ӨМІР – ҚАЙЫРЫМДЫ АДАМДАРМЕН НҰРЛЫ Избранное

Среда, 17 Апрель 2024 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 340 раз

Он облыстағы су тасқынының қауіпі әлі сейілген жоқ. Жағдайды оңалту үшін өте көп қаржы керек. Мемлекеттік көмектен бөлек халық та өз үлесін қосып жатыр. Жақында әлеуметтік желіде шынашақтай қыздың әрекеті жан сүйсіндірді. Бәйдібек ауданының тұрғыны гуманитарлық көмек жинап жатқан қауымға келіп, шағын қорапшаға өзі жинап жүрген ақшасын ұсынған. «Батыста халық қатты қиналып жатыр ғой. Менің кішкентай болса да көмегім болсын» депті алтын қыз.

Sualu

 

Қазақстанның басына түскен ауыртпалық күні кеше қазақтың қайырымдылығын көрген азаматтарды да селт еткізбей жатқан жоқ. Соның бірі — дағыстандық азамат Омарасхаб Ахмедов.
Алғашқыда елді мекендерді сел алғанда бөгетке құм салатын қапшықтар, шағын үрмелі қайық, қысқасы күрек те жетіспеді. Әсіресе, қап керегірек еді.
Осыны естіген дағыстан жігіті елу мың қап алып, машинасымен Батыс Қазақстан облысына шығып кеткен ғой.
Жолдың бәрі ойдым-ойдым. Қызыл су жүріп кеткен. Осының бәрі қазақ ағайынына көмекке асығып келе жатқан арда азаматты тоқтата алмапты. Келе салып бөгетті бекемдеуге кірісіп кеткен.
— Каспий теңізінің екі бетін мекендеген бауырлас халықпыз. Сіздердің қиындықтарыңызды бөлісуді борышым деп санадым. Негізі, елге жеткесін тағы да қолдан келгенше айналамды ұйымдастырып, көмек жібереміз,—дейді Омарасхаб Ахмедов.
Тап осындай жағдай Түркістан облысында да болған. Су алған аймаққа керекті қап жинап жүрген жігіттер орталық базарда қап сататын өзбек азаматына барады, «Қанша қап қоса аласыз?». Әлгі азамат сөзге келместен сатып отырған бар қабын «менің көмегім» деп бір данасын қалдырмастан артып жіберіпті.
Бауырлас ұлт өкілдері осылай әрекет етіп жатқанда кейбіреулердің пендешілікке барып жатқаны өкінішті.
Бір елді мекенде бөгет салып шырқырап жүрген азаматтарға сол ауылдың кейбір азаматтары қарсы шыққанын әлеуметтік желіден оқыдық. Ойлары арам. Ауылға қызыл су келсе ескі-құсқы үйі, дүниесі харап болады да, мемлекет салатын жаңа үйге кірмек. Уәде етілген қаржы да аз емес. 22 млн. теңге деген дерек айтылды. Үйлердің жобалық-сметалық құны белгіленді. Мал-мүлік те түгенделетін болады. Осыған қызығып отырған сыңайлы. Тұрып жатқан жеріне опасыздық жасайтын ондайлар жаңа үйді келістіріп сатпасына кім кепіл?!
Әйтсе де ондайларды бауырлас ұлттардың ықыласы басып кетеді.
Қазақпен бір туған қырғыз ағайындар басшысы Президент Садыр Жапаров болып, үш жүз тонна гуманитарлық көмегін Төтенше жағдайлар жөніндегі министріне бастатып бір жіберген.
Көмектің екінші легі тағы жолға шыққанда Ақтөбе маңынан бір қазақ азаматы тоқтатқан. Көзінде жас. «Қырғыз бауырлар, сіздерге қазақ халқы атынан мың да бір алғыс. ГАИ-мен келісіп қойдым. Машиналарыңызды жол шетіне шығарыңыздаршы. Үйден ыстық қаумет істетіп, дастарқан жайып қойдым» дейді. «Ізетке найза бойламайды» дейді халқымыз. Мына жақта отырып ішің жылып қалады.
Тағы бір қария жүр. Қолында білектей қос қазы. «Бауырлар, берерім осы. Ана қиналып жатқан жұртқа талғажау болсын» деп қоярда қоймай беріп кетеді.
Артынша ойбайлап әйелі, кейуана келіпті. «Бір байтал сойып едік соғымға. Ана шал «ел қиналып отырғанда тамағымыздан қалай өтеді» деп жан-жаққа таратып жүр. Қос қазы қалсын. Енді келсе ұрсып қуып жіберіңдерші» деп.
