«Жас жаны құштар ақ таңға» Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 515 раз

«Мына әлем оған бұлыңғыр, сағым сияқты көрінгенімен өзін ешқашан қапастағы құс тәрізді сезінген емес». Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиевтің өмір және өнер жолы талай жандарға үлгі азамат.

860

 

Ербек Бакиев редакцияға хабарласып, арнайы кітапханада «Жарық әлем – жүректерге нұр сыйлар» атты іс-шара өтетінін хабарлап, арнайы шақырды. Кітапханада өтетін әрбір іс-шараға ұйытқы болатын осы біздің кейіпкеріміз.
–Жақсы күндерді бірге өткізіп келе жатқан әріптестермен бірігіп, кітапхана оқырмандарына керемет кездесу ұйымдастырдық. Көңілді кештің салтанатты түрде шымылдығын ашқан кітапхана директоры Бәкір Әбдіұлы болса, жүргізуді өз мойныма алдым. Ақжүніс Тайтелиева, Алладин Талиев, Оралбек Махамбетұлы, Камшат Аппазова, Тоғжан Камал секілді талантты жандар өз өнерлерін көрсетті. Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының оқушылары да белсене атсалысып, іс-шараның шырайын кіргізді. Осылайша, адамдарға үлкен қуаныш сыйладық, – деді Ербек Бакиев.
Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың бүгінгі оқырмандары 21 000-ға жетіпті. Олар сөреде тұрған 144 814 кітаптың кез келгенін алып, білімін арттыра алады. Кейіпкеріміз рухани ордада жүргендіктен шабыт алып, шығармашылыққа бет бұрған. Өзі жазған шығармаларын ақ қағазға түсіріп, күні бүгін бірнеше кітабымен оқырмандар таныс.
–Өмірге келген әрбір адам артынан өз ізін қалдырғысы келеді. Менде де дәл солай. Болашақ ұрпақ жырларымды оқып, ой түйсе екен деймін. Бүгінде оқырмандардың қолына тиген үш кітабым бар. 2014 жылы «Жас жаным құштар ақ таңға» жыр жинақ кітабымның 300 данасы жарыққа шықты. Кітабыма оқырмандар оң бағасын берген соң, ары қарай шабыт ала бастадым. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, 25 зағип жанның жетістігі мен қоғамда атқарған еңбегі жинақталған «Өмірге ғашық жүректер», «Тағдырыма тәнтімін» кітаптарым оқырманға жетті. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, – дейді кейіпкеріміз.
Арнайы кітапханада тифлология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін Ербек Бакиев 2018 жылы «Тұңғыш зағип тележүргізуші» ретінде Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына, 2020 жылы Қазақстанның «Алтын кітабына» енді. Ол өзінің ерекшелігіне қарамастан осындай жетістіктерді бағындырған дарынды азамат.
–«Тағдырдың басқа салғаны осы» деп әрекетсіз, қол қусырып отыратын жандардың қатырынан емеспін. Әрбір адам өмірдің қызығын, тіршіліктің ләззатын, адамның ұлылығын бұдан да асқар шыңдарға асқақтатуға өз халінше үлес қосуы керек емес пе? Жетістіктерімнің барлығы ата-анамның арқасы деп білемін. Бала күнімнен «сен мықтысың, сен ерекшесің» деп жігерлендіріп отыратын. Сол кісілердің көмегімен биік белестерді бағындырып, өзім қалаған мамандыққа ие болдым, – деді тифлология бөлім меңгерушісі.
Әдетте мүмкіндігі шектеулі жандар туралы сөз қозғалса, көз алдымызға бейнесі келетіні жасырын емес. Алайда әрбір адамның «бақыт» деген түсінікке берер анықтамасы бар.
–Бақыт адамның ойлаған арманына жетуі және өз шаңырағының болуы деп ойлаймын. Тату-тәтті отбасын құрдым. Үйдің берекесін келтіріп отырған жарым мен үш бірдей ұлым бар. Ұлдарым кешкісін алдымнан жүгіріп шығып, мойнымнан асылғанда ет жүрегім елжіреп кетеді. Осындай махаббатты көріп, өмірге қалай ғашық болмайсың, – деді үш ұлдың әкесі.
Адамның қашанда басы аман, бауыры бүтін болып, ауырмай-сырқамай жүргеніне не жетсін, шіркін! Ербек Бакиевтің қиындыққа мойымай, белестерді бағындырудағы өмірге құштарлығы, ерік-жігері мен қайраты өзгелерге үлгі деп айта аламыз.