Спорттық медицинаның өңірдегі деңгейі қандай? Избранное

Пятница, 26 Октябрь 2018 04:58 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4594 раз

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Қазіргі таңда әлемдік спортта бәсекелестік өте жоғары.
Қазақстан спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Ал спортшылардың жеңіске жетіп, биік шыңнан көрінуіне үлкен үлесін қосатын маманның бірі - спорт дәрігері екені даусыз. Ендеше, осы спорт медицинасы саласының үшінші мегаполистегі бүгінгі деңгейі қандай деген сұрақ төңірегінде сала мамандарымен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

999

– Қазіргі таңда облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері есебінде спорттың 40 түрінен 42 мекеменің және дене шынықтыру-спорттық ұйымдардың спортшылары есепте тұрады, – дейді аталған мекеменің бас дәрігері Ирина Добилова. – Олардың ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының мүшелері, чемпиондар мен Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Тоқталып өтетін болсақ - Жайна Шекербекова, Назым Қызайбай, Жазира Жаппарқұл, Арли Чонтей, Сабина Аширбаева, Отгонцэцэг Голбадрах, Наталья Сергеева, Александр Емельянов, Мария Дмитриенко, Рашид Юнусметов, Юрий Юрков және тағы да басқа көптеген спортшыларға облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері мамандарының тарапынан жаттығу үдерісінің барлық кезеңдері аралығында кәсіби дәрігерлік-биологиялық қызмет көрсетіледі. Ашылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің негізгі қызметі өңірдегі дене шынықтыру және спортын медициналық қамтамасыздандыруға бағытталған.
Өңірдегі спортшылардың денсаулығын қадағалап отыратын орталықта 70-ке жуық дәрігер қызмет етеді. Оның құрылымында спорттық медицина және оңалту бөлімшесі бар. Спорттық медицина бөлімшесіне спортшыларды тіркеу бөлмесінен бастап спорттық медицина кабинеті, арнайы мамандар бөлмесі (отоларинголог, офтальмолог, хирург, невропатолог, травматолог-ортопед), УДЗ, функциональді диагностика, зертхана, стоматологиялық кабинеттері кірсе, оңалту бөлімшесінде физиотерапевтік, сылап-сипау кабинеті, емдік дене шынықтыру залы, «Нуга-Бест» термомассаж кабинеттері жұмыс істейді.
– Жоғарыда атап өткеніміздей, 42 спорт мекемесімен екі жақты келісім жасасқанбыз. Аталған спорттық мектептер мен орталықтардың спортшыларын медициналық тексеру бекітілген кестеге сәйкес, яғни, жыл бойы кемі 3 ай сайын тегін өтеді. Оның ішінде жылына бір рет келетіндері бар. Ал спортшыларды жарыс алдында немесе одан кейін міндетті түрде бақылауда ұстаймыз. Дұрыс тамақтануына кеңестер береміз. Бір қуантарлығы – биыл заманауи талапқа сай емдік-диагностикалық құралдар алуға 58 млн. теңге бөлінді. Бұған дейін бізде медициналық жабдықтар ескі еді. Енді спортшылардың денсаулығын дер кезінде тексеру жаңа технологияның көмегімен жеңілдей түсуде, – дейді бас дәрігер.
Ирина Добилованың айтуынша, бөлінген қаражатқа шетелде жасалған жабдықтар әкелінген. ЭКГ, АҚ холтерлік (тәуліктік) мониторирлеу кешені мен BTL – 08 компьютерлік бағдарлама базасында стресс-тест жүйесін анықтауға болады. BTL - 08 SD аксессуарларымен (жүгіру жолшасы) сынды жаңа медициналық құрылғылар ендігі болашақ чемпиондардың игілігіне жарамақ. Бұған қосымша оңалту мақсатында жаттығу жасауға тренажерлер мен аппараттар да сатып алынған. Ал дәрігерлер алдағы уақытта шаһарда ашылып жатқан жеке меншік иесіндегі спорттық үйірмелермен де бірге жұмыс жасауға әзір екенін айтты.
Ал Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде 236 спортшы 12 спорт түрімен шұғылданады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген, халықаралық дәрежедегі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорт шеберлері мен I санаттағы, спорт шеберіне үміткер спортшылар бар. Мектеп дәрігерінің айтуынша, спортшылардың денсаулығы үнемі бақылауда.
– Олар жылына бір рет жоспарлы, тереңдетілген медициналық бақылаудан облыстық дене тәрбиесі диспансерінен өтеді. Бақылау барысында спротшылар терапевт, кардиолог дәрігерлерінің қабылдауында болып, УЗИ, ЭКГ зерттеулерінен өтіп, қан құрамына да зерттеу жүргізіледі. Ал республикалық жарыстарға қатысу үшін алдымен мектеп дәрігерінің тексеруінен өтіп, ұсыныс алады. Жыл бойы жоспарға сәйкес кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі медициналық кабинетінің қызметкерлері спортшыларға бірінші медициналық көмек көрсетіп отырады. Сонымен қатар мектептегі барлық спортшыларға дене күш-қуатын үдету мақсатында дәрумендер беріледі, егер жарақат алған жағдайда қайта қалпына келтіру массаждарын қабылдайды, - дейді кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің дәрігері Айымбүбі Балбаева.
Спортшылардың денсаулығына жауапты мамандардың сөзінше, сабақ кестесіне сәйкес жаттығу барысында спортшылардың қан қысымы мен жүрек соғысын назардан тыс қалдырмайды. Ақ халаттылар жаттығу өтетін зал мен шешіну, жуыну бөлмелерінің санитарлық тазалығына да аса мән беретіндерін айтты.
Ал халықаралық спорт журналисі Руслан Меделбек еліміздегі спорт дәрігерлері жалпы медициналық білімі бар мамандар ғана екенін алға тартуда.
– Еуропа елдерінде спорттық медицина жеке факультет ретінде оқытылады. Әсіресе, Германия, Канада, АҚШ, Австралия, Қытай, Жапония, Корея мемлекеттерінде бұл сала жақсы дамыған. Ал біздің спортшыларымыздың денсаулығын бақылайтын ақ халаттылар жоғары оқу орындарында жалпы медицинаны ғана оқыған. Менің жеке көзқарасым, егер бұл салаға көңіл бөлініп, қарқынды түрде дамыған болғанда допинг даулары болмайтын еді. Көбіне жеңілісті сәтсіздікке балап, жылы жабылып қалатыны бар. Бұл тақырып зерттеуді қажет етеді деп санаймын.
Жуырда облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жаңа облыс орталығы - Түркістанға қоныс аудармақ. Сала мамандары алдағы уақытта шымкенттік спортшылардың денсаулығын қадағалайтын орталықтың қажеттілігі туындайтынын жасырмады. Елбасы Қазан Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы орайда Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырып отыр. Ендеше, дәрігерлердің спорт саласындағы өзіндік орнын ескерсек, жаңадан салынатын бұл спорттық нысандармен қоса спортшылардың саулығына көңіл бөлінетін орталық та қажет-ақ.

Последнее изменение Пятница, 26 Октябрь 2018 05:32