Жас өнертапқыштар
Среда, 19 Апрель 2017 10:45Таяуда мектеп оқушылары арасындағы республикалық «Жас ғалым» ғылыми жобасы мен «Жас қаламгер» шығармашылық байқауларының қорытындысы жарияланды.
Озық ойлы жас өнерпаздардың есімін әйгілеу, олардың оқу-танымдық ізденістерін одан әрі қалыптастыру мақсатында өткен шараға өңірдің белгілі ақын-жазушылары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– ХХІ ғасыр – зияткерлік пен жаңашылдықтың дәуірі. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерімен ғаламды мойындату – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осы орайда, біз 2014 жылдан бері ғылымға ден қойған жас шәкірттерді жүйелі түрде марапаттап отыруды дәстүрге айналдырып келеміз, – дейді «Жебе» баспа үйінің директоры, «Мектеп», «Жас ғалым» журналдары мен «Алтын ұя» газетінің бас редакторы Жарқынбек Төлтебай.
Байқау жеңімпаздары арнайы «Жас ғалым» және «Жас қаламгер» медальдарымен марапатталды. Марапат иелерімен бірге олардың ғылыми жетекшілеріне «Алғыс хат» табыс етілді.
Жаңаша дамуға бастайтын бағдар
Среда, 19 Апрель 2017 10:41Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өңір активі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалар, аумақтық департамент, құзырлы орган басшылары және облыс ардагерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты.
Өңір басшысы Президенттің бағдарламалық мақаласы соңғы күндерде ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғаның бірі болғанын ерекше атап өтті. Онда Елбасы экономикалық және саяси жетістіктерімізді дамыту жолында рухани қорымызды барынша байытатын көп салалы жаңа бағдарламасын ұсынып отырғанына тоқталды.
– Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Сондықтан біздің міндетіміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.
Мақсат айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу екенін айтқан аймақ басшысы мақаладағы «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде Елбасымыз бәрімізге, әрбір қазақстандыққа нақты міндеттер жүктегенін атап өтті.
Сондай-ақ, жиында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы М. Байғұт, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, профессор Б. Тілеубердиев, Шымкент қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның директоры Қ. Кәдірбаева, облыстық «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары К. Исмаилов өз пікірлерін білдірді.
Елбасымыздың мақаласында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, облыс әкімі сала мамандарына мақаланы насихаттау бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық және аудан, қалалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырып, желілік кесте әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, жаңа тәсілдерді пайдалана отырып, әлеуметтік желілерде жұмысты күшейтуді айтты. Актив отырысын қорытындылаған облыс әкімі Елбасымыздың бұл мақаласын насихаттау, түсіндіру, жүзеге асыру – мемлекеттік органдарға ғана емес, жалпы қоғамға жүктелген міндет екенін жеткізді.
Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе – Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының облыста жүзеге асырылу барысы бойынша облыс әкімі орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Исамуддин РЫСБАЙ: «Қариясы қадірлі қоғамның ырысы мен табысы мол»
Понедельник, 17 Апрель 2017 03:31Бүгінде республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдығы ел аумағында салтанатты түрде атап өтілуде. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен аға буын өкілдері қоғамдағы түрлі өзгерістерге үн қатып, ауқымды істердің ұйытқысы болып келеді. Осы орайда, біз Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаймен ұйымның қоғамдағы қызметі мен бүгінгі-бағыт бағдары жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Исамуддин Нәштайұлы, Ардагерлер кеңесі өзінің 30 жылдық белесінде қоғамдағы өз орнын лайықты таныта алды ма?
– Әрине. Ардагерлер ұйымдарының қызметі әсіресе, еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жаңа жинай бастаған тұста айқын көрінді. Және елдегі саяси тың өзгерістерге зиялы ардагерлер қауымының өзіндік өнегесі мен кеңесі, қолдауы аса қажет еді. Сындарлы сәттерде де бұл ұйым өзіндік бағыт-бағдарымен тура жолды пайымдай білді.
