Құжатта жетістіктер танылып, кемшіліктер анықталды. Алдағы міндеттерді өлшеуге, санауға болатын қысқа және орта мерзімді перспективаға назар аударылды. Жолдауда соңғы жаһандық геосаяси ахуал ескеріліп, су, энергетика, байланыс, сауда және т.б. салалар кеңінен қозғалды. Қазақстан бұл саладағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана алатынына және технологиялық инновацияларды жеделдетуде, шектеулі ресурстар үшін бәсекелестікті күшейтудегі іргелі өзгерістерде бір қадам алда болуына бағасын берді.
Қазақстан ұзақ уақыт бойы өзінің орасан зор энергетикалық ресурстарына, ең алдымен мұнай мен газға тәуелді болды. Алайда, өзгермелі жаһандық энергетикалық ландшафт жағдайында Қазақстан инновациялар мен білімнің неғұрлым жетілдірілген экономикасына қарай ойысқаны абзал. Елдегі адами әлеуетті және жоғары білікті жұмыс күшін толық пайдалану арқылы ғана ілгері жылжи аламыз. Мемлекет басшысы орта бизнестің даму қарқыны артта қалып отырғанын мойындап, кәсіпкерлік әлеуетінің өсуіне кедергі келтіретін факторларды жоюды тапсырды.
Президент халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды назардан тыс қалдырған емес. Жасыратыны жоқ, көп отандастарымыз қаржыны қалай басқару керектігін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан адамдардың банк пен микроқаржы ұйымдарына берешектері көп. Сондықтан, «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасын 8 облыста табысты жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы бұл жобаның игілігін бүкіл ел көру керегін айтып, оның ауқымын үкіметпен бірлесіп кеңейтуді тапсырды. Бұл бастама әрі қарай да белсенді түрде жалғасып, нәтижелі жұмыс көрсететін болады.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру үшін ең бірінші қоғамдық сана мен азаматтардың ниеті өзгеруі керектігін нықтап айтты. Расымен, соңғы ширек ғасырда әлем үздіксіз өзгеріске ұшырап, қазақстандық қоғам өмірінің жағдайы да шет қалмады. Әдет-ғұрып, мінез-құлық, салт-дәстүр, әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді қамтитын қоғамдық сананың рөлі айрықша. Мемлекеттің дамуы міне, осы қоғамдық санамен тығыз байланысты. Ортақ идея, ортақ саяси ұғым болмаса мемлекет өркендемейді. Президенттің қоғамдық сана өзгермей, елді өзгерту бекершілік деп айтуының себебі де осында. Мемлекетіміз қарыштап даму үшін еліміздің әрбір азаматы жауапкершілік танытып, өз үлесін қосуы тиіс. Осы тұста «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары егіз құндылық» деген Президент сөзіне толық қосыламын. Адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік орнамайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында жұртшылықты алаңдатқан сауалдарға нақты жауап берді. Айқын бағыт-бағдар көрсетіліп, жүйелі тапсырмалар жүктелді. Ел игілі мен халықтың тұрмысын жақсарту жолында алдымызда үлкен жұмыстар мен межелі міндеттер тұр. «АМАNАТ» партиясы еліміздің беделді саяси ұйымы ретінде Президент ұсынған реформаларды жүзеге асыруға әрқашан дайын. Ол үшін бірлік пен ынтымақ, жауапкершілік пен табандылық танытуымыз керек.
Жанар БЕКТАЕВА
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Шымкент
қалалық филиалының Атқарушы
хатшысы