БАЛАЛАРДЫҢ СПОРТ СЕКЦИЯЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС АЛУДА Избранное

Среда, 11 Август 2021 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4089 раз

balalar-sport-2

Шымкентте балаларға арналған спорттық секциялар жан басына қаржыландыру жобасына көшкелі бір айға жуықтады. Жаңа бағдарлама аясында қаладағы спорттық орталықтар мен кейбір қосымша білім беру мекемелері енді ақысыз қызмет көрсететін болады. Жаңа жобаның жаңалығы неде? Тегін үйірмеге кімдер және қалай қатысады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар клубтарының қызметін жандандыруды тапсырған болатын. Бұл міндетті жүзеге асыруда өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға мемлекеттік бюджет есебінен спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік беретін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын.

Шымкентте мемлекет есебінен спорттың 71 түрі қаржыландырылады

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орымбаев өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында шаһарда шілде айынан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секцияларды жүргізуге мемлекет тарапынан тапсырыс берілгенін жеткізді. Тапсырыс аясында жеке кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша арнайы платформа арқылы тіркеліп, спорт секцияларында тегін жаттығатынын атап өтті.

– Мамыр айында елімізде «Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына нормативтік қаржыландыру» «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға artsport.edu.kz IP-мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады, – дейді М.Орымбаев.

Мақсат Мұсаханұлының сөзінше, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына шілде айының өзінде 24 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 19-ы біліктілік іріктеуінен өтіп баскетбол, бокс, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол сынды спорттық үйірмелерін ұйымдастыруға оң шешім беріліпті. Ал ата-аналардан жалпы саны 2261 өтінім түсіп, оның 1878-мен келісімшарт жасалған.

Ал «Спорттың су түрлері орталығы» ЖШС директоры Айдархан Абуов қалалық «Орталық  су спорт кешені» МКҚК-ның су жолағын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп бастағанын айтады.  Жаңа бағдарламаның тиімділігін түсінген кәсіп иесі өтінім беріпті. Су спортына қашанда сұраныстың көптігі болар, бір айдың ішінде арнайы портал арқылы 853 ата-ана тегін үйірмеге қатысуға ниет білдіріпті. Оның ішінде 537 өтінім мақұлданып, ата-ана мен кәсіпкер арасында жылдың соңына дейін екіжақты  келісімшарт түзілген.

aidarkan

– Бұл жоба ата-аналарға екі жағынан тиімді. Біріншіден, жеке үйірмелерге ақша төлеп шығындалмайды. Екіншіден, балаларының спорттық қабілеттерін орталықтарға апарып, қосымша дамытуға мүмкіндік туды. Кәсіпкер ретінде бізге де жақсы мүмкіндік. Әсіресе, пандемия жағдайында көптеген кәсіпкерлік нысандар шығынға батып жатыр. Өткен жылы 6 ай жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді. Биыл қаладағы эпидахуалға байланысты жұмыс уақытысы қысқартылуда. Қазір қатаң санитарлық талаптарды орындап жатырмыз. Келушілер Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіледі. Штаттық жұмысшыларға тоқталсам, 7 жаттықтырушымыз бар. Олардың барлығы өз ісінің мамандары, спорт шеберлері. Бұдан бөлек, алғашқы көмек көрсетуге дайын тұратын дәрігер және құтқарушылар штаттары қарастырылған. Спорттық үйірмеге портал арқылы жазылған балалар аптасына үш күн жаттығады, – дейді кәсіпкер.

Ал орталық өкілі Күмісай Ерімбетова  artsport.edu.kz арқылы тіркелу және өтінім беру аса қиындық тудырмайтынын айтады. Онлайн тіркеуден кейін орталықпен екіжақты келісімшарт жасасу үшін ата-ана бірнеше құжат өткізеді.

– Ата-ана алдымен сайт арқылы жеке кабинет ашады. Кейін ұл-қыздарын «менің балаларым» бөліміне тіркейді. Тіркелген соң іздеу батырмасы арқылы сайттағы спорттық үйірмелерге өтінім бере алады. Мұнда ата-ана балаларының мәліметтерін қатесіз толтыруы қажет. Өтінім бергеннен бастап 10 жұмыс күні ішінде біздің орталыққа келіп, бірқатар құжаттар өткізеді. Толық тіркеліп, келісімшарт жасау үшін қатысатын баланың мектепте оқитыны туралы анықтама, денсаулығына байланысты анықтама, ата-анасының бірінің жеке куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен 2 дана ¾ фото суреті сұралады. Ваучер алғандар осы құжаттарды 10 күн ішінде өткізуге тиіс, – дейді «Спорттың су түрлері орталығы» ЖШС-нің менеджері.

Триатлоннан халықаралық спорт шебері, көпсайыс спортынан екі дүркін ел чемпионы Жеңіс Найман төрт жылдан бері аталған орталықта жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол балғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және суда еркін жүзуге баулиды.

– Суда шомылу, жүзу, су  ішіндегі ойындар мен шаңғы спорты — жаттығулардың ең бір пайдалы түрі болып есептеледі. Бұл спорттың ерекшелігі – балалардың денсаулығының шыңдалуына және жүйке тамырының нығаюына, бұлшық еттерінің шынығуына көп көмегін тигізеді. Жүзуге үйрету кезеңдерінде баланың батылдылық, тапқырлық сияқты қабілет-қасиеттері қалыптасады. Жүзу кезінде резина, доп, шеңбер, батпайтын ойыншықтар, жүзуге  арналған тақтайлар, арқан жіптер сынды барлық құралдар қолданылады. Берілген бір сағаттың барлығында бала суда өткізбейді. Алдымен бойсергіту жаттығуларын жасап, суға түсуді, дұрыс демалуды одан кейін аяқ-қолды қалай дұрыс қимылдату қажет екенін үйретеміз, –  дейді Ж. Бейсеналыұлы

balalar-sport

Спорттың кез келген түріне 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады

Бұл орталыққа келетін балалардың ата-аналары бұған дейін айына 8-10 мың теңге көлемінде төлем төлейтін. Енді ол мемлекеттік тапсырыс аясында субсидияланады. Мұндай жаңашылдыққа ең алдымен ата-аналар дән риза. Себебі, осындай спорттық үйірмелерге кейбір отбасынан 3-4 балаға дейін барады. Мұның бәрін қосқанда қалтаға әжептәуір салмақ түсетіні анық.

– Шілде айында бағдарламаға онлайн тіркеліп едім. Негізі үлкен ұлымның денсаулығына байланысты жүзуге бару қажеттігін дәрігер нұсқады. Қалған екеуінің дене бітімі дұрыс қалыптассын деген оймен бердік. Әрі бірге серік болып барып қайтады. Әр балама көп қаржы шығындап қиналмаймын. Осындай игі бастамаларға әрдайым қуанамыз. Мейілінше, балалардың спортпен айналысуына мемлекеттен жағдай жасалса, үлкен жетістіктерге жетер ма еді деп кейде ойланамын. Балаларымның бос уақытын тиімді жұмсауын үнемі қадағалаймын, – дейді Айдана Белекбаева.


Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Сондықтан дәл қазіргідей оқу жылының басталар шағында жоғарыдағы artsport.edu.kz сайтында көрсетілген үйірмелердің біріне жазылып, шынығып, шымыр болуға шымкенттік оқушылардың мүмкіндігі мол. Ендігі жерде спортшы болуға ниетті балалар ойынханалар мен смартфоннан емес, спорттық үйірмелерден табылары анық.