«Нұр Отан»: Мақсаттар айқындалып, міндеттер белгіленді Избранное

Среда, 13 Февраль 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5386 раз

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыланды. Партияның жасампаз 20 жылдағы жетістіктері сараланып, 10 жылдық бағдарлама жобасы таныстырылды. Конференция жұмысын «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды.

DSC 2804

Конференцияға қала әкімінің бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының Бюро мүшесі Қ. Нұртай, мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, партия ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен көшбасшы партияның 20 жылдағы жеткен жетістіктері жөнінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дәрия Қожамжарова сөз алды.

– «Нұр Отан» азаматтық қоғамның көшбасшысы ретінде елдегі бейбітшілік пен тұрақты орнығудың бастамашысы болып келеді. Жиырма жылда мемлекеттік, стратегиялық бағдарламалардың табысты іске асуына да атсалысты. Бүгінде жүйелілік, кешендік, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында партиялық бағдарламалар мақсатты орындалып келеді.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да да партия жобалары аясында цифрландыру, рухани жаңғыру бағытында көптеген игі істер жүзеге асты. Өз әлеуетіміз бен шығармашылық қуатымызды отанымыздың гүлденуіне жұмсайтын болсақ, біз бағындырмайтын белес жоқ, – деді Дария Пернешқызы.

Жиында ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын Шымкент қаласында іске асыру барысы да сөз болды. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкеманов осы бағыттағы жұмыстарды кеңірек баяндап берді.

Оның айтуынша, қалада Жолдауды іске асыру мақсатында 5 ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Жалпы, 421 кездесу ұйымдастырылған. Қалада коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету, білім сапасын арттыру, медициналық қызметтерді электронды түрде көрсету, азаматтарды баспанамен қамту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда қалада бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың үлесі – 27, 3 пайызға жетіп отыр. Алда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарыла бермек.

Конференцияда «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелері талқыланып, Партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.

Партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов онжылдықтағы басым бағыттарды атап берді. Шымкент қаласында алдағы уақытта «Өмір сапасын ұзарту орталығы» ашылады.

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында Шымкент қалалық партия филиалы «Қазақстан халқы Ассамблеясы», жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денешынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып осындай орталық ұйымдастырмақ. Ол зейнеткерлер мен әлеуметтік әлсіз топтағы адамдарды қолдауды күшейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығын нығайтуға жағдай жасауға бағытталған.

– Жиырма жыл ішінде халықтың әл-ауқаты артты. Алдағы 10 жылда да маңызды мақсаттарды көздеп отырмыз. Белсенді саясатқа көшуіміз керек. Бұл ретте жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. білім беру инфрақұрылымын дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбекқасын көтеру, дәрі-дәрмек бағасын төмендету саясатына назар аударамыз.

Сондай-ақ, азаматтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау, жастарды қолдау, жастардың бизнес бастамаларын қолдау, шығармашылықтарын дамыту да басты назарда. Жалпы, нақты істердің партиясы екенін дәлелдеу міндеті тұр, – деді
Б. Нарымбетов.

Жарыссөзге шыққан бірқатар азаматтар партияның 20 жылдағы жетістіктері, 10 жылдық бағдарламасының ұтымдылығы, төңірегінде ойларын ортаға салды.

Шымкент қаласында 21 845 партия мүшесі бар, олар 43 бастауыш партия ұйымдарында тіркелген. Қалалық филиал конференциясына 334 делегат сайланып, оның 321-і қатысты.

Конференция жұмысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ. Нұртай қорытындылады.
– Қалада барлық салада бақылау күшейтілуде. Бағдарламада айтылған мақсаттардың бәрі де өзекті. Айтылған мәселелердің бәрі зерделенеді. Ең басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық өсімді молайту.

Қала активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Алда партияның 20 жылдық жетістігіне арналған тарихи сьезді өтпек. Осынау маңызды жиынға қатысатын делегаттарға сәттілік тілеймін, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Жиында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезіне «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалынан 60 делегат сайланды. Делегаттардың бәрі де тізім мүшелерін бірауыздан қолдап, дауыс берді.