Қазіргі таңда, Ардагерлер кеңесі аталатын ортақ ұйым аясында нақты міндеттер атқарылуда. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Қазақстан – 2050 Стратегиясы» көптеген сынақтарға абыройлы түрде төтеп беріп келеді. Тәуелсіздік көп этносты қоғамымыздың нақты, ең жоғары құндылығына айналды». Осы тұста көптеген жауапкершілікті мойнына алған Ардагерлер кеңесі де ілкімді шаралардың ұйытқысы бола білді. Қазір ел аумағында Ардагерлер ұйымдарының 30 жылдық мерекесі салтанатты түрде атап өтілуде.
Соғыс және еңбек ардагерлерінің арнайы ұйымы Кеңес одағы тұсында құрылды. Шымкент қалалық кеңесі 1987 жылы 21 ақпанда ресми іске кірісті. Кеңес төрағасына қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары И. Криштанов сайланған. Сол кезеңде ардагерлер ұйымының есебінде 60 мың адам болған. Оның 5 мыңы соғыс ардагерлері еді. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында 120 соғыс, 6 мыңға таяу тыл ардагері бар.
Қалалық ардагерлер кеңесінде мұнан кейін 1989-1993 жылдары Спабек Пазылбеков, 1993-2003 жылдары Абдулхай Жандарбеков, 2003-2004 жылдары Уәлихан Сүлейменов, 2014-2015 жылдары Әлібек Өмірәлиев төрағалық қызмет атқарды.
Соңғы жылдары көптеген қарияларымыз имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, сәждеге жығылып, мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа барып жатқандығы да өнегенің бірі емес пе?!
Елбасы бір сөзінде: «Қазақ тарихында бүгінгі жастар ұялатын ешнәрсе жоқ. Қазақ тарихы ат тұяғы дүбірімен жазылған» деп еді. Шынында да, біз бүгінгі тәуелсіздікке батыр бабалардың, шешен тұлғалардың қасиетті жерін қанын қиып жанымен қорғаған ерлік әрекетінің нәтижесінде қол жеткіздік.
Сондықтан сол бабаларымыздың мұрасын насихаттаумен қатар, өлімі жылаусыз, құны сұраусыз кеткен асылдарымыздың басына кесене тұрғызып, аруағын ұлықтап, есімін халық жадында жаңғырттық. Олардың еліне жасаған қызметтері жайлы кітаптар жазылып, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, ерліктерін кейінгі ұрпаққа паш етіп жатырмыз.
Осындай игі шаралар мен бастамалардың басы-қасында ұйымдастырушысы болып ел ағалары мен ақсақалдар жүргені анық.
– Ардагерлер кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеуге қалай, қаншалықты үлес қосуда?
– «Өнегелі қарт жоқ жерде, өнерлі жас та жоқ» деген дана қазақ. Жас ұрпақ – біздің келешегіміз. Отанымыздың ертеңі, біздің ісімізді жалғастырушылар. Сол себепті, Ардагерлер Кеңесі қызметінің негізгі саласының бірі – жастар тәрбиесі. Соғыс кезінің қиыншылығын көрген, Қызыл империяның жан алғыш мәшинесінің оттығына түскен ардагерлер жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларға түзу жол нұсқап, ағалық, әкелік ақылын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Соның нәтижесінде, түрлі басқосулар, конференциялар, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып тұрады.
Ардагерлердің белсенділігі 30 жылдың ішінде жас ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жүрген жарқын істерінен анық көрінеді. Соғыс және еңбек ардагерлері, ақсақалдар қашанда қоғамдық істерге ұйытқы бола білетін жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Оқу орындарында жүйелі түрде кездесулер, конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары, өзге де маңызды Стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларды жұртшылық арасында насихаттауда да ардагерлер алда келеді. Кешегі наурыз айында қазақ мемлекеті үшін мәні зор тарихи шешім қабылданды. Бәріміз куә болдық. Елбасы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға жариялы түрде қол қойды. Сол өзгерістердің жобасын талқылау барысында ардагерлер, абыз ағалар өздерін үлкен күш ретінде танытты.
