Кінәліні іздейтін емес, қимылдайтын уақыт!

Пятница, 19 Апрель 2024 05:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 563 раз

kimyldaityn-uakyt

Соңғы сексен жылда болмаған қарғын су Қазақстан халқын қапияда басты. Әкімдер тарапынан жіберілген кемшіліктер көп. Бірақ, дәл қазіргі кезең «мынау кінәлі, жазасын тартсын» дейтін уақыт емес. Ең алдымен өз ішімізді қойып, Ресей тарапынан жөңкілген қарғын суға тосқауыл қою керек.

 

БАРЛЫҚ ШЫҒЫН ӨТЕЛЕДІ

Мемлекеттік штаб жұмысын үйлестіріп, бар жағдайды бақылауда ұстап отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысында болып, күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, жұртшылықпен жүздесті.

– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дана қазақта «тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең не қалар?!» деген даналық сөз бар. Қазақстанның бүгінгі жағдайы тап осыған келеді. Оны Президент те өз сөзінде аңғартты.

– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ, оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.

Расын айту керек, Қазақстан өлара кезеңде тұр. Жағдайы қиын. Төтенше жағдай жарияланған он облыстағы күрделі жағдайды реттеу үшін мемлекеттің өз күші жете бермейді. Мұндайда, Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына иелік етіп, қисапсыз байыған олигархтарға арқа сүйемесе болмайды. Мемлекет басшысы мұны да айтты.

– Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені, олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жағдай күрделі. Бірақ, «тағдыр салды, мен көндім» деп отыратын уақыт емес. Тығырықтан шығудың тиімді жолдары жан-жақты ескеріледі.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат, көмек зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді.

– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.

Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақтылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Бұл ауыр кезең де өтер. Тек Қазақстанда болып жатқан жағдай десек, қателесер едік. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылғанын әлем халқы көріп отыр. Катаклизм. Бірақ, тығырықтан шығатын жол бар. Оған Қазақстан мемлекетінің де, осында мекендеген ел, жер иесі қазақтардан бөлек басқа диаспора өкілдерінің де әл-ауқаты жетеді. Мұндайда тілек біреу.

Қиыншылықтардың бәрі артта қалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күн қазаққа нәсіп болсын.

 

ОҢТҮСТІК ЖУРНАЛИСТЕРІ АПАТ АЙМАҒЫНДА

Сүйіншілейтін хабар болмағанымен, халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір деп бағаланатын журналистердің апат алған аймақтарға арнайы барып, қол күші, гуманитарлық көмектен бөлек қайғырған жұрттың көз жасын сүртіп, жанына жамау болғанының өзі үлкен іс. Осындайда жаңбыр болмай су болатын, бейопа сөзімен Самарқанды суға алдыратын кер ауыздар да табыла кетеді. Ал, өзін сыйлайтын, халыққа шын жаны ашитын журналистер шынайы ақпаратты айтады, елді бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай бірігіп қиындықты бірлесе еңсеруге жұмыс істейді.

Ұлысымның ұйытқысы аталған Оңтүстіктен, қарғын су төтенше жағдай жарияланған он облыстың елді мекендеріне қауып төндірген сәттен-ақ журналистер қауымы аттанып кетті. Елгезек, қазақтың басына қиындық туса қанатымен су тасыған қарлығаштай ұшып жететін Олжас Мамыр ініміз бөгет салып жанұшырып жатқан тұрғындардың ортасында жүр.

Айка Айтаханова қарындасымыз да қарғын су алған облыстарды аралап, еріктілерді апат аймағына шақырды.

Тағы бір лекті «Айғақ» компаниясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш бастап барды. Қашан да ел ісіне сергек Дулат Әбіш бұл жолы Ақтөбеге сапарды алғашқы қазақ-жоңғар соғысында шейіт болған, Бекет Тұрғараев сияқты қоғам қайраткерлерінің ұйытқы болуымен орталықтағы көрнекті жерге ескерткіштері қойылған Тілеу, Жолдыаяқ батырлардың ескерткішінің түбінен бастады.

