"Түркі халықтары балуандарының күресіне тәнтімін" Избранное

Среда, 16 Октябрь 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4230 раз

Қазақ топырағында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатына кілең жұлдызды спортшылар келген. Аты аңызға айналған балуандардың бірі қонақ болып келсе, енді бірі бозкілемде бақ сынауда. Күрес тарихындағы ең атақты балуанның бірі, жапон Саори Иошиданы осы бәсекеде жүзбе-жүз көрдік. Ашаң жүзді күншығыс елі аруымен естелік фотоға түсіп үлгердік. Мақсатымыз сұқбат алу болатын. Бірақ, жанында ертіп жүрген жолбасшы жігіт ол мүмкін еместігін айтты.
Әйткенмен әлем чемпионатында куә болған қызықты жағдайлар көп-ақ. Оның бәрі естен кетпес естелік болмақ.

324

 

«Барлық балуандарыңызды жыға танимын»

Әйелдер күресінен Жапония құрамасының өкілдерінен сұрастырып білгеніміздей, Саори Иошида бүгінде кеңесшілік қызметте екен. Келесі жылы өз елінде өтетін Олимпиада ойындарына қатыспайтынын да білдік. Спорттық мансабын аяқтаған сыңайлы. 3 дүркін Олимпиада, 13 дүркін әлем чемпионымен сәлемдескеніміздің өзі қуаныш сезіміне бөледі.
UWW президенті Ненад Лалович мырза әлем чемпионатының ұйымдастырылуына жоғары баға бергенін жазған едік. Ал қонақтардың, әлем балуандарының пікірі қандай? Ол да көпшілікке қызық.
Несін айтайық, жұлдызды спортшыларды көріп, желпініп жүрміз. Жалпы, елімізге 60-қа жуық Олимпиада чемпионы келген.
Грек-рим күресі бәсекелері бітіп, делегациялар елдеріне қайтуға қамданып жатты. Ибис қонақүйінен құрметті қонақтардың бірі Армен Назарянды кезіктіріп қалып, аз-кем сұқбаттастық. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы, әйгілі балуан бүгінде Болгария ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінде. 8 жылдан бері ұлттық құраманы өрге сүйреп жүрген әйгілі балуан әлем чемпионатының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты. Алдымен Дәулет Тұрлыхановқа алғысын білдіріп, күреске жанкүйерлердің қызығушылығы артып келе жатқанын да жеткізді. Көңілін қуаныш кернеп тұр.

325


– Шынын айтқанда, күрестің бойына қан жүгіре бастады. Көпшілік спорттың бұл түрін жақсы көретінін аңғартты. Ал бәсеке әділетті өтуі керек. Жалпы, қазақ, қырғыз, өзбек балуандары әрдайым тамаша өнер көрсетеді. Солардың жасаған әдістері ұнайтынын несіне жасырайын. Бұл – нағыз классика! Әдемі әдіс жасайтын балуандарға құрметім жоғары. Бұл орайда қазақ балуандарының қарымына тәнтімін. Тіпті, бір ұланыңыз 2 дүркін Олимпиада чемпионын жеңіп кетті. Ғаламат деп осыны айт!, – деді әйгілі маман қазақ халқына деген ілтипатты сезімін жасырмай. – Алматыға жиі келіп тұрамын. Қазақстанда достарым да жетерлік. Солар үйіне қонаққа шақырады. Ал Нұр-Сұлтанда бірінші рет болуым.
Алайда, Болгария құрамасының нәтижесін сөз еткенде Назарянның көңілі құлазып-ақ қалды. «Нәтижеміз төмендеу, әрине. Жалғыз қола жүлдеге қол жеткіздік. Біз мұнда мықтылығымызды көрсетуге келіп едік. Өкінішке қарай, ешқандай жолдама ала алмадық. Ендігі бар үмітіміз – алдағы турнирлерде».
Әйгілі балуан Қазақстан құрамасындағы жігіттерді танитынын, бапкерлермен тығыз қарым-қатынаста екенін айтып, қазақ спортшыларына ризалығын жеткізді. «Мен барлық балуандарыңызды жыға танимын. Әлеуеттеріне де қанықпын. Біз Түркияда бірге болдық. Әрдайым оқу-жаттығу жиындарында кездесіп тұрамыз. Кейде еліміздегі турнирге шақырамыз. Біздің достық қарым-қатынасымыз арта беруі керек», – дейді ол.
Даңқты балуанның ұлы Эдмонд Назарян да бүгінде бозкілемде белдесіп жүр. Қазір жасөспірімдер сапында. Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері. Осы жағдайды сөз ете келе, «Эдмондтың әке үмітін ақтай алуы мүмкін бе?» деп сұрадым.
«Әрине, ұлымның болашағы зор. Мен әрдайым керемет шеберлік көрсете алатын балуандарды жақсы көретінімді айтамын. Ұлымның да сондай болғанын қалаймын. Өзінің ынтасы зор. Үйде Олимпиаданың 3 алтыны болса екен деп армандайтынмын. Ал Эдмонд болса 3 дүркін Олимпиада чемпионы боламын деп жүр (күліп). Күрес – өте ауыр спорт. Қалай боларын әрине уақыт көрсетеді ғой».
Әңгімеміз осылай аяқталды. Олар еліне қайтуға қамданып жатты. Біз тілектес болып қалдық.