– Жасы үлкен абыз деп сыйлай білетін қазақ елінің игі дәстүрі бүгінде өз дәрежесінде бағаланып жатыр ма?
– Күнделікті өмірінде үлгілі істері мен өнегелі сөздері ұрпақтар сабақтастығына, жастар тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосқан аға-апаларымыздың есімін көптеп айтуға болар еді. Бұл қатарда, Боранбек Шүкірбеков, Қаратай Төлебеков, Айтжан Бекназаров, Нұрмахамбет Әжіметов, Еркінбек Тұрысов, Әбдуәлі Жақсыбаев, Айтымбек Құмарбеков, Клара Әліпова, Дәметер Бөлегенова, Шерім Медеуов, Мархабат Байғұт, Алданазар Құрманбаев сынды ардагерлеріміз қай ортада жүрсе де сыйлы да қадірлі. Осы кісілерге қарап көпшілік ой да, бой да түзейді.
Қала аумағында 229 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Әлі де болса, бұл көрсеткішті едәуір ұлғайта түсу қажет. Осы ұйымдардың қажырлы қызметінің нәтижесінде, соғыс және тыл ардагерлеріне, көп балалы аналарға және балалар үйіне қайырымдылық, қамқорлық көрсетіліп келеді. «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында оқу орындарында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры», «Тәрбие бастауы – отбасы», «Тәрбие көзі – халық мұрасында» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шараларға «Әжелер алқасының» мүшелері де белсене қатысып жүр. Нақ осы ұйымның ұйытқы болуымен Ұлыстың Ұлы күніне орай, қаладағы әскери бөлімдерде «Әжелер дәмі» атауымен ақ дастархан жайылып, мерекелік кештер ұйымдастырылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы», «Үлгілі отбасы» байқауларының жоғары деңгейде өтуіне Ардагерлер кеңесі де өз үлесін қосып жүр.
Ардагерлер арасында сұхбат сағатын өткізу бүгінде игі дәстүрге айналды. Мерейлі жасқа толып отырған ата-әжелер отбасына сәлем бере бару, сауқат сыйлау жүйелі кесте бойынша жүзеге асуда. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына, хайуанаттар паркіне, тарихи-өлкетану және «Ерлік» мұражайына, облыстық салт-дәстүр орталығына, театрларға саяхат жасау дәстүрінің де тағылымы мол. Биыл бұдан бөлек, «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» тақырыбында жаңа жобаны қолға алудамыз.
ҚР Президенті Н. Назарбаев ардагерлерге қамқорлық жасауды үнемі назардан тыс қалдырмай, жыл сайынғы Жолдауларында арнайы атап өтуде. «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз», – дейді Елбасы. Ардагерлер кеңесі Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды орындауды ұдайы басшылыққа алып келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, тұрмыс жағдайы төмен және жалғызбасты зейнеткерлерге, соғыста қаза тапқандардың жесірлеріне жылу мен электр қуаты және ауыз суды тегін пайдалануға жағдай жасалған. Өткен жылы 173 зейнеткер медициналық тексерулерден өтті. 3,5 мыңнан астам тыл еңбеккері, зейнеткерлер, еңбек ардагерлері «Ардагерлер үйінде», Сайрамдағы «Мейір» демалыс үйінде және «Біркөлік», «Денсаулық» шипажайларында денсаулығын нығайтты. Бүгінде олар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Өмір жолы» акциясының негізінде «Дабыл түймесі» мобильдік телефонын пайдалануда.
