«АЛТЫН САҚА» – патриоттық рухты көтерген кинофестиваль Избранное

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5363 раз

Шымкентте балаларға арналған облыстық «Алтын сақа» кинофестивалі өтті. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі облыстық опера және балет театрында ұйымдастырылды.

altyn saqa

«Алтын сақа» байқауының бағдарламасы 3 бағыттан тұрады: қысқа метражды фильмдер, анимациялық фильмдер және әлеуметтік роликтер. Ұсынылған еңбектер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, балалар аудиториясын қамтуы тиіс.
Фестивальге 23-тен астам үміткердің еңбегі іріктеліп алынған. Байқауға Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, кинотанушы Гүлнәр Амангелдіқызы мен «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы төрелік етті. Олар материалдың сапасына ерекше назар аударды.

– Соңғы жылдары Шымкентте балалар фильмдері мен мультфильмдер көбірек түсіріліп, сапасы жақсарып келеді. Жас таланттарды қолдайтын «Алтын сақа» байқауының ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Әсіресе, жастардың еңбегіне риза болдым. Кәсіби болмаса да, өзіндік ойы, мағынасы бар. Мұндай фестиваль республикалық деңгейде өткізілетін болса, кино өндірісінің өрісі кеңейер еді, – дейді кинотанушы Гүлнәр Аманкелдіқызы.

altyn saqa-2

Облыстық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстікфильм» коммуналдық мекемесі ұйымдастырған байқауда «Қуат» қысқаметражды фильмі (режиссері Нұрбол Абсеметов) бас жүлдеге лайық деп танылды.

1 орынды режиссер Дархан Нұртазевтың «Айсұлу» фильмі иеленсе, 2 орын Хамид Мүтәлиевтің «Қаһарман» фильмі иеленді. 3 орын режиссер Бақытжан Көшеровтің «Мен қорқамын» фильміне берілді. Анимациялық фильмдер бойынша «Түлкі мен қырғауыл», «Асар», «Наурыз» фильмдері жүлделі орындарды жеңіп алды.

Фестивальге қатысқан фильмдер 23 қыркүйектен 3 қазанға дейін «Оңтүстікфильм» мекемесінде, балалар үйлерінде көрсетіледі. Ал жеңімпаз деп танылған кинотуындылар 5 қазаннан бастап, жергілікті және республикалық «Балапан» арнасынан көрсетіледі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.