Әулиеатадан ардагерлер келді Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3135 раз

Жамбыл облысынан келген ардагерлер делегациясы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауында болып, көрші облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің сәлемін жеткізді.

17

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев бастаған делегация құрамында Еркінбек Солтыбаев, Қатира Аққұлиева, Жандар Кәрібаев, Орынбай Рахманбердиев сынды елге сыйлы ардагерлер бар.
Шаһар басшысы Әулиеатадан келген ардагерлерге Шымкенттің даму бағытын таныстырды.
– Шымкенттің бұған дейін бекітілген Бас жоспары негізінде және оны жаңа жобалармен толықтыра отырып, шаһардың екі бағытта дамуына күш салып жатырмыз. Оның бірі Ескі шаһар аумағындағы жұмыстар болса, екіншісі – Тұран шағынауданындағы «Shymkent City» жобасы, - деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Қала әкімі Ескі шаһар аумағындағы Цитадельді тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу мақсатын, ондағы қазба жұмыстарының нәтижесін, Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру ісін баяндады. Жамбылдық ардагерлер Қонаев даңғылы Шымқаланың Ташкентке шығатын екінші күре тамырына айналатынын естіп, Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шығуына тілеулестік білдірді.
Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, экс-сенатор Жандар Кәрібаев Шымкент қаласы жыл сайын емес, күн сайын өзгеретін сияқты дейді.
– Өзім Түлкібас ауданының тумасы болғандықтан, туыстарымның көбі осында, Шымкентке апта сайын той-томалаққа келемін. Бірақ, әр келгенде 3-4 жерді ғана аралап үлгеремін. Келесі жолы көрермін деп қайтқаныммен үнемі өзгерісті байқаймын. Үлкен көшелер көбейіпті. Жаңа үйлер, ғимараттар көп. Түрлі мәдени ошақтар мен саялы орындар жоғары деңгейде құрылған. Бүгін 24 адамнан құралған ардагерлер делегациясын Шымкенттің дендробағы, зообағы, Тәуелсіздік саябағы тағы таңқалдырды, - дейді Ж.Кәрібаев.
Қазақтың қаймағы жиналған өңірлер рухани-тарихи құндылықтарға да бай. «Рухы түскен елдің еңсесі биік болмайды» деген ардагерлер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды.
– Біз бұл жетістіктерге Мемлекет басшысының сарабдал саясатын ұстана отырып жеттік. Отанға адал қызмет еттік. Тарихымызды қадірлеп, салт-дәстүрімізді, тілімізді сақтадық. Рухани жаңғыру деген осы, - дейді жамбылдық ардагерлер.
Жиын соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасып, Жамбылдық делегация Шымкенттегі сапарын «Отырар» кітапханасын аралаумен қорытындылады.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:46
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.