Осындай тағлымды жерден Ақтөбеге аттанған Дулат Әбіш:

«Оңтүстік халқының аманатын арқалап, Ақтөбе қаласына жеттік. Тасқын су басқан елді мекендерден эвакуацияланған 201 адам Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің жатақханасына орналасыпты. Баспана, дүние-мүлкінен айырылған бауырларымызға елдің барлық өңірі қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Сондықтан Ақтөбедегі жерлестерге нақты қандай заттар керегін сол облыстағы әріптесім, Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің төрайымы Тәттігүл Талаевадан сұрап, соларды жеткізуге тырыстық.

Ерікті жастармен бірге көлікке тиелген материалдық заттарды жеткізіп, уақытша орынға жайғасқан тұрғындармен тілдесіп, хал-жағдайын сұрадым.

Жалпы, Ақтөбе облысында 12 аудан, 1 қала бар. Оның 6 ауданы мен қалаға қарасты 7 елді мекенде төтенше жағдай жарияланыпты. Қаламен еншілес жатқан ауылдағы ағайынның ахуалын білу үшін Алға ауданы, Бестамақ ауылына бардық. Жағдаймен танысқан соң ауылдың төріндегі Есет батыр Көкіұлының ескерткішіне бардық.

Еліне сүйеу болған Есет батырдың кесенесі қауіптен аман.

Сонымен қатар, Қобда ауданы Әлия ауылында болып, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығымен таныстық.

Ақтөбелік ағайындар қиын сәтте көңілді серпілтіп, қолдау білдірген оңтүстік жұртына алғыс айтып жатыр» дейді.

Осы сапарда Дулат Әбіштен бөлек белгілі журналистер Балтабек Түйетаев пен Сафуан Өтебаев секілді әріптестеріміз болды.

Қазақтың шапса аттың тұяғы кетілетін, ұшса құстың қанаты талатын сайын даласы кімнің көзін қызықтырмады дерсіз. Кәрі аю Ресей де, түйені түгімен жұтатын айдаһар Қытай да қызықты. Тумысынан жауынгер, бес қаруын асынып ат үстінде жүрген жоңғар-қалмақты қазаққа айдап салды. Батыр қонтайшы қазақ жеріне елу мың әскерімен қазіргі Сайрам жағынан кірді. Жоңғарлардың қазақты жер бетінен жойғалы жатқан ниетін тыңшылар арқылы естіген Тәуке хан Батысқа сауын айтады. Қазақ қолы жәрдемге келмесе, Оңтүстіктің түгелдей жау қолына өтетінін баяндайды.

Сонда ел ішіндегі беделді би әрі батыр Тілеу сайыпқыран қол жинаған. Бүгінде аз қазақты ру, тайпаға, жүзге бөліп, бір-біріне қарсы қойғысы келетіндер бар ғой. Қырт әңгіме. Қазақ ешқашан жақынын жауға бермеген ержүрек ел. Батыс жақта аздаған уақытта бес қаруы сай 17 мың сарбаз жиналады. Сайрам түбінде Батыр қонтайшының қолымен қиян-кескі айқас болады. Қан өзен болып аққан сол шайқас Жоңғар қолын төрт жылға дейін тоқтатқан дейді тарихшылар. Осы мерзімде Қазақ хандары күш біріктіріп, әскер жасақтап алады.

Сол Сайрам соғысында Ақтөбеден Тілеу батыр бастап келген 17 мың сарбаздың 11 мыңы ел, жер амандығы шайқасында қаза болады.

Тілеу батыр, ұлы Жолдыаяқ батыр қиян-кескі айқаста ат үстінде жауын жастандырып өледі.

Әкелі-балалы батырлардың әз сүйегі бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымға жерленген. Ел басына күн туғанда Оңтүстікке Ақтөбеден қол келді. Енді Ақтөбе су тұтқынында қалғанда Оңтүстік жұрты қалай шыдап жата алады?! Әріптесіміз Дулат Әбіш бастаған топтың қос батыр ескерткішінің түбінен аттануында осындай сыр бар.

Кезінде Тұрар Рысқұлов бабамыз «Түркі тілдес түгел бол» деп ұран тастаған екен. Ел жұдырықтай жұмылғанда ғана бәрі орнына келеді. Алдағы жақсы күндерге үміт артайық.

Последнее изменение Пятница, 19 Апрель 2024 06:29