Шын мықтыға тұсау жоқ. Барлық ойындар тартысты һəм қызықты, жарқын сəттерімен есте қалды. Биылғы жарыстың ең үлкен бір ерекшелігі, жүлде қоры қомақты болды. Спорт залдарының іші мамыражай шуға бөленіп, таң азаннан кешке дейін жалғасқан спорттық сайыстар БАҚ өкілдеріне көтеріңкі көңіл күй, керемет сергектік сыйлады.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген 20-ға жуық команда волейбол, футбол және бильярдтан бақ сынасты. Спартакиаданың ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай мен Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, спорттық бәйгеде сәттілік тіледі.
Үшінші мегаполистегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионында өткен БАҚ спартакиадасында үш спорт түрі бойынша жеңімпаздар анықталып, қомақты жүлделерге ие болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, жарыс қорытындысында волейболдан бірінші орынды «Оңтүстік» телеарнасының командасы (200 мың теңге), екінші орынды «Рейтинг-Собкор» құрамасы (125 мың теңге), қола жүлдені «Ернияз» баспасының ұжымы (75 мың теңге) жеңіп алды. Мұнан бөлек, бес бірдей үздік волейболшы түрлі номинация бойынша (20 мың теңгеден) жүлдегер атанды.
Ал, журналистердің теңбіл доп додасында «Ернияз» баспасы чемпион болды. Жеңімпаз командаға 300 мың теңге табыс етілді. Ал өңірдегі меншікті тілшілерден жасақталған «Рейтинг-Собкор» құрамасы (200 мың теңге) жүлделі екінші орын, Түркістан облыстық ақпараттық талдау орталығының командасы (150 мың теңге) үшінші орын алды.
Бильярдтан белгілі журналист, өлкетанушы Кеңес Исмайловты еске алуға арналған тұңғыш турнирде көршілес Жамбыл облысынан келген әріптестеріміз де бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдені «Рейтинг-Собкор» командасы сапында қатысқан «Қазақстан» ұлттық арнасының операторы
Нұрлан Нұрбеков жеңіп алса, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің журналистері Ерғали Картайған мен Табиғат Абаилдаев екінші, үшінші орынға тұрақтады. Жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Тұңғыш Президент күніне орай өткен сайыстың жалпы есептік көрсеткіші бойынша меншікті тілшілердің «Рейтинг-Собкор» құрамасы бір алтын, екі күміспен командалық есепте бірінші орынға шықты.
Жарыстың жабылу рәсімінде қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова жеңiмпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, кубоктар, қаржылай сыйлықтар табыстады.