Ардагерлер ұйымдарының 30 жылдығы – баршамыз үшін үлкен мереке. Елбасымыз: «Тойды да тойлау керек, айды да ойлау керек», – дейді ғой. Сол айтқандай, той тойлай отырып, қол жеткен табыстарды жалғастыруға, кемшіліктерді түзетуге, «Мәңгілік ел» болу жолында жұмыла қызмет жасағанымыз жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
АС БЕРУ ӘДЕБІ Ислам дінімен үндестігі бар
Среда, 12 Апрель 2017 06:12Жарық дүниеден өткен жақындары мен жайсаңдарын еске алып, әруағына бағыштап ас беру қазақ халқының дәстүрінде бар. Мұсылман дінін қабылдағанға дейінгі нанымы бойынша, ас бере отырып, халқымыз ата-баба рухының желеп-жебеп жүруін тілек еткен. Сондықтан, өлінің рухына арналған өзге садақаларға қарағанда, ас беру рәсімінде салтанаттылық нышаны басым болып келеді. Осы орайда, қазақтың қанында бар бұл дәстүр Ислам дініне қаншалықты үндеседі? Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбекке бірер сауалымызды жолдаған едік.
– Ахметжан Пірәліұлы, дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағыштауда нендей амал-әрекеттер орындалуы тиіс? Дұрысы қалай болмақ?
– Дүниеден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше, сауапты іс екендігін талай Ислам ғұламалары дәлелдеп жазған. Пайғамбарымыздың: «Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар» деген хадисі бар. Абдуллах ибн Омар сахабаның қабір басында «Бахара» сүресінің аяттарын оқығаны жөнінде риуаят жеткен. Пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде марқұмның өтей алмаған оразасын тұту, атқара алмаған қажылығын өтеу, оның атынан садақа беру секілді ғибадаттардың сауабы өліге тиетіні айтылған. Осыған сүйеніп, ғалымдар Құран оқу да жеке ғибадат болып табылатынын, оны марқұмға бағыштаудың да өліге сауабы тиетіні жөнінде ортақ тұжырымға келген. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа Алланың елшісі, ата-анам өлгеннен кейін де оларға құрмет көрсете аламын ба?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, егер дұға жасасаң, Алладан оларға кешірім етуін сұрасаң, берген уәделерін орындасаң, туыстарымен байланысыңды үзбесең және достарын құрметтесең» деп жауап берген. Сонымен қатар, Исламда «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Ол Пайғамбарымыздың: «Адам қайтыс болған соң амал-сауабы тоқтайды. Тек үш жолмен ғана үздіксіз сауап барып тұрады: тоқтаусыз садақасы (ел игілігі үшін жасаған нәрселерінің сауабы – салған көпірі, мешіт, медресесі, т.б.), қалдырған пайдалы ілімі, салиқалы ұрпағының дұғасы» деген хадисіне негізделген. Осы негіздерге сүйене отырып, Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін ғалымдар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Дегенмен, Құранды ақы төлеп оқытуды Ислам ғұламалары құптамаған, «ақшаға оқылған Құран қабыл болмайды» деп тұжырымдаған. «Мүмкіндігінше қаза иесінің Құранды өзі оқып, бағыштағаны жөн, ал Құранды басқа адамға оқытқан жағдайда оған ақы төлеуге болмайды, садақа ретінде беруге болады» деген ортақ тұжырымдар бар.
Қазақтың дәстүрінде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің өзара ортақ ой-ниетке тоғысқанын көрсетеді. Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Исламды қабылдаған түркі жұртында бұл үрдіс әруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де Ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.
– Бүгінгі ұрпақтың ас беру әдебі өз мәнерінде сақталып жатыр ма?
– Қазақы ортада қалыптасқан дәстүр бойынша қыршын кеткен жасқа және пайғамбар жасына толмай дүниеден озғандарға ас беру болмаған, тек жылын ғана өткізген. Қарапайым адамдар кішкене ас беру өткізеді және ол бір-ақ күннің ішінде атқарылады.
Қазақтың жора-жоралғысы бойынша ас беру рәсіміне елдің әр аумағынан есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші-жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы жіберген адамдар арқылы шақыртылған. Ас беру дəулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың əкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мəлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір əулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да әруаққа арнаған сойыс малдарын жəне қымыз толы сабаларын өздерімен бірге ала келген. Сонысымен де ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айрықша рөл атқарған институттардың бірі болды.
Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың астарында үлкен мағына жатыр. Сондықтан бүгінгі күні де топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.
Ас беру – нығмет. Бұл жөнінде, Хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» (Имам Ғазали). «Қонақ дастарханда отырғанынша, періштелер үй иесіне дұға етеді» (Табарани).
Бір кездегі отарлау саясаты тәрізді саяси-әлеуметтік факторлардың тегеурінді әсеріне байланысты ас беру ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ мән-маңызын кемітіп алды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңдағы ас беру деп атап жүргеніміз бұрынғы өткен батыр бабалар мен аталардың есімін ардақтап, дәріптейтін шара деңгейінде ғана атқарылып келеді. Яғни, ел-жұртты шақырып, мал сойып, ат шаптырып атап өтетін шара деңгейінде атап өтіліп жүр.
– Көпшілік арасында ас беру үрдісін ысырапшылық ретінде бағалайтындар да жетерлік...
– Ислам мұсылмандарға бүкіл жақсылықты бұйырып, күллі жаманшылыққа тыйым салатын иләһи дін. Мысалы, жұртшылықты ас беруге шақырғанмен, шектен тыс ысырап жасауға жол бермейді. Қасиетті Құрандағы: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді», – деген аяттан ұғарымыз өте көп. Бұл ретте, жомарттық жасаймын деп жүріп, ысыраптыққа жол беріп алуымыз да ғажап емес. Сондықтан, осы екі ортадағы қылдай нәзік өлшемнен қателік жібермеуге тиіспіз. Шындығында да, бүгінгі беріліп жүрген ас беру рәсімдері біздерді айтарлықтай алаңдатады. Барды шектен шықпай ұқсата білу де өнер. Көп ретте, ас иелері «Әкесі кезінде оқытып, жетілдіріп еді. Енді оның құдайы асын жарытпай отырғанын қарашы» дейтіндерден именіп жатады. Күрескенде біздер, міне, осы түсінікпен күресуіміз керек. Мұсылманға өзгенің пікірі емес, Алланың бұйрығы маңызды. Дастарханға қойылғанды жеп, тауысып кететін жамағат болса, әрине, дұрыс. Бекерге артылып, төгілген дастарханда не мән бар? Мұсылманға ас ішкізу – сауапты іс. Бірақ, ысырап ету – күнә. Міне, осылардың арасынан алтын ортаны таба білуіміз қажет. Тамақты өлшеммен беріп, ал артылған қаражат болса, жағдайы төмен отбасы мүшелеріне киім-кешек, ас-ауқат апарып берсек құптарлық амал сол болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Жас қарилар сынға түсті
Среда, 12 Апрель 2017 06:05Өткен аптаның қасиетті жұма күнінде «Айтбай ата-Ақмешіт» мешітінде Қазақ-стан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен ұстаз, имам Али-Айдар Төлжанұлының құрметіне облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды.
Шараға өңірдегі 6 мен 20 жас аралығындағы 170-ке тарта үміткер қатысты. Өңірдегі медреселер мен мешіттердегі діни сауат ашып жүрген шәкірттер қасиетті Құран сүрелерін жатқа, мазмұнын бұзбай айтуға тырысты.
Әділ қазылар құрамына Мысыр Араб Республикасының Әл-Азһар университетінің ұстаздары Махмуд Мұхаммед Абдул Жаввад, Ниғматулла Ауад, Түркиядан келген ұстаз Осман Өсташ, «Ықылас» қарилар дайындау орталығының ұстазы Камалжан Садықов, «Шымкент» медресе колледжінің ұстазы Марибжан Ахметов, «Сарыағаш» медресе колледжінің ұстазы Бақытжан Жақипов енді. Сондай-ақ, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, дінтанушы Ерсін Әміре шараға арнайы қатысып, жас қарилер үшін қасиетті Құран жаттау және оның жолдары туралы тәлімдік уағыз айтты.
