Сананы жаңғыртуға бағытталған 40 жоба Избранное

Пятница, 29 Март 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2879 раз

Шымкентте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде арнайы жобалық кеңсе құрылып, өскелең ұрпақтың ұлттық санасын жаңғыртуға үлес қосып келеді.

Рухани жан

Аталған бағдарламаның «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асырылуын қолға алған Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі кеңсесінің мамандары студент жастардың көшбасшылық қасиеттерін арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді.

– Бұл бағдарламаның мақсаты – біртұтас ұлттың бәсекеге қабілетті, патриот және белсенді тұлғасын қалыптастыру, болашақтың іргетасы тәрбие мен білім беру салты болып табылады.

Тұтастай білімнің жаңғыруына негізделген бағытта жастардың рухани жігерін патриотизммен байланыстырған, – дейді ОҚМУ Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнара Жанысбекова.

DSC 7419

Гүлнара Әмірбайқызының айтуынша, кеңседе аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында арнайы 11 жоба қабылданып, мәдени іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылуда.

– Қалалық деңгейде желілік кесте арқылы іс-шаралар жоспары нақтыланды. Бұған дейін «Төле би – Төбе би» кешенді жобасын өткіздік. Оның ішінде көпшіліктің көңілінен шыққан «Мен таныған Төле би» студенттік батлы, Ted-Х шарасын атап өтуге болады.

«Гид волонтер» жобасы аясында өңіріміздегі тарихи орындар мен қасиетті мекендерге саяхат жасадық. Бұл іс-шара әр аптаның жұма күні сайын өтіп отырды. Қазақстанның киелі жеріне енген 30-ға жуық орында болып, үлкен әсер алып қайттық.

Жалпы, әр студентті жеке тұлға ретінде қарауымыз тиіс. Олар әр саланың мамандары атанып, елдің даму үдерісіне өзіндік үлес қосатын кадрларымыз. Университеттегі әрбір факультетте бекітілген жалпы 13 жауапты маман арнайы бекітілген желілік кесте бойынша жұмыс істейді.

75 жылдық тарихы бар жоғары оқу орны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үдерісіне белсенді түрде қосылып, нақты идеялар мен жобалар ұсынуда. Биыл кеңседе 40 жоба әзірленіп, республикаға ұсынылған.

Оның ішінде «Шымкент қаласы – рухани болмыс қайнары» портфельдік жобасын атап өтуге болады. Жоба жетекшісі – университет ректоры Дәрия Пернешқызы.

Бұдан бөлек академик Мекемтас Мырзахметұлы сынды елге белгілі авторлардың жобалары республикалық комиссияға жолданған.
Бұл ретте жоғарғы оқу орнындағы магистрлар мен студенттерді қамту жоспарланған. Сонымен қатар «4.0 университет» үлгісін енгізуді мақсат етіп отыр.

– Бұған дейінгі университеттердің миссиясы тек біреу: білімді сақтап, белгілі бір әлеуметтік деңгейді құру болды. Кейін олар ғылыми зерттеулер жүргізу міндетін де қосып алды да, екі бағытта жұмыс жүргізе бастады: жаңа білім енгізу және студенттерге сол білімді меңгеру техникасын үйрету.

Өткен ғасырдың аяғында университеттердің өздері орналасқан қала, мемлекет, ел экономикасының дамуына көмек беріп, болып жатқан процестерге етене араласып, түлектерінің болашақта барып жұмыс істейтін салаларының өзгерістерінен хабардар болып отыру қажеттілігі туындады.

Мемлекет жоғарғы оқу орындарының экономиканы дамытуға салмақты үлес қосып, жаңа технологияларды құру, толыққанды жоғары интеллектуалды өнімдер даярлауын талап етіп отыр.

Мұндай университеттер кәсіпкерлік немесе «3.0 университет» деген атауға ие болды. Ал «4.0 университет» моделі бойынша жоғарыда аталғандарға: әлеуметтік жауапкершілік, рухани-адамгершілік компоненті қосылады, – дейді кеңсе басшысы.