Риза Каялптың ризалығы...


Алыптардың күресі әрдайым қызықтырмай қоймайды. Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта бұл жолы түрік балуаны Риза Каялп жеңімпаз атанды. Бұл – оның төртінші алтыны. Балуанның финалдағы белдесуін Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанның өзі тікелей эфирде тамашалады. Жеңімпаз атанғаннан кейін телефонмен құттықтап, сөйлескеніне де куә болдық.

323


Ризаны қонақүйде күтіп тұрмыз. Аз-кем пікірін сұрауға асықпыз. Допинг тексеруден өтіп келгеннен кейін осы өтінішімізді білдіріп едік, уақыт тығыз екенін, еліне қайтуға қамданатынын, әуежайда ғана тілдесуге мүмкіндігі барын айтты. Біз оған келістік. Бауырлас Түркия елі құрамасы мінген автобуспен Назарбаев әуежайына бардық. Ризамен сол жерде сұқбаттастық.
– Төртінші рет жеңімпаз атану нәсіп болыпты. Бұл атағыма Қазақ елінде қол жеткізіп отырмын. Өте көп дайындалдым. Алла қаласа ендігі мақсат – Токио ойындарының алтыны. Екі рет Олимпиадаға қатыстым. Бірінде күміс, бірінде қола жүлдеге ие болдым. Дәл осы чемпионатқа келгендегі басты мақсатым чемпион атану еді. Жолдаманы да қоса уысқа түсірдік. Олимпиада алтынын алу үшін қолдан келгенше еңбектенемін. Әрі қарай да күшімді, техникамды арттырып, қате-кемшіліктермен жұмыс істеймін. Дайындығымның шыңында Токиодағы Олимпиаға барамын.
Қазақстанға бірінші рет келуім. Нұр-Сұлтан шаһары өте керемет. Жарысқа дайындалып, жаттығу залынан шыға алмағандықтан қаланы аралай алмадым. Менің белдесуім соңғы күндерге сәйкес келді ғой. Барлық уақытым дайындықпен өтті. Бірақ көріп үлгерген жердің бәрі қатты ұнады. Алда мүмкіндік болып жатса, тағы келіп, қаланы тамашаласам деймін, – деді төрт дүркін әлем чемпионы.
Қазақ балуандарымен таныстығы туралы білгіміз келген еді. Қазақ балуаны Нұрмахан Тыналиев те аса ауыр салмақта белдесіп, әлем чемпионатының жүлдегері атанған. «Алмат Кебіспаев, Нұрмахан Тыналиевті танимын. Кейбірінің есімдерін ұмытып тұрмын. Бірге бастаған жігіттердің біразы күресті қойып кетіпті. Нұрмаханмен кеше чемпионатта жолығып әңгімелестік», – деп түрік балуаны ағынан жарылды.
Әңгіме барысында бұл жетістігінің сыры неде екенін де сұрадық. Бұл туралы ол: «Күніне 5 сағат жаттығамын. Және жақсы тамақтанамын», – деді.
Жалпы, әлем балуандары қазақтың қонақжайлылығына дән риза. Әлем чемпионаты осылайша достықтың жарқын үлгісін көрсетті. Түркі халықтары балуандарының ынтымақ-бірлігі жарасты екенін танытты. Спортқа керегі де осы емес пе?!

Шымкент-Нұр-Сұлтан-Шымкент

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.