамыз жаңа елордамен қарсы алды. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы болды. Екі жылдан да аз уақыттың ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар қайта жаңарды. Көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілді. Қалаға мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономиканың барлық сала мамандары көшіп келді. 1998 жылдың өзінде жаңа елордаға көшіп келгендердің саны 14 мыңға жетті. Олардың дені 20 мен 40 жас аралығындағы жастар еді. Арасында тағдырдың жазғанымен тарихи отанынан аулақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақ диаспорасының өкілдері де бар. Қалаға ауылдық елді мекендердің тұрғындары жаппай көше бастады. Әсіресе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан адамдар ағыны күшейе түсті.
Қала біртіндеп техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның шоғырланған орталығына айналды. Еліміздің әр түрлі аймақтарынан және шетелдерден ең батыл және тәуекелге бел буған адамдар ағылып келе бастады.
Жаңа Елорданың құрылысын салуға ел басшылығы шетелдік инвесторлардан пайызсыз несиелер алды. 200 миллион долларға жуық өтеусіз инвестициялар тартылды. Жаңа елорданы тұрғызуға көмек қолын созғандар – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және АҚШ сияқты мемлекеттер.
Елорда Астанаға көшірілгеннен кейінгі алғашқы жылдың өзінде Президент бастамасымен еліміздің бас қаласының эскиз-идеясын жасауға халықаралық байқау жарияланды. Н.Назарбаевтың бұл ұсынысына әлемнің 50-дей көрнекті сәулетшісі үн қатты. Жалпы, 40-қа жуық өтінім келіп түсті. Байқау нәтижесі бойынша әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Жапон сәулетшісінің құнды ұсыныстарының негізінде қаланың 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары жасалды. Астананың сәулеттік келбетін жоспарлауда Қазақстан мен Жапонияның сәулетшілерінен бөлек Германия, Ұлыбритания, Болгария, Швейцария, Шығыс елдері және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің танымал мамандары қатысты.
2001 жылы 15 маусымда ҚР Үкіметінің Қаулысымен Астана қаласының бас жоспары бекітілді. Бірақ кейіннен оған ұлттық нақыштағы колоритті қосуға байланысты кейбір өзгерістер енгізілгені мәлім.
Жұмыс осылайша қыза түскен. Биіктігі символикалық тұрғыда 97 метр «Астана-Бәйтерек» монумент-ескерткіші, Есілдің сол жағалауында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының әсем ғимараттары бой көтерді. Көлік және коммуникация министрлігінің биік ғимараты, Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық кітапхана мен мұрағаттың ғимараттары салынды. Ақорда маңынан Парламент Сенаты мен мәжілісінің, Үкіметтің және тағы да бірқатар үкіметтің ұйымдардың ғимараттары тұрғызылды.
Президентіміздің абырой мен беделінің арқасында шет мемлекеттер мен жеке фирмалар жаңа елорданың құрылысына қаржылай қолдау көрсетті. Елорданы оңтүстіктен солтүстікке көшірудің алғашқы жылдары туралы Президент Н.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Егер гранттар мен өтемсіз инвестициялар есебінен салынған обьектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептеуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу Даби даму қорының гранты есебінен салынды. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» инвестицияларының есебінен жасалуда. «Нұр Астана» мешіті Катар мемлекетінің гранты есебінен тұрғызылды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры грант бөлді» деп жазады.
Сондай-ақ, Астананың қарыштап дамуы Қарағанды, Алматы, Павлодар, Атырау, Шымкент және т.б. қалаларындағы құрылыс саласының қарқындауына ықпал етті.
Жаңа елорданың көркіне бүгінгі заманның саясаткерлері, кәсіпкерлері, көрнекті өнер, сәулет, мемлекет және қоғам қайраткерлері тамсана таңдай қағады. Астана өзінің шамамен 20 жылға жуық қарқынды дамуының нәтижесінде әлемдегі едәуір көрікті қалалардың біріне айналып отыр.
Елорда тарихына үңілгенде мына бір жағдайды да айта кеткен жөн. Елордамыз Алматыдан Ақмолаға көшкен соң қала көшелерінің атауын өзгерту үдерісі қолға алынды. Бұл қадам коммунистік, отаршылдық көзқарастардан арылту мақсатында жасалған еді.
1997-1999 жылдар аралығында қаланың ондаған көшелерінің атауы ауыстырылды: Катченко – Манас, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М.Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникизде – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл, Микоян – Сырдария, Монин – Ақжайық. Телмань – С.Торайғыров, Шмидт – М.Дулатов, Социалистическая – М. Х. Дулати, Крупская – Ш. Бөкеев, Красноармейская – Т.Рысқұлов, Первомайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш.Уәлиханов, Литейная – Иманжүсіп болып өзгетілді.
Астана – Президентіміздің төл перзенті. Бұл жайында Елбасының өзі: «Бірінші күннен бастап мен бұл қалаға барлық жан-тәнімді және жүрегімді салдым. Әр ғимаратты, әр тасты өзімнің қолыммен ұстағанмын. Астана – бұл менің мақтанышым, менің қамым, ал жаман болса менің уайымым да. Астана менің туған перзентім сияқты менің өмірімнен орын алды. Ең бастысы, Астана қала ретінде қалыптасты. Танылды» деген еді.
Бүгінде Астанада шамамен 100 мектеп, 20 коллдеж, 20 жоғары оқу орны, 10 театр, 30-дан астам емхана мен аурухана жұмыс істейді. Олардың барлығы елордамыздың беделіне және оның азамататрының әлеуметтік-мәдени деңгейінің өсуіне елеулі үлес қосып отыр.

