Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алу. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау. Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған Әдеп жөніндегі институтын одан әрі жетілдіру туралы кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар шеңберінде барлық мемлекеттік органдардың ресми сайттарында халықтың мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейіне қанағаттануын өлшеу үшін онлайн-сауалнама орналастырылды.

Әдеп кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптар күшейе түсті. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау барысында мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс. Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріледі. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік пен жеке құзіреттердің қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрінуіне негізделген. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметші мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға тиісті екендігі көрсетілген.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының талаптарын сақтап, мемлекеттік қызметті адал, әділ атқаруы қажет.

 

М.АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

ort-sirinke

Шымкент қаласында жыл басынан бері 93 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен. Материалдық шығын 247 млн. 555 мың теңгені құрайды. Ал, осы уақыт аралығында тұрғын үйлер мен көліктердің жану жағдайлары бойынша 289 оқиға орын алған.

Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Эльмира Ережепованың айтуынша, өрттің шығуына көбіне тұрғындардың салғырттығы себеп болып жатады. Үйден шығарда газды немесе тұрмыстық техникаларды өшірмейді, электр жүйесінде ақау барын біле тұра көңіл аудармайды.

Басқарма бастығы орман және дала өрті қаупі жоғары маусым басталғанын айтып өтті. Өткен жылы дәл осы уақытта Семей орманы отқа оранып, 14 адам көз жұмған еді. Міне, сол кезде өңірлердің өрт сөндіруге дайын еместігі, тіпті кейбір өңірлерде табиғат қорғау және орман мекемелерінің жарақтандырылуы өте нашар екені белгілі болды.

Орман шаруашылықтары Шымкент қаласының аумағында да бар. Қала әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары 4826 га аумақты алып жатыр. Оның ішінде орманды алқабы – 2999 га, ормансыз алқап – 1827 га.

Қазгидромет осы маусым айында ауа температурасы оңтүстік өңірлерде +30ºС градустан жоғары көтеріледі деп болжап отыр. Одан қалды биылғы көктем жауын-шашынды болып, шөп қалың өсті. Жазда шөп қуараған кезде от тию қаупі өте жоғары. Қала аумағында наурыз айынан бастап қураған шөпке өрт тию бойынша 18 оқиға тіркеліпті.

Полковник Ережепова осы 18 оқиғаның себептерін айтты. Жер үйлерде қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балалардың отпен ойнауы салдарынан қураған шөпке шоқ түсіп, айнала өртке оранған. Күн ыстықта қураған шөпке шыны ыдыс не сынықтарын да лақтыруға болмайтынын есте ұстаған жөн.

Қалада орман және дала өрттері жағдайына 84 маман, 13 техника бекітілген. Өрт шыққан жағдайда орманды аэровизуалды бақылауға арналған 5 пилотсыз ұшу аппараттары бар. «Казавияқұтқару» АҚ-ның тікұшақтарымен су алуға ыңғайлы су айдындарының кординаттары анықталған. Ол – Бадам, Тоғыс, Ақжар, Текесу су қоймалары. Басқармада ашық ғаламтор желісіндегі Қазақстан Ғарыш сапары сайты арқылы орман қоры аумағына тәулік бойы ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Одан бөлек Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өртті сөндіруге арналған екі АЦ ЗИЛ автокөлігі және соқасы, тіркемелі цистернасы бар екі МТЗ-1221 трактор дайын тұр. 2000 литр жанар-жағар май қоры жасақталып, орман күзеті қызметкерлері арнайы радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.

– Орман қоры мен жасыл белдеу аумағында өрттің қауіпті екендігін ескертетін аншлаг-паннолар жаңартылды. Шекаралас орналасқан ауыл тұрғындары мен жеке шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы нұсқамалар мен ескертулер беріліп, келісімшарт жасастық. Демалушыларға үгіт-насихат парақшалары таратылды. Осы профилактикалық іс-шаралар өрт қауіпі бар маусымда тұрақты жүргізіледі, – дейді «Жасыл белдеу» ҚММ-нің директоры Есдәулет Достияров.

Биыл өрт жалыны жер-дүниені шарпып кетпеуі үшін 1110,5 шақырымды құрайтын минералды жолақ жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін республикалық маңызы бар жолдардың жиегіндегі 117 га жер соқамен жыртылды.

Табиғи және техногенді сипаттағы өрт орын алған кезде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының төтенше жағдайлар және полиция департаменттері, сондай-ақ қала аумағындағы әскери бөлімдер арасында өзара әрекет ету іс-қимыл жоспарлары бекітілген. Тілсіз жауды ауыздықтауға бірлесе жұмыс жасау арқылы ғана тосқауыл боламыз дейді мамандар.