– Құран – Алланың сөзі. Ал оны жаттап өскен жастың жаман әдеттен аулақ болатыны анық. Шүкіршілік, қазір дәл осы іске амал етушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл игі шара соның бірден-бір айғағы. Бүгінгідей сайыстар өскелең ұрпақтың Құран оқуға деген құлшынысын арттырады. Сондықтан, бұл дәстүр алдағы уақытта өз жалғасын табады, – деді өңірдің бас имамы Ахметжан қажы Керімбек. Сонымен, бес пара бойынша Исламнұр Сержанұлы жеңімпаз деп танылса, Айдын Мақан екінші, Мұхамбет Ығылман үшінші жүлделі орындарға ие болды.
Жарысқа қатысушы қарилар марапатталып, оларға қаржылай және заттай сый-сыяпаттар табыс етілді.
«Ардагерлер ұйымына» – 30 жыл
Среда, 12 Апрель 2017 05:19Бүгінде «Ардегерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күнге байланысты, Әл-Фараби аудан әкімдігі ардагерлер кеңесі және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» атауымен ауқымды іс-шараларды қолға алды. Яғни, кестеге сәйкес, кеңейтілген жиындар, «дөңгелек үстел», семинар, жастармен кездесулер ұйымдастырылмақ.
Осы орайда, «Сыбаға» дәмханасында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері үшін ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Бауыржан Қалжановтың айтуынша, 2010 жылы аудан аумағында 38 бастауыш ардагерлер ұйымы болса, қазіргі таңда олардың қатары 62-ге артқан. Аудан аумағындағы барлық 26 мектепте бастауыш ардагерлер ұйымы құрылыпты. Жалпы, аудандағы ардагерлер саны 15 мыңға жуықтайды.
– Бүгінгі таңда ауданда 29 соғыс және 1 150 тыл ардагерінің тізімі анықталып, әлеуметтік карта әзірленген. Тек, өткен жылы 120-дан астам соғыс, тыл және еңбек ардагерлері «Ардагерлер үйлері» мен Сайрамдағы «Мейір» демалыс үйіне және «Манкент», «Сарыағаш» шипажайларына барып, денсаулығын түзеп қайтты, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.
Шара барысында тыл ардагерлері Х. Бижанов, К. Рысбеков, Н. Лычагина аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Әжелер ансамблі және жергілікті өнерпаздар өз орындауында ән-тарту жасады.
Өңірде кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары
Среда, 12 Апрель 2017 05:09Іскерлік климатты қалыптастыруда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Яғни, ел аумағында үздік үштікке енеді. Шымкент қаласына келген Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов осындай баға берді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында кәсіпкерлік саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар қаралды.
Жиында өңірдің іскерлік климатын қалыптастыру, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, салық төлеу, жер телімдерінің берілуі сияқты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғалды. Республика бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағын, орта және ірі бизнеске қатысты түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі де осы мәселелер жөнінде тіркеледі. Өңір басшысы аймақта кәсіпкерлікке қажетті жер телімдеріне деген тапшылық туындап отырғанын жеткізді.
– Оңтүстік Қазақстан облысында бос жатқан бірде-бір жер телімі жоқ. Облыс орталығындағы барлық коммерциялық жерлердің сатылып кеткенін жасыруға болмас. Сондықтан біз құрылысы ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған жер телімдерін анықтап, қадағалауымыз қажет. Бұл ретте аудан-қалалардағы барлық жер телімдері тексеруден өтіп, олардың тиімділігін арттыру жолдарын ойластырған абзал, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, инвестор тартудағы көшкі-қон заңнамаларының бірқатар заңдылықтары мен мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде туындайтын құжатбастылық мәселелері де жиында тағы бір екшеленді.
«Нөлдік төзімділік» қағидасы қоғам қауіпсіздігіне қызмет етеді
Пятница, 07 Апрель 2017 04:50Жуырда қала тұрғыны Н. есімді азамат «Тассай» шағынауданының Ш. Уәлиханов көшесінің бойында темекі қалдығын белгіленбеген орынға тастағаны үшін сот қаулысымен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Сондай-ақ, А. деген азамат сағыз қалдығын жерге тастағаны үшін 3 тәулік бойы әкімшілік қамау жазасын өтеуіне тура келді.