Hanshatyir-1

(Деректер белгілі тарихшы
З.Қабылдиновтың
«Астана тарихы» кітабынан алынды)

БҰҰ мәліметіне сәйкес, XXI ғасырдың ортасында қалалардағы халықтың саны 7 млрд-қа жетпек. Бұл үрдіс жалғаса беретіні де мәлім. Жуырда өткен  ХІ Астана экономикалық форумында осындай деректер айтылды. Яғни, қазір қалалар бәсекеге түскен кезең. Жасыл энергетикаға бет бұру, баламалы қуат көздерін пайдалану, мегаполистегі соңғы трендтерге дайын болу сынды мәселелер өзекті бола түспек.

22d89aa697e71ca0107ad263ac7ef1c6

Қалалар тартысқа түсетін уақыт жақындады

Рас, мегаполистер дәуірі басталды. Бүгінде урбанизация процесінің қарқыны мен сипатының өзгеруі байқалып отыр. Елбасы да мегаполис дәуірінде қалалар инвестиция, білікті мамандар мен технологиялар бойынша тартысқа түсетінін айтқан-ды.
– Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан агломерацияны дамытудың стратегиясын қолға алды. Егер бізде бұрын 1 млн адам тұратын тек бір қала, яғни Алматы болса, енді оған Астана, Шымкент шаһарлары қосылды. Осылайша, бізде 3 миллионер қала бар. Бұл процес жалғаса береді, – деген еді Мемлекет басшысы экономикалық форумда сөйлеген сөзінде.Жалпы, он бірінші рет өткізілген форумда экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелері талқыға түсті. Жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелері сөз болды. 

ҚР Президентінің айтуынша, бүгінгі ғаламдық дамудың басты бес мегатренді – адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі.
«Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі елде жасыл экономиканы жүйелі дамытудың базасын қалыптастырды. Жалпы, 2030 жылға қарай біздің энергиялық баланстағы баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жетуі тиіс. Биыл жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 460 МВт-қа, қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу 31 пайызға ұлғаймақ.

maqsat

Есептеу құралдары жаңғыртылуда

Шымкент – Елбасының назарындағы шаһар. Халықтың саны миллионға жетуі жаңаша бағытта дамуды талап етеді. БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Үкіметі «Төмен көміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасын іске асырып жатқаны мәлім. 2015 жылы Шымкент қаласының әкімдігі мен Даму бағдарламасының өкілдері арасында меморандум түзілген. Соның негізінде 2018-2020 жылдар аралығында экология саласы мен қалалардағы төмен көміртекті жобаларды дамыту, сол арқылы қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шара жоспары қолға алынды.
Бұл бағытта Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) ОҚО бойынша үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Жетекшісі Әбдімәлік Балбаевтың айтуынша, бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Шымкент – Қазақстандағы пилоттық жобаның қатарына кірген 7 қаланың бірі. Көпқабатты үйлердегі жылу тұтыну, су, электрмен жабдықтау қызметі жүйесін жетілдіру – басты бағыттардың бірі. Тұрғын үйде энергияны бақылау және басқарудың арнайы автоматтандырылған жүйесін енгізу, энергия мен суды есепке алу құрылғыларын жаңғырту арқылы ғана энергияны үнемдей аламыз. Мамандардың есебінше, жүйелерді жаңғыртқан кезде жылу – 10 пайызға, электр энергиясы – 20 пайызға, суды пайдалану 40 пайызға дейін үнемделеді екен.
Қала әкімінің шешімімен былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Шымкент тұрғын үй қызметі» мекемесін құрылды. Яғни, жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау жұмыстары қолға алынуда. Басқарушы компания мемлекеттің қатысы бар жалдамалы үйлерді күтіп-ұстайды. Үкімет пен тұрғындардың мүдддесін қорайды.
Жаңадан қабылданып жатқан үйлерге бірден осы жаңғырту жобалары енгізілуде. Әзірге Нұрсәт шағынауданындағы № 90, 89, 94 және 95 үйлер осы жүйеге көшкен. Бәріне де заманауи электронды қондырғылар орнатылыпты. Олар Ресей, Беларусь және Украина елдерінен әкелінген. Басқарушы компанияның құрамындағы бұл үйдің тұрғындары төлемдерді электронды түрде біле алады. «Шымкент тұрғын үй қызметі» мекемесінің сайтына кіріп, төлем қызметінің жағдайынан толық хабардар болады.
Ендеше, жылу, су, электр энергиясымен қоса көгілдір отынның өлшегіш құралдары да жаңаша жұмыс істей бастады. Бұрын жылудың ақысын шаршы метрге төлейтін болса, енді пайдаланғаны бойынша ақы төлейді. Құрылғылар 2017-2018 жылы салынған үйлердің бәріне орнатылмақ. Жаңа коммуналдық басқару жүйесінің бір қыры осындай.
– Бүгінде әрқайсымыз өз жағдайымызды өзіміз істегеніміз жөн. Елбасы да осыны меңзеп отыр. Біз де халыққа солай ұғындырып келеміз. Халық тек қана менің жекеменшік пәтерім деген ойдан арылу керек. Қалада көлік көбейді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу де басты мәселенің бірі. Қаладағы үйлестіру орталығының бір өзінің жұмысы аз. Ең алдымен бұл бағыттағы жұмыстарды халыққа көбірек насихаттау керек. Төрт аудан әкімдігі халықтың сауатын арттыру жұмыстарын ширататын кез келді. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз. Сол себепті ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандырайық, – дейді Ә. Балбаев талап-тілектерін жеткізіп.
Жасыл энергияны дамытудағы басты бес бағыттан қала тұрғындары хабардар. Қаламызда «Shymkentbike» велостанциялар жүйесі іске қосылып, қала тұрғындарының оған деген қызығушылығы да артып келеді. Бір айта кететіні, мегаполис шаһарға алғашқы электромобиль де әкелініпті.

85 пайызы – энергия үнемдегіш лампалар

Қалада қоғамдық орындардағы жарықшамдарды энергоүнемдейтін диодты шамдарға ауыстыру жұмыстары қолға алынған-тын. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, қала бойынша 32 692 дана жарықшам бар. Оның ішінде 16 226 данасы саябақтар мен гүлзарларда, 16 466 данасы 162 көшеде орналастырылған. 2016-2017 жылдары аралығында 89 көшедегі 11565 дана жарықшам диодты шамдарға ауыстырылыпты. Нәтижеде пайдаланылған электр энергиясы 40 пайызға төмендеген. Жалпы, бүгінге дейін қала көшелеріндегі және саябақтар мен гүлзарлардағы 32 692 жарықтандыру шамының 27 791-і немесе 85 пайызы энергия үнемдегіш лампаларға ауыстырылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша да негізгі жұмыстарды атап өтсек. Қалада ПЭТ ыдыстарды бөлек жинау қызметімен айналысатын «Тутеев» жеке кәсіпкерлігі қоқыс алаңшаларында 100 дана қосымша контейнер қою арқылы осы уақытқа дейін 40 тонна қатты қалдық жинаған.
Коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, Ақтас-1 елдімекеніндегі қуаттылығы жылына 200 000 тонна қоқыс сұрыптау зауыты қала әкімдігі тарапынан «Гринлайн» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген. Қазіргі таңда қоқыс зауыты іске қосылып, сұрыптау жұмыстары да басталып кетіпті. Нәтижесінде, қоқыстарды сұрыптау жұмыстары 9%-ы құрап отыр.

Страница 6 из 14