Жылына 60 мың дана медициналық құрал-жабдық шығарады Избранное

Пятница, 14 Апрель 2017 11:36 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3568 раз

Шымкенттегі «Kazmedpribor Holding» ЖШС-де шығарылатын қондырғылар озық шетелдік құрылғылардан кем түспейді. Бүгінде елімізді арзан бағадағы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған аталған кәсіпорынның жұмысымен танысуы кезінде облыс әкімі Ж. Түймебаев осылай деп мәлімдеді.

kazmed

150-ге жуық адам еңбек ететін кәсіпорын 2005 жылы "Бизнестiң жол картасы – 2020» мемлекеттiк бағдарламасы аясында ашылған. Қазіргі таңда өндiрiс орны рентген аппараттары мен медициналық жиһаз-жабдықтар шығарып, дәрілік өнім өндірумен айналысады. Халықаралық стандартқа сәйкестiк сертификатын алған зауыт бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханаларды УДЗ аппаратынан бастап ота бөліміне қажетті құрал-жабдықтарына дейін қамтып отыр. Соңғы үлгідегі инновациялық жобаларды іске асыруда кәсіпорын Жапония, Испания, Корея сынды алпауыт мемлекеттердің зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Қазіргі таңда “ҚазМедПрибор” мекемесінде медициналық құрал-жабдықтың 400-ден аса түрі шығарылады. Жалпы зауыт жылына 60 мың дана медициналық техниканы шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, мұнда жедел-жәрдем көлігіне қажетті құралдардан бөлек, электрокардиографтар, медициналық мониторлар жасалады. Әрi сапалы, әрi бағасы көңiлге қонымды кәсiпорынның өнiмiне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінде зауыт өнімдеріне Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сынды көршілес елдерден сұраныстар түсе бастаған.