Оң нәтижесін берген «Нөлдік төзімділік» қағидасының бүгінгі бағдары шынында ел азаматтарының күнделікті өміріне айтарлықтай өзгеріс енгізді. Тұрғындар арасында «қала тазалығы», «ішкі мәдениет» жөніндегі ұғымдар қалыптасты. Өркениетті елдердің дәстүрінде бар тазалық мәселесі өз айналамызда жарқын көрініс берді. Тіпті, темекі тұқылын да белгіленбеген орындарға тастау – ұсақ құқықбұзушылыққа баланады. Қомақты көлемде айыппұлдар салынып, әкімшілік қамау жазасы белгіленеді. Өз кезегінде, бұл қағида осы қысқа мерзімде нәтижелігін көрсетуде.
«Нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері қала аумағындағы орта мектептер мен колледж ғимараттарында кездесулер өткізуде. Тек, Абай ауданы аумағы бойынша ақпан айының 20-сы мен наурыз айының 7-жұлдызы аралығында 33 мектепте 4 мыңға жуық жасөспіріммен кездесу ұйымдастырылған. Онда «Құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Қоғамда ұсақ құқықбұзушылықтарға, бұзақылыққа және мәдениетсіздікке «Нөлдік төзімділік» атмосферасын қалыптастыру мақсатында облыс аумағында учаскелік полиция бекеттері жанынан 254 қоғамдық кеңес құрылған, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Мұсабек Зұлпыхаров. – Бекітілген жүйелі кестеге сәйкес, насихаттық топ өткен жылы облыс тұрғындарымен 1300-ге таяу кездесу ұйымдастырды. Әсіресе, жасөспірімдерге құқықбұзушылықты жасамас бұрын оның зардаптары мен жауапкершілігі туралы ойлану керектігі түсіндіріледі.
Аталған кездесулерде кәмелетке толмағандар арасындағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық түсінігі, құқықбұзушылық үшін жауапкершілік, кәмелетке толмағандар үшін ата-аналарының жауапкершілігі және оның алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Айта кетейік, өткен жылы Абай ауданы бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 818 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 264-не әкімшілік айыппұл салынса, 554-і қамауға алынған.
Ұсақ бұзақылық санатындағы әкімшілік істерге қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі Стратегиялық Жоспарында белгіленген ауқымды міндеттерінің аясында тұрғындардың ішкі мәдениетін қалыптастыруға мейлінше ден қойылған. Бұл жөнінде Елбасы: «Біз тіпті ұсақ-түйек құқықбұзушылықтарға, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке төзбеуге тиіспіз. Себебі, бұл қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді» – деп атап өткен болатын. Оның негізгі мәні, әр адам қоғам тыныштығын сақтауды өзінен бастағаны жөн.
Демек, «нөлдік төзімділік» – адамдардың ұқыптылығы мен ішкі мәдениетін қалыптастыруға үндейді. Яғни, еліміздің әр азаматы кез келген құқықбұзушылыққа жайбарақат қарамауы керек. Бар мәселені тек құқық қорғаушы органдарға жүктеп қоюға болмайды. Елдегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін баршамыз жауаптымыз. Кез келген тәртіпсіздіктің алдын алу – борыш екендігі ел азаматтарының санасына сіңірілуі тиіс.
Осы бағытта облыстық прокуратураның бастамасымен «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асып келеді. Тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған тұрғындарды анықтау үшін аулалар мен көше бойларына 242 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Нәтижесі де көңілге қонады. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында облыс орталығында ұсақ құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 224 азамат жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып отырған «WhatsАpp» желісі де өз тиімділігін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша қала әкімдігінің «WhatsApp» желісіне қала тұрғындарының тарапынан 5475 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1258 азамат қала тазалығы және абаттандыру жұмыстары бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіпті.