Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен қалалық мүгедектер қоғамы мемлекеттік мекемесі «Дельфин» аквопаркінде спорттық фестиваль ұйымдастырды. Тағдыр тауқыметін тартқан мүмкіндігі шектеулі жандар бұл күні шат-шадыман күйде өнерпаз қала жастарының орындауында концерттік бағдарламаны тамашалап, өздері де ән салды, би биледі. Бойында бар өнерін баршаға паш етіп, қабілетінің қарымдылығын көрсетті. Тіпті, суға малтуда да өзгеге дес бермеуге тырысқан табиғатынан қайсар жандар жүзу өнерінде де шебер екендігін байқатты.
- Біздің мақсатымыз - мүгедектердің құқығын қорғау, жәрдем беру, - дейді «Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Торопов. - Біз оларды жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз. Заңгерлік кеңес беріп, көмектесеміз. нәтижесіз емес. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың біразы біздің араласуымызбен жұмыс тапқан. Осы бірлестіктің өзінде сегіз адам есепші, заңгер, жүргізуші секілді қызметтер атқарады. Осындай спорттық фестивальдер аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға талаптанары анық.
Жаздың ұзақ күнінде еркін сейіл құрып, бір-бірімен өзара сұхбат құруға да мүмкіндік алған жандарға естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал, спорттық шараларда үздік шыққандар бірлестіктің арнайы тағайындаған «Алғыс хаты» және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.