Бұл да жарасымды. Қазақтың сайын даласындай кеңдігі ғой. Бірде түрік азаматы, жасы келген ақсақал көзінен жасы сорғалап тұрып қазақтарға рахмет айтты. Сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыс пен Қап тауынан мыңдаған тұрғын Қазақстанға жер аударылғаны белгілі. Ата-анасынан ажырап қалған түрік баласы қазақ үйіне тап болады. Түнде тұрған отағасы жетім түрік баласының жалаңаш жатқанын көріп, өз баласының үстіндегі көрпені алып әлгі балаға жабады. Әйелі: «Отағасы, не істеп жатырсыз, өз балаңыз тоңып қалады ғой» дегенде, әлгі азамат: «Менде бала саны баршылық. Мына бала тұл жетім. Ертең суық өтіп. ұрпақсыз қалуы да мүмкін. Сонда мен Алланың алдында күнәһар боламын ғой» деген екен.
Әлгі ақсақал солқылдап тұрып: «Сол көрпе жапқан бала мен едім. Құдайға шүкір, үлкен әулеттің иесімін. Сол қазақ ақсақалдың мейірімі болмаса өліп кетуім де мүмкін еді» дейді.
Бүгінде Қазақстанға дүниенің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатса, оның осындай да астары бар.
Біз, спорт жанкүйерлері, орта салмақта әлем чемпионы мексикалық боксшы Сауль Канело Альваресті аса жақтыра бермейміз. Оның кінәсі жоқ шығар. Бірақ, Геннадий Головкиннің жеңісі ұрланғанын әлемдік сарапшылар айтудай айтты.
Канело, неге екені белгісіз, қазақтарды жақсы көреді. Спаринг қарсыластырына қазақтарды таңдайды. Командасына қосады. Қазақ әнімен жаттығу жасағанын да әлеуметтік желіден көрдік.
Сол Канело алып мұхит әлдилеп жатқан жер шарының бір қиырынан «Қазақстан үшін дұға тілеп жатырмын. Атырау, Орал, біз сіздермен біргеміз» деп Instagram парақшасына жазыпты. Әлемдік деңгейдегі боксшының ізгі ниетін өзімізде клубтарда ойнап жатқан шетелдік спортшылардан да көріп жатырмыз. Соның бірі «Барсы Атырау» баскетбол командасының ойыншысы Майкл Окафор. Канада азаматы қиындықты көзімен көргеннен кейін ерікті болып, қолына күрек алып, бөгеттерді бекемдеу ісінде жүр. Көмек толастамайды. Атырау облысына сегіз күнде 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек жетіпті.
— Жылыой ауданынан тапсырыс қабылдаймыз. Осындай заттар қажет деген, сол бойынша барлық қажетті заттар жинақталып, жүк вагондары арқылы Жылыойға жіберіп жатырмыз. Одан бөлек тікұшақпен 10-15 мәрте зат жібердік. Оның барлығы Жылыой ауданына, Теңіз қалашығына, Шоқпартоғай ауылына гуманитарлық көмектер жөнелтіліп жатыр,— дейді облыстық волонтерлік штабтың жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызы.
Қазақтың бағына туған мега жұлдыз Димаш Құдайбергеннің жөні бөлек қой. Алғашқы болып көмек қорына қомақты ақша аударды. Оның дүние жүзіндегі фанаттары да қарап қалмай, көмек жинап жатыр. Әлеуметтік желіде Димаш 1 млн. доллардан астам қаржы аударды деген ақпардың астарында фанаттарының еңбегі тұруы әбден мүмкін.
Ақ Димаш мұнымен шектелген жоқ. Су алып, қатты әбіржіп жатқан Құлсарыға әкесімен барып, қиналған жұртқа басу айтты. «Бұл қиындық еңсеріледі. Бәрі артта қалып, қуанышты күндерде жүздесейік» деді.
Қиындықтың күні ертең еңсерілетінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып жүр. Республикалық штаб мүшелері, министрлер ел ішінде.
– Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Олардың қатарында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары бар. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі, – деді Президент.
Осы сөз – сөз. Алла тағала қолдап, бұл апаттан да өтерміз. Ең бастысы ел аман, іргеміз бүтін болсын! Мемлекетіміздің тұғыры мықты болсын.

Другие материалы в этой категории: « Сырға толы Шымқала ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ »