Осы көктемде Шырынкүл әжей тосын тербеліс сезінді. Себебі, жаулығы қарқарадай ана биыл 100-ші Наурызын тойламақ. Иә, 1919 жылдың 1 мамырында дүние есігін ашқан Шырынкүл апаның ендігі арманы жоқ шығар. Дедік. Тамсандық.
Жаһандану жайлап тұрған заманда тұтастай ғасыр жасау мүмкін еместей көрінгенін несін жасырайық. Сөйттік те көненің көзі, асылдың асылы Шырынкүл Амалбекқызының шаңырағына бет бұрдық. Әрі ғасыр-әженің ғақлиялы батасын алып қайтуға асықтық.
Өмірі – өнеге
Шырынкүл әжей қыста – қалада, жаздыгүні ауылға барып, ағарған ішіп, таза ауамен тыныстайтынға ұқсайды. Дәл қазіргі уақытта қаламыздағы 4-шағынауданда тұрып жатыр. Кенже қызы Нағима апамызбен байланысып, көнекөздің үйіне де келдік-ау.
«Журналист балалар келеді» деген соң, әже ақ жаулығын тағынып, бізді күтіп отырыпты. Жүзімізден толқыныс сезді ме, қария жылы жымиып амандасты.
Таза асыл, бекзада болмыс, ақша маңдай, ақ самайлы әженің алдына жайғастық. Реңі әппақ, өзі жүріп-тұрғанымен, әжей көп әңгіме айта алмайды екен. Есесіне кенже қызы Нағима апамыз ғасыр адамның өмірінің арғы-бергі тарихынан сыр шертті.
– Енді қалай болуы керек еді?! Менің өзім келер жылы 60-қа келемін, - деді Нағима Тұрсынқызы аз-кем әзілдеп.
– Анам Созақ ауданының Бақырлы ауылында Амалбек Қожақайұлы болыстың отбасында дүниеге келген. Шешемнің шешесі Бибіш әжеміз де ғасырға жуық өмір сүріп, 90 жасында қайтыс болыпты.
Немере ағасы Әбдімәлік 100-ге кеп бақилық болған. Соған қарағанда анамыз тектінің тұяғы болып тұр ғой, - дейді үлкен қызы Бағила.
– Әкем Тұрсын Төреханұлының анамнан бес жас үлкендігі бар. Созақ ауданының Сызған ауылында туып-өскен. 1930 жылы 16 жасында Жартытөбе мектебінде мұғалім болды.
1932 жылғы ашаршылықта, Созақтың Теріскей беті де қатты қиындыққа ұшыраған ауыр кезеңде әкеміз елге жанын салып қызмет етті. Әке-шешесінен тірідей айырылған панасыз балаларға «Балалар үйін» ашып, өзі сол мекемеге жетекшілік етеді.
Титімдей сары ауыз балапандарды аман алып қалу үшін өз қолымен быламық дайындап беріп, қаншама жетімнің өмірі үшін күреседі, - деп кенже қызы әкесінің өмірбаянын осылай бастады.
Он беске толар-толмас шағында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Тұрсын ақсақал 1938 жылы Созақ орталау мектебіне директор болып тағайындалады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, шәкірттері біртіндеп майданға кетіп, артынан көп ұзамай қара қағаздар келіп жатты. Бір жылдан кейін ол өзі сұранып, ұрыс даласына аттанады.
Соғыс кезіндегі іс-әрекеттерін, ерліктерін баяндап, майдан шебінен хат жазып тұрады. «Шырын! Ел-жұрт аман ба?!» деп бастайды екен хаттарын. Майдан даласында үш жыл соғысып, елге аман-есен оралады.
Денсаулығынан айырылып келеді. Бірақ, ел бар, жұрт бар, Тұрсын ақсақалды алақандарына салып, ұдайы жанашырлық көрсетіпті. Денсаулығы ақыры қатты сыр беріп, 46 жасында қайтыс болады.
Осы орайда Шырынкүл әже бір «әттеген-ай!» дейтін өкінішін де айтып қалды. Елім, жерім деп туған ауылына толайым еңбек сіңірген Тұрсын Төреханұлының атына не бір мектептің, не бір көшенің аты берілмепті.
Шырынкүл Амалбекқызы жастайынан еңбекке араласып, қоғам белсендісі болыпты. Мектепті бітірер жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасы сахналанғанда бас кейіпкер Баянның рөлін сомдаған кезде ұстазының көзіне түсіп, нәзік сезімнің оты ұшқындаған болуы керек. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтереді.
Өмірге Ақық (марқұм), Бағила, Зағипа, Сапура, Шахризада (марқұм), Қонысбай, Сейітзада, Мағрипа, Нағима атты 9 ұл-қыз дүниеге келеді. Отбасы, ошақ қасын дөңгелете жүріп, өз заманының белсендісі болған, жастайынан жұмысқа білекті сыбанып кіріскен кейіпкеріміз сонау алғашқы колхоз құрылысы кезінде сауатсыздықты жою жұмыстарына ауыл мұғалімі ретінде белсене атсалысады.
Бұл күнде Қозмолдақ ауылындағы өз шаңырағында, үлкен ұлы Қонысбай ағаның отбасының берекесін кіргізіп отырған аяулы ана. Зағипа, Сапура, Мағрипа, Нағима қыздары әкесінің жолымен ұстаздықпен айналысып, абыроймен зейнетке шыққан.
Үлкен қызы Бағила ұзақ жылдар дәрігерлік қызмет атқарып, зейнет жасынан асқан. Қазір жасы – 78-де. Қара шаңырақта отырған үлкен ұлы Қонысбай өзі әке болып жүргенін ұмытып, әлі күнге анасына еркелейтінге ұқсайды.
Адам ұрпағымен мың жасайды
Алтын құрсақ анамыздан 25 немере, 25 шөбере, 1 шөпшек тараған. «Апам өзі «нұр» сөзін жақсы көреді. Немерелерінің барлығының аты «Нұр»-дан басталып, Нұрсұлтан, Нүргүл, Нұртас, т.с.с. жалғасып кете береді», -дейді Нағима апа.
Ал Шырынкүл әженің 5 сыныпта оқитын Гүлжахан атты шөбересі әжесіне арнап өлең шығарыпты:
– Әжем менің ақылды,
Әжем менің қамқоршы.
Бәріне көңіл бөледі,
Мені жақсы көреді.
Нұртілеу және Нұрайым есімді шөберелері «Жүз емес, мың жасаңыз!» деп шөберелік пейілмен тілек айтты. Нұрайым – әжесіне ерекше қамқор болғандықтан, әжесі оған риза болып, батасын берген көрінеді.
«Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, Шырынкүл әже өмірінің толысқан шағында нағыз зейнетін көріп отырған қадірменді қария. Өмірдің талай соқпағын өткерсе де, өзі жүріп-тұрып, жадын жоғалтпаған, тілі анық.
Бір сөзбен – әдемі қартайған. Қарт адамдардың мазасын жиі алатын қан қысымы жоқ. Тек аяғы анда-санда сырқырайтын көрінеді. Зағипа қызы айтқандай, «Әженің тек өзі ғана емес, көзі, аяқ-қолы, барлық дене мүшесі де 100-ге келді ғой!» Кәрілік өз дегенін алады.
Адам қартайғанда жас бала іспетті боп қалады деген рас, әжей де бейкүнә періштедей пәк. Немере-шөберелері келіп, шүйіркелесе қалғанда, «Он тоғыздағы қызбын ғой» деп қалжыңдайтын көрінеді. Жүзге келсе де, көңілі он тоғыздағы қыздай әжеміздің осыншалық ұзақ өмір сүруінің құпиясы – тынымсыз қимыл-қозғалыс екенін ұқтық.
Өмірдің талай соқпағын бастан өткерген, шаруашылықтың барлық түрін ұршықша иіріп кететін, қазіргі таңда Қозмолдақ ауылының құрметті қариясы, қала берді Төрехановтар әулетінің үлкені, көнекөз, қарт ана, алтын құрсақты «Батыр ана», майдангердің жары, тыл ардагері, ғасыр жасаған Шырынкүл әжемізді Созақ өңірінде білмейтін жан жоқ шығар, сірә.
Ғасыр әже – асыл әже Шырынкүл Төреханова осылайша 100-ші көктемін қарсы алып, Жаратқанға шүкірін айтып, өзінен өрбіген ұрпағының жанына жалау боп отырған жайы бар.
Біз де әженің ақ батасын алып, елдің тыныштығын тілеп, көңіліміз бір серпіліп, рухани байып қайттық. Қазыналы қарияларымыз көбейе берсін!