Қоғамда әділдік сұрап, дауласып жатқан адам көп: тұрмыстық, отбасылық немесе еңбек даулары бойынша көптеген адамдар сотқа жүгінеді. Оны қайтіп азайтпақ керек? Оны шешудің жолы бар, әрине. Бұл ретте медиативті келісім арқылы-ақ татуласуға боларын білсек. Таяуда «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен қала әкімдігі арасында меморандум түзілген-тін. Алда бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсаты тұр.
Медиаторлар бірлесе жұмыс істеуге ниетті
Әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамда тұрақтылық пен ынтымақтастықты қолдаудағы медиация институтының маңызы зор. «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы, қала әкімдігі осы мақсатта бірлесе әрекет етпек. 2018 жылдың 20 желтоқсанынан бастап қалада 4 аудан әкімдігі, 22 басқармада медиацияны түсіндіру бойынша семинар өткізіліп, медиа-жоспар дайындалды. Енді екі тарап еңбек даулары, отбасылық кикілжіңдерді бірлесе шешпек. Нақты айтқанда аудандық әкімдік, 20 мекемемен бірлескен меморандум түзді.
Қоғамдық бірлестік филиалының жетекшісі Лаура Ақшегірованың айтуынша, Медиация заңын түсіндіру біршама уақытты талап етеді. Бірқатар қиындықтары да бар.
– Қоғамда ажырасып жатқан ерлі-зайыптылар саны азаяр емес. Еңбек даулары мен ажырасушы ерлі-зайыптылардың санын азайту мақсатында нақты әрекетке көшуіміз керек.
Біз қандай көмек бере аламыз? Міне, осыны зерделей келе Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе арнайы медиа-жоспар құрдық. Негізгі мақсат – халыққа медиация заңын ұғындыру. Кеңінен түсіндіру. АҚШ-та, Еуропа елдерінде жалпы даудың 80 пайызы медиативті келісіммен аяқталса, біздің елімізде оның көрсеткіші небәрі 3-4 пайыз ғана. Яғни, айырмашылық үлкен. Біздің міндетіміз – даудың санын мейлінше азайту.
Сол Еуропа елдеріндегідей 80 пайызға жеткізуге әрекет етуіміз керек. Біз Медиация заңын түсіндіру де біршама уақытты алады. Кемінде 1 сағат қажет. Сондықтан, біз халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерден бастағанды жөн көрдік, - дейді қоғамдық бірлестік төрайымы.
Жұмыстар семинар өткізумен шектелмейді. Алда барлық басқармаларға қарасты мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелерге бір-бір медиатордан бөлінеді. Яғни, медиаторлар сол мекемеге барып, қызметкерлерге түсіндіреді. Мәселен, еңбек инспекциясы, жұмыспен қамту бойынша еңбек даулары өте көп. Оның бәрін медиативті келісіммен жасауға болады.
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуына қарағанда, медиацияның артықшылықтары өте көп: ең алдымен уақыт, қаржы үнемделеді. Мәселен, қазір адвокат жалдаудың бағасы қымбат.
Медиативті келісімге келу ақылы, әрине. Бірақ тегін істейтін жағдайлар да өте көп. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектегі бар адам болса, медиаторлар міндетті түрде тегін қызмет көрсетеді. Кез келген уақытта қайталап кеңес алу тегін. Нақты мемлекеттен бекітілген баға жоқ екенін де айта кеткен жөн. Оның бәрі де тараптардың келісімі бойынша.
– Отбасылық дауға байланысты бірлесе жұмыс істегеніміз дұрыс. Өйткені, бір аптаның ішінде жеке өзіме ажырасуға байланысты 10 өтінім түседі. Дегенмен, он өтінімнің бесеуі келісіммен аяқталады. Солармен бірге бірлесіп, БАҚ-та кеңірек насихаттау бойынша жұмыс атқару керек. Бізде бейнероликтер өте көп. Қажет болса беруге дайынбыз. Түсіндіру жұмыстарын тегін жүргіземіз. Оған ақы сұралмайды. Кез келген мекемеде, жалпы халық көп жиналған орынға біз міндетті түрде барамыз, – дейді медиатор маман.
Қазір 4 аудан әкімдігінде медиаторлар кабинеті жұмыс істейді. Басқармаларда да кабинет ашылса деген ұсыныстар да айтылуда.
Өз жұмыскерлеріне қарыз болған мекемелер бар
Қалада ұжымдық шарт жасасу, еңбек дауларын шешу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Әуесханов ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындар әлі де көп екенін айтады. Мұндай кәсіпорындардың саны 5890-ға жеткен. Ұжымдық шарт жасасу мониторингін Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы жүргізген. Яғни, ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындармен жұмыс істеу керек.
– Бүгінде қалада қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, жолаушылар көлігі тасымалы, қызмет көрсету салаларындағы және шағын кәсіпорындарындағы көптеген кәсіпкерлер еңбек қатынастарын рәсімдемей жұмыс атқаруда. Бейресми еңбек қатынастарында тұрған азаматтар зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен айырылуда.
Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында Шымкентте жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармалары, аудан әкімдіктері, мемлекеттік кіріс органдары, кәсіподақтары орталығы іс-қимыл жасау қажет. Бұл ретте еңбек қатынастарын заңдастырып, жұмыскерлердің электронды форматта жалақы алуына және Елбасының қолма қол ақшасыз экономикаға өту талабын орындауға бет бұру уақыты келді. Қала әкімдігі де еңбек шартын жасасу мониторингін жүргізуді қолға алу қажет, – дейді Серік Елемесұлы.
Өз жұмыскерлеріне қарыз болған кәсіпорындар да аз емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 14 мекеме 1356 жұмыскерге 207 млн 936 мың теңге жалақы қарыз болған екен. Оның ішінде 7 мекеме 520 жұмыскер алдындағы 74,6 млн теңге қарызын өтеген.
Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы, жалпы, 163 еңбек дауын шешуге атсалысқан.
Алда еңбек шартынсыз жұмыс істетпеу, ұжымдық шарт жасасу жұмыстарын күшейту міндеті тұр. Ұжымдық шарт жасасу үшін міндетті түрде кәсіподақ ұйымы болуы қажет. Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы дер едік.
Бүгінде Шымкентте 60-қа жуық медиатор жұмыс істейді. Ол қала бойынша тым аз. Енді түсіндіру жұмыстарын интернет арқылы, әлеуметтік желілер арқылы, жалпы БАҚ-та кеңінен насихаттау басты мақсат болып отыр.