«Қыз тағдыры – ел тағдыры» Избранное

Среда, 06 Декабрь 2023 04:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 658 раз

Ресми деректерге сүйенсек, 2021-2023 жылдар аралығында республикада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған. 878 азаматтың денсаулығына ауыр, ал 808 адамға орташа зиян келтірген.

kiz

 

Осындай құқықбұзушылық бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл туралы мәлімет Жастар ресурстық орталығында өткен «Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акция барысында айтылды. ⁣⁣
Аталған акция аясында Шымкентте «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында жастармен арнайы кездесу өтті. Отбасындағы ынтымақты сақтауға бағытталған іс-шарада мамандар студенттерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, отбасында осындай келеңсіз жағдай орын алғанда жасалуы тиіс іс-әрекетке бағыт берді.⁣⁣
–Абай ауданында зорлық-зомбылық мәселесі бойынша орта есеппен күніне 6-7 шақырту түседі. Осындай жағдай туындағанда учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары дер кезінде көмек көрсетеді. Жыл басынан бері ауданда 165 әйелден арыз түсіп, әкімшілік соттың шешімімен жәбір көрсетушілер жазаға тартылды, – деді Шымкент қалалық полиция департаменті Абай аудандық басқармасының жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлвира Бектемісова.⁣⁣
Іс-шара барысында жергілікті полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оған мемлекеттік орган өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар да атсалысып, профилактикалық жұмыс барысында үй жағдайында орын алған оқиғаларға байланысты жәбірленушіге психологиялық көмек беріледі.⁣⁣
–Жиынға қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 600-ге жуық студент қатысты. Қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа қала жастары да қарсылығын білдіріп, белсенділік танытып отыр. Шымкент қалалық полиция департаментінің мамандарымен бірлесіп, мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында және тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз, – деді Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Айгүл Қанатқызы. ⁣⁣
Айта кетейік, бұл акция жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдерге қолдау көрсететін «Ана үйі» және «Самғау» сенім орталығы жұмыс істейді. Оларға орталықта әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіліп, алты айға дейін тұрақтауына мүмкіндік беріледі.⁣⁣