«Айкүне»: Қазақ гимнастикасы екенін білесіз бе? Избранное

Пятница, 15 Февраль 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 7336 раз

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын жандар кемде-кем. Медицинаның дамыған тұсында халықтық емді де пайдаға жаратып жүргендер аз емес. Қазақтың дәстүрлі құндылықтарынан тамыр тартатын «Айкүне» халықтық емдеу тәсілі жайлы не білеміз? «Қазақ гимнастикасы» аталып кеткен жаттығулардың пайдасы қандай деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

2

«Айкүне» жаттығуымен айналысып дертінен дәрінің көмегінсіз құлан таза айыққандардың бірі – Динара Жақыпбекова. Осыдан 2-3 жыл бұрын дәрігерлерге қабырғаларының қисаюына шағым жасап барады. Оған ақхалаттылар сколиоз диагнозын қойып, емдік дене тәрбиесімен шұғылданып, суда жүзуге кеңес береді.

Бірақ науқас бұл емнен нәтиже байқамаған соң, Астанадағы «Айкүне» сауықтыру орталығына барып ем алады. Кейіннен «Айкүне» қазақ жаттығуының авторы, сынықшы Абай Баймағамбетовтің арнайы курсын оқып, франшизасын сатып алады. Бүгінде Динара Сапарқызы сауықтыру орталығын ашып, шаһардағы мұқтаж жандарға осы тәсілмен емделуге көмектесіп келеді. Өткен жылдан бері жүздеген жан осы жаттығудың көмегімен дертінен айыққан.

– «Айкүне» технологиясын, әсіресе, омыртқа және буын ауруларын емдеу үшiн қолданады. Сонымен қатар, оны омыртқааралық дисктердiң жарықтарын, энцефалопатия, семiру, невроздар, тартылулар, жарақаттанудан кейiнгi күйзелістер, тыныс демiкпесi, қояншықтың кейбiр түрлерi, тағы басқа ауруларды емдеуде қолдануға болады.

Сауықтыру орталығында емалушылардың ең жасы 8-ден басталады. Келушілер біздің нұсқаулығымызды қайталап отыруы тиіс. Жаттығу курсы базалық, классикалық, арнайы үш сатыдан тұрады,–дейді Д.Сапарқызы.
Ал сал ауруына шалдығып, төсек тартқандар осы жаттығудың арқасында аяққа тұра алады. Жалпы аурудың көпшілігі остеохондроздан (сүйек шеміршек ауруы) басталады.

Атап айтсақ, ішкі құрылыс және буын аурулары, бас аурулары, қан қысымы, қуық жолы, тағы да басқа аурулар. Адамда көпшілігіне сыртқы бұлшық еттер ғана жұмыс жасайды. Ал ішкі бұлшық еттер ұйқыда болады. Айкүне жаттығулары осы ішкі бұлшық еттерді оятып, адамның денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді.

Қазақ және түркі сынықшылары қолданған мыңнан астам тәсілді жинақтап, «Айкүне» деп аталатын жаттығу түрін ойлап тапқан емші Абай Баймағамбетовке «Ресейдің ең үздік шипагері» деген атақ берілген. Баймағамбетов ойлап тапқан Айкүне жаттығуына 1998 жылы Ресейдің Жалпы патология ғылыми-зерттеу институтында және 2005 жылы Санкт-Петербург Мемлекеттік Педиатрлық медицина академиясында тәжірибе жасалған.

Бұл жаттығуға екі рет патент алынған. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласының Денсаулық сақтау комитеті Айкүне жаттығуын емдік дене шынықтыру әдісі ретінде бекіткен.

2003-2006 жылдары Абай емшінің денсаулық шеберханасы негізінде медициналық және оқу мекемелерінде Айкүне технологиясын оқыту және енгізуде ғылыми-зерттеулер мен конференциялар ұйымдастырылған.

Айкүне – көне түрік тілінде «жаныңды аш, шынайы сөйле» деген мағынаны береді екен. Дегенмен жаттығудың қимылдары да, атауы да қазақы. Мұндағы қимыл түрлері бір-бір рудың атауымен аталып, рулық таңбасын алған. Сондықтан, бұл байырғы сынықшылық өнерімізді жаңғыртуға негізделген емдік тәсіл.

Бүгінде бойды тіктеп, сымбаттылықты арттыруға септігі тиетін сауықтыру орталықтар елімізбен қатар, Ресей, Ұлыбритания, Польша, Украина мемлекеттерінде дертке шалдыққандарды аурудан айықтырып, аяқтан тік тұруғызуда оң нәтижесін беріп келеді.

Последнее изменение Четверг, 28 Февраль 2019 05:39