Депутаттар – ЕЛ ІШІНДЕ

Пятница, 08 Июль 2022 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 997 раз

deputattar-el-ishinde

Үшінші мегаполиске іссапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова, Л. Қалтаева келді. Сенаторлармен кездесуде білім, ғылым, әлеуметтік салалардағы түйіткілді мәселелер сөз болып, бірқатар заңнамалық өзгерістер талқыланды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Іс-шарада БАҚ туралы заң жобасы, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдарды субсидиялау, кадр тапшылығы мәселелері талқыға түсті.

Сенатор А.Қапбарова бүгінде БАҚ туралы заң жобасы талқыланып жатқанын, бұл орайда түрлі ұсыныстар бар екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта реформалап, оның рөлін күшейту керектігін айтқан болатын. Қазір Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Отандық журналистиканың бәсекеге қабілеттілігі, одан әрі дамуы бойынша бірқатар кездесулер, жиындар өтуде. Ең көп талқыға түсіп жатқаны – журналистерге статус беру мәселесі. Одан бөлек, қазір ақпараттық қоғамда БАҚ коммуникациясы деген ұғым пайда болды. Енді кез келген ақпарат таратушы жеке тұлғаның жауапкершілігі заңмен бекітіледі. Сонымен қатар, мерзімді басылымдарға мемлекет тарапынан субсидия беру мәселесі қарастырылуда, – деді А.Қапбарова.

М.Әуезов атындағы ОҚУ-да білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Айгүл Қапбарова өз сөзінде жұмыс тобында қаралып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасы жайлы ақпарат беріп, ондағы негізгі қағидаларынан құлағдар етті. Атап айтқанда, «ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымда жарияланым болуы керек» деген қағидаға өзгеріс енгізу бастамасы көтерілгені, отандық ғылыми басылымдардың беделін арттыру назарда екенін атап өтті. Және ЖОО оқытушы-қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ойластырылып жатқанын да жеткізді. Бұл үшін ғылым саласы қызметкерлеріне арнайы әлеуметтік пакет қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

– Ғылым министрлігінің дербес мекеме болып құрылуы қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалған шара. Ғылым академиясы қайта түлеп, оны қаржыландыру механизмдері қаралып жатыр», - деген сенатор Нұрлан Құдиярұлы жаңа Қазақстанды құру жолында білім саласы мамандарын бірлесіп амал етуге шақырды.

Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» және №5 Аялы алақан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесінде болды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесін жіті зерттейтін сенатор қаладағы балаларға арналған оңалту орталығына өзінің бағасын берді.

– Мұнда мүгедектігі бар жандардың құқығының қорғалуы және қоғамдағы әлеуметтік қолдауы туралы мәселені зерттедік. Байқағаным мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бойынша біраз жұмыстар атқарылыпты. Бұрын мұндай орталықтар көбінесе ескі ғимараттарда, жертөле секілді жабық орындарда болатын. Бүгін сапалы қызмет көрсетіліп жатқанына көз жеткіздік, - деді сенатор.

Ол Парламент Сенатында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамның тең мүшесі ету жолында көп жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Олардың құқығын қорғау мақсатында түрлі заңдар қабылданғанын жеткізді. Мәселен соңғы екі жылда мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын арттыру бойынша 2 маңызды заң қабылданған. Парламент қабырғасындағы соңғы сессияда депутаттар жаңа заңды мақұлдаған. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсартатын жаңа ережелер пайда болды. Ол заң балалар мен олардың ата-анасының мүддесін қорғауға арналады.

Сенатордың пікірінше, мүгедектігі бар балаларға жәрдем беру арқылы мемлекет ата-ананы да қосымша қолдаған болады. Өйткені мүгедектігі бар баланы қараудың өзі оңай емес. Тіпті сол үшін кейбір отбасында бір адам жұмысынан шығуға мәжбүр болады. Осы тұста балаларға көрсетілетін қамқорлықтың арқасында ата-ана өзіне қарауға, басқа балаларына да көңіл бөлуге мүмкіндік алады.

Ләззат Қалтаева бұл салада соңғы 3-4 жылда үлкен жетістіктерге жеткенімізді айта келе, кейбір мәселе бойынша проблемалардың бар екенін де жоққа шығармады. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бөлінетін қаржы мен арнайы бағдарламаларға қатысты мәселе көп. Соның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың тиісті ақпараттарға қол жеткізе алмау проблемасын айтып өтуге болады. Әсіресе ол көзі нашар көретін, құлағының мүкісі бар кісілер үшін өте қиын. Цифрлық мазмұндағы ақпараттарды алуға көпшілігінің мүмкіндігі жете бермейді. Интеллектісі төмен адамдарға ақпараттар түсінікті тілмен, көп жағдайда көрнекі құралдар арқылы жеткізілуі керек екен. Өкінішке қарай елімізде ондай азаматтардың ақпаратты оңай меңгеруіне жағдай жасау жағы кемшін. Міне, осы мәселе бүгінгі таңда әлі басы ашық күйінде қалып отыр.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік мекемелердің қызметін үйлестіру бөлім басшысы Раушан Сейдакбар мегаполисте мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтарымен қамту 100 пайызға жеткенін мәлімдеді. Алайда сұхбат барысында үлкен жастағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын әлеуметтік орталықтардың жетіспейтінін баяндай кетті. Мәселен, қалада 70 орындық жалғыз ғана үлкендерге арналған оңалту орталығы бар. Ал мегаполисте 37 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азамат болса, соның 7 мыңы бала, қалғаны ересектер. Демек осы санға қарап оңалту деген қажеттіліктің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Дей тұрғанмен, мәселені шешу мақсатында бүгінгі таңда қаланың Бозарық аймағынан 150 орындық оңалту мекемесін ашу көзделуде. Ол республика бойынша қабылданған типтік құрылыс жобасына сәйкес салынады.