«Шымкент жастар лигасы»: аудандық ойындар тартысты өтуде Избранное

Среда, 31 Март 2021 03:39 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 12270 раз

Шымкентте жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл алғаш рет қала әкімінің кубогі үшін спорттық сайыс ұйымдастырылды. Қаладағы жүздеген мектептің оқушылары бұл біріншілікке ерекше ден қойып, ықылас танытып отыр. Оны спорт сайысында жүріп, жастардың жеңіске деген жігерінен байқадық.

500

 

Екі ай бұрын басталған «Жастар лигасы» бүгінде волейбол мен баскетбол ойын түрлерінен өтіп жатыр. Жаңа үлгідегі жобада командалардың атауы, ұраны, эмблемасы, команданың бірыңғай киім үлгісі мен спортшыларды қолдайтын фан-клубтардың да өнері бағаланады. Тартысты бәсекені тамашалау үшін №24 мектепке бардық. Спорт залды бөліп тұрған тордың екі жағында бойшаң келген қыздар допты жерге түсірмей әуеде бір-біріне лақтырып жатыр. Ерекше дайындықпен келгені көрініп тұр. Осы сәтті күтіп тұрғандай төреші де ысқырды. Қыздар сап түзеп, екі жақ сәлемдесіп, ойын басталды. Сол жақтағы қыздарға жанкүйерлері «25 алға!» деп қолдау білдіруге көшті. Оң жақта да бұл үнге жауап қатқандай болды. Алаңда Дарынды қыз балаларға арналған білім-инновация лицей-интернаты мен Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының спортшылары ойын көрсетуде.

501


Ойын барысында қарсылас командаға доптың әр соққысын дәл түсірген шабуылдаушы Айдана есімді қызға жанкүйерлерінің назары ауды. Жаттықтырушысы да әр гол соққан сайын қыздарды демеп, кейде босаңсып кетпесін деген оймен «ұйықтамаңдар» деп айқайлап тұрды. Тренердің әр сөзі қыздарды жігерлендіре түскендей болды. Тартысты ойын елу минутқа созылды. 2:0 есебімен күншығыстың қыздары жеңіске жетті. Айдананың «Жастар лигасы» туралы ойын білмек болып сөзге тарттық. Өзі оқуда озат қыз екен. Сабақпен қатар, спортқа уақыт тауып жүрген жастың бүгінгі көрсеткен ойыны да мақтауға тұрарлық еді. Дегенмен бұл командалық ойын болғандықтан шаршы алаңға шыққан қалған бес ойыншының да қосқан үлесі зор. Қарсыластарының әр шабуылына төтеп беру оңай емес.
– Бұған дейін төрт командамен сайыстық. Әзірге жеңіліс жоқ. Алда тағы екі ойын күтіп тұр. Егер жеңсек, ауданаралық ойынға жолдама аламыз. Әкім кубогі үшін дайындығымыз жақсы. Әзірге үздік нәтиже көрсетуге тырысып- бағудамыз, - дейді Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Айдана Заманхан.
Ал төреші Жеңіс Амангелдиевтің айтуынша, қыздар арасындағы «Жастар лигасы» күн өткен сайын тартысты әрі қызықты бола түсуде. Оқушылар орын ауыстыру, допты бір-біріне беру, допты ойынға қосу, шабуыл соққысы және оған тосқауыл қою сынды ойынның негізгі ережесін де жетік меңгеріпті. Бұл жарыс спортшылардың волейболмен кәсіби түрде айналысуына септігін тигізетініне сенімді.
– Жасөспірімдер ойыны 3 немесе 5 кезеңнен тұрады. Қыздардың ойынға деген қызығушылығы көрініп тұр. Осы жасөспірімдердің арасынан мықты спортшылар шығады деген сенім бар. «Жастар лигасы» жас спортшыларды шыңдай түсетін сынақ, - дейді ол.
Жастар ресурстық орталығының инспекторы Үсен Әшірбайдың айтуынша, алдымен ауданішілік ойындар өткізіледі.
– Алғашқы болып ойын көрсеткен Қаратау ауданы болды. Жалпы, 36 ойын ұйымдастырылып, төрт топтан үздіктер ауданаралық ойынға жолдама алды. Ал Еңбекші ауданында бүгінге дейін 25 ойын өткізілді. Шешуші ойындар әлі жалғасуда. Бұдан кейінгі сайыс сәуір айында Абай ауданында өтеді деп жоспарланған. Спорт ойындары оқушылардың бойында ерік пен табандылықтың қалыптасуына, командалық рух арқылы жеңіске жетуіне жетелейді, - дейді салаға жауапты маман.

502


Ал сайысты ұйымдастырушы Жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаев «Шымкент жастар лигасы» жыл соңына дейін жалғасатынын айтады. Футбол, баскетбол, волейбол ойыны наурыз-мамыр аралығында өтсе, шахмат қыркүйекте ұйымдастырылады. Қазіргі таңда, мектеп командалары арасында жеребе тасталып, ойын кестесі анықталды. Спорттық ойынның барысы және күнделікті жаңалықтар Instagram әлеуметтік желісіндегі @shymkent_jastar_league парақшасында тұрақты жарияланып отырады.
– Жобаға қатысу үшін қаладағы 140 мектептен 536 команда өтінім берді. Оның ішінде, футболға - 135, баскетболға - 130, волейболға - 131 және шахматқа - 140 команда қатысуға ниет білдірді. Ойын барысында әр мектептен жасақталған фан-клуб мүшелері өз командаларына жанкүйерлік жасап, қолдау көрсетеді. Айта кетейік, жалпы жүлде қоры 80 млн теңге. Әр спорт түрінен жеңімпаз командаға 20 млн теңге сыйақы беріледі. Бұл қаржы мектептің материалдық-техникалық базасын жасақтауға жұмсалады, - дейді Е.Айтбаев.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында жас ерекшеліктеріне қарамастан, бұқара арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамыту қажет екендігін айтқан болтын. Президенттің тапсырмасы үшінші мепаголисте орындалып жатқанына осы бір сайыстың өзі дәлел болса керек. Зер салып байқап отырсақ, аталған спорттық ойындар оқушыларды батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған.