Бастау барын бұлақ та біледі Избранное

Пятница, 30 Июнь 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2646 раз

Ташкентте өткен әлем чемпионатында қазақтың шоқпар жұдырық бес жампозы ақтық айқасқа шығып, төртеуі алтыннан салым салды. «Қазақстан», «Қазақстан» деп алып сарайдың түндігін желбіреткен қазақ жанкүйерлері негізінен Түркістан облысы, Шымкент шаһарынан еді. Қазақ – жаратылысында ешкімді алаламайтын, мықтыға құрметі бөлек халық. Осы чемпионатта қазақ жанкүйерлері Өзбекстан құрамындағы Руслан Абдулаевқа ерекше жақ тартты. Өйткені, Руслан – қазақ жұрағатынан. Уақытында тарихи Отанына оралып, Шымкент құрамасының сапында болды. Пандемия салдарынан орныға алмады. Бүгінде ол Өзбекстан мемлекетінің Олимпиада ойындарындағы басты үміттерінің бірі.
Біз осы мақалада қазақ «өзбек – өз ағам» деп еркелейтін көрші ағайында биік белестерді бағындырған қазақ спортшылары жайында әңгіме қозғадық. Арнайы сұқбат та алынды. Екі туысқан ұлттың арасында алтын көпір болып жүрген дарабоздар жайлы оқи отырыңыздар...

365

 

Көршілес Өзбекстанда этникалық қазақ боксшыларының жеңісті дәстүрі бар. Әлем және Азия чемпионаттарында қазақ ұландары жеңіске жетіп, мықтылығын дәлелдеп жүр. 2021 жылы әлем чемпионатында Ташкент облысы Бостандық ауданының тумасы Мадияр Сайдрахымов қола жүлдемен қайтқан. Араға екі жыл салып осы жеңісті дәстүрді Руслан Абдуллаев жалғады. Ташкенттегі әлемдік сайыста топ жарған ол қазақ боксшыларының тарихи бес алтын жеңіп алуына үлес қосты.

20 ЖАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Руслан Абдуллаев Өзбекстанның Ташкент облысы, Қыбырай ауданы Қыпшақ ауылында туған. 2017 жылы Филиппинде өткен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында (49 келі) қола жүлде жеңіп алған-тын. Жартылай финалда дарынды қазақ жасы Махмұд Сабырханға есе жіберген. Сөйтіп, қос қазақ тұғырда қатар тұрды. Міне, жас дарынның жеңісті жолы осылай басталды.
Өткен жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы. Биыл Ташкенттегі әлем чемпионатында 63,5 келіде ешкімге дес бермей, чемпиондық белдікке қол жеткізді. Алдымен Пуэрто-Рико, Испания, Маврикий, Франция боксшыларын жеңіп, жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда Арменияның мықтысы Хованес Бачковтан айласын асырды. Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Еуропаның 2 дүркін жеңімпазын 5:0 есебімен қапы қалдырды. Финалда Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, моңғолиялық Баттарсух Чинзоригтен басым түсіп, әлем үздігі атанды. Бұл атаққа 20 жасында қол жеткізіп отыр.

364


2015 жылғы әлем чемпионатында Елнұр Әбдірайымов қола жүлдеге ие болған. 2017 жылы Ташкент төрінде Әбдірайымовтың құрлық чемпионы атанғанына да куә болып едік. 2023 жылы әлем чемпионатына да жол түсіп, қандас боксшылардың ғаламат жеңісіне кезекті рет жанкүйер болдық. Қолдау көрсеттік. Әрине, барша қазақ бауырлары Абдуллаевтың жеңімпаз болуына шын тілектестікті білдірді.
Қазақстанмен шекарадан 34 шақырым жерде, 90 пайыз қазақтар тұратын Қыпшақ ауылы жеңімпаз ұлды зор қошеметпен күтіп алғанын әлеуметтік желілерден көрдік. Жалпы 300-ден астам адам жиналған. «Мен қазақпын» әнін әуелеткен ауылдастары қазақтың рухын көтерді. Бұл – тарихи жеңіс.
Руслан бауырымыз әлем чемпионатының тұғырына дейін қаншама қиындықтарды бастан өткерді. Жеке бапкері Ерғали Ярашевпен бірге сүрлеуге түсіп, соқпақпен жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Иә, жеңіс жолы ұзақ. Жеке бапкерімен әңгімелесіп, бірқатар жағдайларға қанық болдық.
– Қыпшақ ауылының балаларын боксқа үйретіп жүрген кезім. Руслан менің залыма 3-ші сыныпта оқып жүргенде келді. Талапты жас бірден көзге түсе бастады. Одан әрі қарай Шыршық қаласындағы Олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебіне ауыстырдым. Өзбекстан чемпионы болғаннан кейін Филиппинде жасөспірімдер арасында Азия чемпионатынан жүлдегер болып оралды. Одан кейін бірқатар сынақтармен бетпе-бет келдік, – деп бастады әңгімесін жеке бапкері.
Спорт мектебін бітіргеннен кейін Руслан атажұртында өз мансабын жалғастыруды көздейді. Шымкент қаласы құрамасы сапына кіріп, жастар арасындағы ҚР чемпионатында 3-ші орын алады. Оқу-жаттығу жиындарына да қатысады. Бірақ...
Осы уақыттары әлемдік пандемия әлекке салып тұр кез болатын. Қазақ елінде бағы жанбай, қайтадан Өзбекстанға оралады. Шәкіртін спорт мектебіне бергеннен кейін жеке бапкері де тіршіліктің қамымен басқа жұмысқа кіріскен. Отбасы, үй шаруалармен жүріп, бапкерлік жұмыстан алыстаған. Дарынды, талапты жастың болашағы қалай болмақ?
– Осы аралықта Русланның бағы жанбай, сәтсіздіктерге ұрынды. Боксты тастап, ауылда шөп орып, құм-тас артып, нәпақа табуға кірісіп кетіпті. Өзі үйдің үлкені, бір інісі, қарындасы бар. Осылайша анасына жәрдем беріп жүрді. Содан тәуекел етіп, көзінде оты бар талапты жасты қайтадан жаттықтыруға кірістім. Үкілі үмітпен жаттығуды қайта күшейттік. Техникалық, тактикалық жағын жетілдірдік. Ең алдымен Польшада өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатының іріктеу сайысына дайындалдық. Одан кейін бірлескен тыңғылықты еңбектің арқасында Өзбекстан чемпионы, Азия чемпионы атанды. Биыл жыл басында Странджа турниріне финалға дейін шықты. Одан кейін әлем чемпионатына қатыстық, – дейді Ерғали Ярашев.
Табанды еңбектің нәтижесі – жеңіс. Руслан табиғатынан мінезді жігіт. Көздеген мақсатына жетпей қоймайтын қайсарлығы, жеңілуді ар санайтын өжеттігі бар. Әрбір жарыста алдына тек бірінші орын алуды мақсат ететін намысқой жас. Жеке бапкері шәкіртінің осындай қырларына тоқталып өтті. Қазіргі таңда бапкерімен бірге ол Азия ойындарына дайындықты бастаған.

ЖЕҢІСТІ ДӘСТҮР ҮЗІЛМЕК ЕМЕС

Ташкент облысынан қаншама қазақ жастары әлемдік спортта атой салып, жеңісті дәстүрді жалғастырып келеді. Бір ғана Бостандық ауданынан әріден айтқанда әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, бертініректе боксшы Бақыт Сәрсекбаев, грек-рим күресінен Елмұрат Тасмұратов сынды Олимпиада ойындарының жеңімпаз және жүлдегерлері шықты. Бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары Елнұр Әбдірайымов, Мадияр Сайдрахымов та Бостандық ауданының жастары. Бостандық ауданының тумасы Сәкен Бибосынов, Қарақалпақстаннан Ердос Жаңабергенов елімізге қоныс аударып, әлем чемпиондары атанды. Иә, мұның бәрі тарих.
Ташкент облысында бокстан білікті қазақ бапкерлерінің қатары бір шоғыр екенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Нұрғали Әбдірайымов, Махмұд Ходжаев, Ильяс Рахымжанов, Ерғали Ярашев, Нұрлан Қаражігітов, Самат Ильясов... бәрі де жоғарыда аталған қазақ жастарының томағасын сыпырып, талабын ұштады.
Міне, жеңісті дәстүрге сай Қыбырай ауданынан Ерғали Әбубәкірұлының шәкірті Р.Абдуллаев тарихтың жаңа бетін ашты.

ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ДОСТЫҒЫ – ТОННЫҢ ІШКІ БАУЫНДАЙ

Төсекте басы, төскейде малы қосылған қоңсы елдердің спортшыларының осындай жеңісті дәстүрі бар. Боксшылар мен бапкерлері шаршы алаңның сыртында сыйлас жандар. Қазақ-өзбек достығына талай рет куә болдық. Осы әлем чемпионатында екі ел құрамалары бас бапкерлерінің бір-біріне деген құрметі зор екенін аңғардық. Бәрі де тонның ішкі бауындай қарым-қатынаста. Өзбек елінің боксшылары Қазақстандағы турнирлерге қатысып, тәжірибе жинады. Біздің елдің жастары да көрші елдегі халықаралық турнирлерде бақ сынап жүр. Осындай сыйластық, достық қарым-қатынастың арқасында екі ел боксшылары жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Көрші елде қазақ жастары да атой салып, тарихты жалғап келеді.

363


Ташкенттегі әлем чемпионатында белгілі боксшы Өткірбек Хайдаровпен финалдық бәсекенің алдында ұшырасып қалдық. Өзбек боксының ардагері, Олимпиада ойындары және әлем чемпионатының жүлдегері бізге жылы шырай танытып, аз-кем пікірін білдірді.
– Құдайға шүкір, өз еліміздегі әлем чемпионатында жігіттер жерге қаратып жатқан жоқ. Бәрінің де дайындығы жақсы. Ұйымдастырылуы де өте керемет. Бәрі де өз ризалықтарын білдіріп жатыр. Сонымен қатар, қазақ боксшылары да керемет нәтиже көрсетуде. Сіздерден 5 боксшы финалға шықты. Бәрі де алтын жүлдеге лайық жігіттер. Жеке өзіме 48, 54, 80 келідегі боксшыларыңыздың өнері ұнады. Енді бәріне де алтын медаль алуға сәттілік тілеймін, – дейді өзі қонақжайлық танытып.
Қазақ-өзбек боксшыларының сыйластығына «INSPIRE» қонақүйінде куә болдық. Екі елдің ұлттық құрамалары бір қонақүйге жайғасыпты. Аса ауыр салмақта Баходир Жалоловты Қамшыбек Қоңқабаев алтын жүлдесімен құттықтады. Әлем чемпионаты аяқталған күні қос елдің бас бапкерлері бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді.
2015 жылы мамыр айында қазақтың нар тұлғалы ұлдарының бірі, Сидней ойындарының және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті. Әйгілі боксшының шаршы алаңдағы қарсыласы, өмірде досы Рустам Саидов та турнирге арнайы келген. Тіпті, Өзбекстан құрамасының бас бапкері бола тұра, Янгиабад тауындағы жаттығу жиындарын тастай сала Шымкентке жеткен. Шаршы алаңда бұрынғы қарсыластардың бір-біріне деген құрметі қандай екенін осыдан-ақ білуге болардай. Спорт – біріктіруші күш, бейбітшілікке бастаушы.
Сол кезде Өзбекстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарып жүрген Р.Саидов қазақ-өзбек боксы туралы, алдағы ой-жоспарлары жөнінде пікірін айтқан-ды. «Мұхтархан өзі маған телефоныма қоңыраулатты. «Інім, Шымкентке кел. Турниріме қонақ болып қайт» деп өзі шақырды. Досымның бір ауыз өтінішін қабыл алып, турнирге келдім. Мұндай жарыстардың жастарға берері көп. Мұхтарханның жүлдесіне арналған турнир барын білетінмін, биыл төртінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Біздің жас боксшылар да осындай турнирлерде тәжірибе жинайды» – дейді әйгілі боксшы.
Өзбек елінің әйгілі спортшысы әңгімесін одан әрі қазақ-өзбек достығы жайында жалғады. «Төртінші турнирдің Шымкентте өткізілгені менің ғана емес, көпшілік көңілінен шықты. Шыны керек, мен өзім Шымкенттегі жарыстарда тәжірибе жинадым. Ақтөбе, Павлодар, Талдықорған, Алматы қалаларында шеберлігімізді шыңдадық. Қазақстан боксшыларын бүгінде әлем елдері мойындайды. Өзімнің де қазақ боксына деген құрметім жоғары. Қазақ-өзбек боксшылары әрдайым достық қарым-қатынаста. Арамызда ешқандай дау, түсініспеушілік болған емес. Мұхтарханмен спортта қарсылас болғаныммен, өмірде сыйлас доспын».
Мінекей, осындай сыйластық, достықтың арқасында қоңсы ел өрендерінің жеңісті дәстүрі үзілмек емес. Өзбек еліндегі дарынды қазақ жастары да әлемдік спорттан өз орнын тауып келеді.
Мадияр Сайдрахымов, Елнұр Әбдірайымов... енді олардың қатарына Руслан Абдуллаев қосылды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.