Газ қауіпсіздігі бойынша әр тұрғын келісімшартқа отыруы тиіс

Пятница, 08 Июль 2022 06:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1354 раз

gaz-kauipsizdigi

Көгілдір отын – нағыз игіліктің көзі. Бірақ табиғи газдың адамзатқа пайдасымен бірге, адам өміріне қауіп төндіретінін де естен шығармаған абзал. Оның қолдану техникасын сақтамау салдары кейде өкінішке әкелуі мүмкін. Әсіресе жылыту маусымында осындай қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Тұрғындарды газдан уланудан сақтау мақсатында Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы арнайы үгіт-насихат жүргізіп, іс-шара аясында халықты табиғи газды пайдаланудың ережелерін бұлжытпай орындауға шақыруда. Осы орайда аталған басқарманың басшысы Нұрдәулет ҚҰРБАНБЕКҰЛЫМЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

–Нұрдәулет Құрбанбекұлы, Сіз басшылық ететін басқарма негізінен құрылысқа жауапты мекеме екенін білетінбіз. Бұл жаңа қызмет қашаннан бері міндеттеріңізге қосылды?

–2020 жылдың 6 желтоқсанынан бастап басқармада газ-техникалық инспекциясы деген жаңа бөлім құрылды. Басты мақсат – табиғи газдан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу. Қауіпсіздіктің сақталмағаны орын алса, тиісті шаралар көру. Міне, сол уақыттан бері жаңа қызметті міндетімізге сай атқарып келеміз. Табиғи газ да тілсіз жау. Техника қауіпсіздігі талаптарын ескермесе, қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан басқармаға маңызды әрі жауапты қосымша функция жүктелді. Соңғы жылдары қалада улы газдан улану деректері көбейіп кетті. Тұрғындар газ пайдалану талаптарын сақтамауда. Қазір тұрғындар арасында газды пайдаланудың ережелерін орындауда түсіндірме жұмыстарына басымдылық беріліп отыр.

–Сіздер бүгінгі таңда осы қызмет аясында қандай жұмыстармен айналысып жатсыздар?

–Жоғарыда айтқанымдай, халықты улы газдан сақтандыру үшін сауаттарын ашып, сол бойынша үгіт-насихат жүргізудеміз. Техникалық шарттарды, тиісті талаптарды сақтамау қандай әкімшілік жазаға әкелетіні туралы түсіндіреміз. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, біздің айыппұл салуға құқығымыз бар. Қазір соның механизмін жетілдіру, айшықтау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындарға техника шарттарын сақтамадың деп оңды-солды айыппұл салу басты мақсатымыз емес. Көздегеніміз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сауаттарын арттыру, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Негізгі күшті осы бағытқа қарай салып жатырмыз. Осылайша тұрғындарға түсіндіріп, профилактикалық жұмыстарды атқарып болған соң қызметіміздің екінші кезеңіне сатылап көшеміз. Ол талапты орындамаған, заңға бағынбаған тұрғындарға айыппұл түрінде жаза көру.

Қызмет көрсетуші Сервистік компаниялар: «Gas Area» ЖШС, «Зенит-ВДГО» ЖШС, «Каз Газ Аймак Сервис» ЖШС, «ОМЕГА-21-ВДГО» ЖШС, «Орион-Р» ЖШС, «ОРЫНБАСАР –СУЛТАН» ЖШС, «РЦКУ-Шымкент» ЖШС, «Т.О.Б» ЖШС, «Ценнер Суан» ЖШС, «M Energy Group» ЖШС, «KINDE ESTATE» ЖШС, «Miras Holding» ЖШС, «MI GAS SERVICE» ЖШС

–Талап бойынша тұрғындар газды пайдаланудың ережесін қалай сақтау керек? Қандай мәселеге бірінші кезекте назар аудару қажет?

–«Қазақстан Республикасының Газ және газбен жабдықтау» Заңының баптары мен тармақтарына сәйкес, біріншіден, газ тұтынушы газбен жабдықтаудың қауіпсіздігіне баса мән беруі тиіс. Екіншіден, газ пайдаланушы тұрғын сервистік қызмет көрсетуші мекемелермен арнайы келісімшартқа тұруға міндетті. Егер сервистік мекемелермен келісімшарт жасаспаса, газ көзінен ажыратылады. Қызмет көрсетуші компаниялармен келісімі бар үйлерді қауіпсіздер санатына жатқызамыз. Өйткені, мұндай мекемелер білікті мамандары бар, аттестациядан өткен сервистік ұйымдар. Олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Өкінішке қарай, көп жағдайда тұрғындар солардың қызметіне жүгінбей, техникадан хабары бар бір кісілерге жөндетіп, кейін артынан газдан уланып жатады.

–Сервистік компаниялардың тізімі бар ма? Өйткені, аталған компаниялармен келісімшартқа тұрғанымен қызмет көрсетпейді деп шағып айтушылар көп.

–Бұл бойынша кез келген тұрғын қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған I-Shymkent порталына кіріп, аталған сервистік компаниялар туралы толыққанды мағлұмат ала алады. Қала бойынша бүгінгі таңда олардың саны – 13. Бірақ оларды үйге газ кіргізуші немесе газ қондырғыларын орнатушы мекемелермен шатастырмау керек. Тұтынушыларды екі топқа бөліп қарастырамыз. Біріншісі, көпқабатты үйлердің тұрғындары. Газ монтаждау үйді салу барысында құрылыс компаниясы тарапынан жүргізіледі. Ал жеке сектордағы үйлердің иелері қалауына қарай лицензиясы бар мекемемен келісіп, газ жабдықтарын орната береді. Қаладағы 13 сервистік компания газға қосылған үйлерге техникалық қауіпсіздік бойынша сервистік қызмет көрсетеді. Ең бастысы құбырлардан, құбыршектердің бір-біріне жалғанған тұсынан газ шықпау керек. Сервистік мекеме осы және басқа да техникалық қауіпсіздіктерін ерекше қадағалайды.

–Жоғарыда аталған 13 сервистік компанияның бірімен келісімшартқа отырмағаны анықталса, тұрғындарды жаза күтіп тұр ма?

–Әлбетте, келісімшартқа тұрмаған жағдайда, қауіпсіздік ережесін бұзған болып саналады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 306 бабына сәйкес айыппұл салынады. Жалпы қалада осы бағытта мамандандырылған 31 компания болса, нақты қызмет көрсетуге жарамдысы – 13. Жеке сектордағы үйде тұратындар да, көпқабатты үй тұрғындары да, егер газ пайдаланған болса, барлығы бірдей 13 сервистік компанияның бірімен келісімшарт жасасуы міндетті. Әрбір пәтер иесі жеке-жеке келісішартқа отырады. Бүгінгі таңда қызмет ақысы жобамен екі жарым мың теңгеден басталады. Газ жабдығының санына, газ плитасындағы көзге байланысты баға әртүрлі болуы мүмкін.

–Қалада соңғы кезде газбен улану деректері туралы мәлімет келтіре аласыз ба?

–Өткен жылдың жылыту маусымында газдан уланудың 600 оқиғасы тіркеліп, өкінішке қарай, 1-2 жағдай қайғылы оқиғамен аяқталған. Сондықтан халықтың санасы өзгеріп, газ пайдаланудың тәртібі мен ережелерін қатаң сақтауы шарт.

–Әңгімеңізге рахмет.

Другие материалы в этой категории: « Сенбіде де жұмыс істейді Сел тасқыны қауіпті »