Шымкентте өрт сөндіру қызметінде кадр тапшылығы жоқ. Бір штаттық бірлікке кем дегенде 3-4 маман ұсыныс білдіреді. Олардың оқу-тәжірибесіне, біліктігі мен шешімдеріне қарай жұмысқа қабылданады. Биыл М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 10 түлегі жұмысқа орналасты.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы кәсібилікті арттыру үшін ҚР ТЖМ Шымкент қалалық оқу орталығында орман шаруашылығы мекемелерінің 15 қызметкері оқу-тәжірбиеден өтіп, білікті мамандардан дәріс тыңдаған. Оларға тәжірбиесін арттырғандығы туралы сертификат табысталады. Бұл жерде маусым сайын қызметкерлердің жаңа техникаларды меңгеріп, жедел әрі нақты шешім қабылдауы үшін қолдау көрсетіледі.

Өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті. Осы мәселеге қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан арнайы тапсырма берілген. Басқарма басшысы Шымкент қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің де айлығы өз қызметіне қарай 20%-дан 77%-ға дейін көтерілгенін жеткізді.

               

Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

eki-el

Шымкентте «Қазақстан мен Өзбекстан тарихының зерттелуінің өзекті мәселелері» тақырыбы аясында ғылыми-тәжірбиелік конференция басталды. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетімен бірлесіп, Өзбекстан Республикасы архивтерінің Қазақстан Республикасындағы күндері өтті. Айтулы дата аясында екі ел арасындағы тарихтың зерттелуі мен өзекті мәселелер талқыланды.

Ғылыми конференция Қазақстан мен Өзбекстан тарихының ғылыми еңбектерін таныстырудан басталды. Көрмеге екі ел ғалымдарының жылдар бойы жүргізген қазба жұмыстарынан тапқан құнды жәдігерлері мен еңбектері қойылды. Жиынның өткізілуіне қала әкімдігі тікелей мұрындық болды.

Конференцияның ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мұндай жиындарды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, жиын барысында көрші мемлекеттен келген мамандар екі елдің бірігіп жұмыс істеуінің пайдалы тұстарына тоқталды.

Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «УзАрхив» агенттігінің басшысы Ануаржан Алиев Өзбекстан мұрағатында қазақ тарихына да қатысты бірқатар маңызды құжаттардың бар екенін тілге тиек етті.

– Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы архивтер саласы бойынша меморандумға 2007 жылы қол қойылып, сол уақыттан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, былтырғы желтоқсан айында екі елдің мамандары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында практикалық бағытты күшейту үшін бірқатар құжатқа қол қойылды. Негізгі мақсат – Қазақстан мен Өзбекстан тарихына көбірек зерттеу жүргізу, архивтерді тереңірек зерттеу. Себебі қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының архивтерінде 16 миллионнан астам құжаттар жатыр,– деді «УзАрхив» агенттігінің басшысы.

Айта кетейік, аталмыш жиынның мақсаты – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен Өзбекстанның Әділет министрлігі жанындағы «УзАрхив» агенттігінің 2023-2026 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Сондай-ақ, архив ісі бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытып, архивтерді дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастырады, тәжірбие алмасады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлгінің Архив құжаттама және кітап-ісі комитетінің басқарма басшысы Ыбырайым Бабаев екі ел арасындағы меморандум бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Екі ел арасында архив ісі саласындағы меморандумға 2007 жылы қол қойылған. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2010 жылдар арасында Өзбекстанның мұрағатынан көптеген құжаттар келді. Меморандум аясында біршама жұмыс жолға қойылды. Былтыр желтоқсан айында екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту үшін жоспар құрдық. Барлық құжаттарды заң шеңберінде қараймыз,– деді комитет басшысы.

Конференцияға өзбекстандық қонақтардан бөлек еліміздің барлық аймағынан архивтер саласында қызмет ететін мамандар қатысты. Ғалымдар арасында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Тарихи-мәдени мұраға бай өңірді көршілес елдің ғалымдарына таныту мақсатында кесенелер мен тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырылды.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

zhasyl-alan

Шымкентте кіші футболдан дәстүрлі «Шыршықбай ата» турнирі өтті. Жасыл алаңда ардагерлер мен жастар бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын қайта жаңғыртты.

Еңбек және тыл ардагері Шыршықбай Мусалиев турнирі 2010 жылдан бері тұрақты өткізілуде. Биылғы сайыста Шыршықбай ата шөберелерінен құралған Назарбаев зияткерлік мектебінен 2 команда, «Наурыз» ардагерлер клубынан 2 команда қатысып, шеберлік байқасты. Ардагерлер командасы 60 жастан асқан ағалардан құралған. Олардың арасында шабуылшы Аманғали Аймұрзаев – 73 жаста.

Сонымен, турнир қорытындысы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінен «Әлихан» командасы 1-орынды иеленіп, Шыршықбай ата кубогын жеңіп алды. «Наурыз» ардагерлер командасы 2-орын, Назарбаев зияткерлік мектебінің «Дәрмен» командасы 3-орынға иелік етті.

Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Дәстүрге айналған «Шыршықбай ата» турнирі еңбек және тыл ардагерінің өнегелі өмір жолын дәріптеу, жастарға саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен. Аға буын мен жастар сабақтастығын қайта жаңғыртқан турнирдің жеңімпаздары дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ә.АЙТӨРЕ

zhengeler

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдығына орай Шымкенттегі барлық кітапханалардың қызметкерлері арасында «Жеңгесі мен еркесі» атты байқау өтті.

Байқауға зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, ақын Лаура Тастанбек қатысты. Көрермендер қатарында отбасымен бірге тамашалауға, қолдау білдіруге келгендер де болды.

Жиында сөз бастаған Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Анар Жаппарқұлова мемлекеттің берік іргесі отбасы екенін айтып, оны сақтау, дамыту адамзаттың болашағына төнетін қауіптің алдын алу екенін жеткізді.

– Елімізде ең өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылықтары. Мемлекеттік деңгейдегі алқалы жиындарда да дәл осы тақырып назардан түскен емес. Сондықтан отбасыдағы татулықты дәріптей отырып, ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырмауды мақсат етудеміз. Жалпы, жеңге мен қайынсіңлі арасында сыйластық болса, жанұядан жылу кетпейді. Ал соңғы уақытта дәл осы нәзік байланыс суып бара жатқан сияқты. Біздің мақсат – қоғамға ой салу. Сондай ақ, қалалық кітапханаларда қызмет ететін мамандар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, – дейді Анар Жаппарқұлова.

Кітапхана қызметкерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқау 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар өздерін жеңге мен қайынсіңлі ретінде таныстырғаннан кейін, өз өнерлерін көрсетті. Оқырмандар тарапынан «Қандай кітап оқуды ұсынасыз?» деген сұраққа жауап та айтылды. Әрбір қатысушы өзара әңгіме ретінде, қазақ оқуы тиіс кітаптарды тізбектеп, мағынасына тоқталды. Соңғы төртінші кезеңде қазылар алқасы дайындаған сұрақтарға жауап беру тапсырылды. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің мән-мағынасы, қолданыстан шыққан тұрмыстық заттардың тарихы жөнінде сұрақтар қойылды.

Байқау қорытындысы бойынша «Өнерлі қыз» және «Өнерлі жеңге»   номинациясы Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің қызметкерлері Нұргүл Нұрланқызы мен Мария Көшербекқызына берілді.

«Білімді қыз», «Білімді жеңге» номинациясына Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Айдынай Тәліп пен Әйгерім Алдабаергенова ие болды.

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының қызметкері Ләззәт Мүсілім «Өнегелі қыз», Гүлсара Каттабекова «Өнегелі жеңге» номинациясын жеңіп алды.

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Райхан Аятбекқызы «Көрікті қыз», Ақайша Жұманқызы «Көрікті жеңге» номинациясына ие болды. Қатысушылар арнайы ағыс хаттармен марапатталды.

Отбасы тірегі – ана. Қай саланы алып қарасақ та, әйел адамды көреміз. Сол үшін қыздардың бойындағы асыл қасиеттерді бағалауымыз керек. Өнерге жақын, отбасының ұйытқысы, дана ана, ақылды жар, көрікті жеңге, қылықты қыз деген атқа ие болған арулар бүгінгі байқауда өздерінің жан-жақты екендерін көпке үлгі етті. Ата-бабамыз «Әйел – отбасының шырақшысы» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, әйел түзелсе, отбасы дұрыс болады. Ал, өнегелі отбасынан құралатын қоғам да ізгілік пен мейірімділікке тұнып тұрады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

«Азаттықты аңсаған өршіл рух»

Пятница, 07 Июнь 2024 07:50

maxambet

Биыл ұлт азаттығы үшін күрескен тарихи тұлға, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға арнаған ардақты ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Күрескер ақынның өмір жолын оқушыларға насихаттау мақсатында Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №1 кітапхана бөлімшесінде «Азаттықты аңсаған өршіл рух» атты тарихи сағат өткізілді.

Х.Досмұхамедов атындағы №4 мектептің 6-сынып оқушыларының қатысуымен өткен іс-шара барысында Махамбет Өтемісұлының жастайынан ақындық өнерге құмартып өскені, оны ел от ауызды сөз шебері ретінде ғана емес, даналығы мен адамгершілігі, қайсарлығы үшін құрметтегені жайлы баяндалды. Ол халық арасында болып жатқан келеңсіз құбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.

Махамбет – уақыт өткен сайын қын түбінде жатпас алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға. Бірақ, бұл оның адами болмысы мен айбалта-жырын көзге елестетіп, тілге оралтумен шектелмейді. Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз десек те, Махамбеттің жүрегін кескілеген намыс пен күрескерлік бізге қазір де қажет. Арын таптатқан, рухын төмендеткен елдің болашағы бұлыңғыр. Махамбеттің ұлтжандылығын, батырлығын, ақындығын, күйшілігі мен азаттық жолындағы күрескерлігін болашақ ұрпақтың санасына сіңіріп, дəріптеу маңызды. Ұлт болашағы үшін күрескен батыр бабаларымыздың аңсаған арманы елдің азаттығы еді. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің құнын жадымыздан шығармай, оны сақтау үшін оқушыларға тарихи сағат барысында мол мағлұмат беріліп, тың деректер айтылды.

Оқушылар М.Өтемісұлының «Мен мен едім, мен едім», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Исатай деген ағам бар», т.б. өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Ел бірлігін ойлаған ерен тұлға» атты кітап көрмесін тамашалады.

 

Г.ӘЛІМБЕТОВА,
ОБКЖ № 1 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі

zalalsyzdandyru

Шымкентте масаларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Зиянкестермен күресу үшін қала бюджетінен 101 млн. теңге шамасында қаржы бөлініп, жұмыс 4 кезеңге жоспарланған. Олар маусым, шілде, тамыз және қыркүйекке тұспа-тұс келеді.

Зиянкестермен күрес шарасы қала аумағындағы 45 гүлзар-аллея, 12 саябақ, 35 өзен-каналдарда және 2 су қоймасында жүргізіледі. Алғашқы жұмыс А.Асқаров атындағы дендросаябақта басталды. Аумағы 117 га құрайтын демалыс орнында демалушыларға қолайсыздық туындамауы үшін алдын алу шарасы жүргізілуде.

– Күрес шаралары тек масаларға ғана емес, Конго-қырым қанды қызбасы секілді түрлі инфекциялық ауруларды тасымалдаушы зиянкестерге қарсы дизинфекцияларды қамтиды. Жауын-шашын мол, шөптің қалың болуы қолайсыздық тудырғанына қарамастан қажетті препараттарды толық алып, жоспарға сәйкес жүргізіп жатырмыз,- дейді қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекенбаев.

Биылғы залалсыздандыру жұмысына мердігер компания « SATTI TULIK » ЖШС жауапты. Қазірдің өзінде 6 техника мен 20-ға жуық қызметкер жұмылдырылған.

Айта кету керек, залалсыздандыру жұмысы жеке үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға меншік иелерінің өз қаражатына жүргізілуі тиіс.

Дінмұхаммед ТАҢСЫҚ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 3-курс студенті

Нейрохирургия орталығы ашылды

Пятница, 07 Июнь 2024 06:55

Ауыр нейрохирургиялық дертке шалдыққан науқастарға стационарлық көмек көрсетуге бағытталған медициналық орталық Шымкент қалалық №2 аурухана базасында іске қосылды.

Осыған дейін пациенттер тиісті қызметтерді алу үшін еліміздің өзге аймақтарына, қаладағы медициналық ұйымдарға барып, уақыт оздырып келген болатын. Енді бас-ми жарақаты бар, түрлі ауыр дертке шалдыққан нейрохирургиялық көмекті қажет ететін науқастар осында тәулік бойы қабылданады.

Қазір мұнда оқу орталығы ашылып, резиденттер, отандық және шет елдердің нейрохирургтері оқытылуда.

Жаңа орталықты медицина ғылымдарының докторы, еліміздің білікті нейрохирургы Еркін Медетов басқарады.

Айта кетейік, жыл басынан бері №2 аурухана базасында 150 нейрохирургиялық ота жасалды. Күрделі оталар Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Швейцария елдерінен келген науқастарға да жасалған.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Страница 10 из 841