Талантымен Еуропаны тәнті еткен

Среда, 21 Сентябрь 2016 06:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4233 раз

Опера – бекзат өнердің шыңы саналады. Классикалық өнерді бағындырған талант иелерінің ішінде Үралхан Сейілбекованың есімі Оңтүстік тыңдармандарына жақсы таныс.

uralkhan-2

Облыстық опера және балет театры ашылғанда Үралханның қуанышында шек болмады. «Бұл өнерді халық түсініп, қадірін біле ме?» деген көптің ойын өнер ұжымы жоққа шығарды. Опера және балет театрына келген әншінің жұлдызы жанды. Оған айғақ, әнші әлем классикасынан Джю Вердидің «Травиата», Р. Леонкаваллоның «Паяцы», П. Чайковскийдің «Евгений Онегин, Е. Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларында басты партияларды орындады. Ал өткен жылы Абай атындағы опера және балет театрында «Қыз Жібек» қойылымын Ерлан Жандарбаймен бірге орындап, өнер көрсетті. Алматылық көрермен оның табиғи талантын, жоғары орындаушылық шеберлігін танытты. Сондай-ақ ол опера ұжымымен Еуропа елдері Польша, Германия, Австрияда ұйымдастырылған концерттерде өнер көрсетіп, еуропалықтарды операмен тәнті етті. Әнші 2015 жылы Польшада халықаралық «Музыкальный сад Рюбецаля» фестивалінде өткен вокалистер байқауында лауреат атанды.

uralkhanҮ. СЕЙІЛБЕКОВА:
– Барлық кейіпкерімді жақсы көремін. Қай образ болмасын, мен үшін салмағы ауыр. Жақсы қойылым жан-дүниеңді байытады.

Үралхан Каналбекқызы бала кезінен ән салғанды ұнатып өсті. Өнер деп алға ұмтылған ол Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының музыка маманы бойынша білім алды. Тынбай еңбектенудің арқасында алға қойған мақсатына жетті. Алматы облыстық Сүйінбай Аронұлы атындағы филармонияда және ҚР Ішкі істер министрлігінің ән-би ансамблінде жемісті еңбек етті. Туған жерге оралып, қызметін Сырдария университетінде жалғастырды. Міне, 20 жылға жуық уақыттан бері әнші өмірін өнермен өрнектеп келеді.
Сондай-ақ, әсем әуезді, кең тынысты Үралханның классикалық әндері де тыңдарманның көңіліне шуақ сыйлайды. Әріптесі Ерлан Жандарбаймен бірге дуэтте орындайтын әндерін көрермен сүйіп тыңдайды.

– Жолдасым Дәулетжан Болысбаев – суретші. Менің өнерімді қолдайды. Мен де оның шығармашылығын бағалауға тырысамын. Суретшілердің өз мінезі, өз ұстанымы болады. Бірінші кезекте ол маған, мен оған көрермен боламыз, – дейді әнші.

Өнер мен отбасын тең ұштастырған әнші екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол киелі сахнада классикалық өнерді дәріптейтін ұрпақ жалғастығы жоғалмаса екен деп тілейді. Үралхан Сейілбекованың тыңдармандарына жақсы көңіл-күй сыйлайтын күн алыс емес. Опера әншісі 9 қарашада Шымкентте шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.