×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

АС БЕРУ ӘДЕБІ Ислам дінімен үндестігі бар

Среда, 12 Апрель 2017 06:12 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 77060 раз

Жарық дүниеден өткен жақындары мен жайсаңдарын еске алып, әруағына бағыштап ас беру қазақ халқының дәстүрінде бар. Мұсылман дінін қабылдағанға дейінгі нанымы бойынша, ас бере отырып, халқымыз ата-баба рухының желеп-жебеп жүруін тілек еткен. Сондықтан, өлінің рухына арналған өзге садақаларға қарағанда, ас беру рәсімінде салтанаттылық нышаны басым болып келеді. Осы орайда, қазақтың қанында бар бұл дәстүр Ислам дініне қаншалықты үндеседі? Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбекке бірер сауалымызды жолдаған едік.

kerimbek– Ахметжан Пірәліұлы, дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағыштауда нендей амал-әрекеттер орындалуы тиіс? Дұрысы қалай болмақ?

– Дүниеден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше, сауапты іс екендігін талай Ислам ғұламалары дәлелдеп жазған. Пайғамбарымыздың: «Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар» деген хадисі бар. Абдуллах ибн Омар сахабаның қабір басында «Бахара» сүресінің аяттарын оқығаны жөнінде риуаят жеткен. Пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде марқұмның өтей алмаған оразасын тұту, атқара алмаған қажылығын өтеу, оның атынан садақа беру секілді ғибадаттардың сауабы өліге тиетіні айтылған. Осыған сүйеніп, ғалымдар Құран оқу да жеке ғибадат болып табылатынын, оны марқұмға бағыштаудың да өліге сауабы тиетіні жөнінде ортақ тұжырымға келген. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа Алланың елшісі, ата-анам өлгеннен кейін де оларға құрмет көрсете аламын ба?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, егер дұға жасасаң, Алладан оларға кешірім етуін сұрасаң, берген уәделерін орындасаң, туыстарымен байланысыңды үзбесең және достарын құрметтесең» деп жауап берген. Сонымен қатар, Исламда «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Ол Пайғамбарымыздың: «Адам қайтыс болған соң амал-сауабы тоқтайды. Тек үш жолмен ғана үздіксіз сауап барып тұрады: тоқтаусыз садақасы (ел игілігі үшін жасаған нәрселерінің сауабы – салған көпірі, мешіт, медресесі, т.б.), қалдырған пайдалы ілімі, салиқалы ұрпағының дұғасы» деген хадисіне негізделген. Осы негіздерге сүйене отырып, Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін ғалымдар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Дегенмен, Құранды ақы төлеп оқытуды Ислам ғұламалары құптамаған, «ақшаға оқылған Құран қабыл болмайды» деп тұжырымдаған. «Мүмкіндігінше қаза иесінің Құранды өзі оқып, бағыштағаны жөн, ал Құранды басқа адамға оқытқан жағдайда оған ақы төлеуге болмайды, садақа ретінде беруге болады» деген ортақ тұжырымдар бар.
Қазақтың дәстүрінде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің өзара ортақ ой-ниетке тоғысқанын көрсетеді. Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Исламды қабылдаған түркі жұртында бұл үрдіс әруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де Ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.

– Бүгінгі ұрпақтың ас беру әдебі өз мәнерінде сақталып жатыр ма?

– Қазақы ортада қалыптасқан дәстүр бойынша қыршын кеткен жасқа және пайғамбар жасына толмай дүниеден озғандарға ас беру болмаған, тек жылын ғана өткізген. Қарапайым адамдар кішкене ас беру өткізеді және ол бір-ақ күннің ішінде атқарылады.
Қазақтың жора-жоралғысы бойынша ас беру рәсіміне елдің әр аумағынан есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші-жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы жіберген адамдар арқылы шақыртылған. Ас беру дəулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың əкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мəлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір əулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да әруаққа арнаған сойыс малдарын жəне қымыз толы сабаларын өздерімен бірге ала келген. Сонысымен де ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айрықша рөл атқарған институттардың бірі болды.
Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың астарында үлкен мағына жатыр. Сондықтан бүгінгі күні де топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.
Ас беру – нығмет. Бұл жөнінде, Хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» (Имам Ғазали). «Қонақ дастарханда отырғанынша, періштелер үй иесіне дұға етеді» (Табарани).
Бір кездегі отарлау саясаты тәрізді саяси-әлеуметтік факторлардың тегеурінді әсеріне байланысты ас беру ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ мән-маңызын кемітіп алды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңдағы ас беру деп атап жүргеніміз бұрынғы өткен батыр бабалар мен аталардың есімін ардақтап, дәріптейтін шара деңгейінде ғана атқарылып келеді. Яғни, ел-жұртты шақырып, мал сойып, ат шаптырып атап өтетін шара деңгейінде атап өтіліп жүр.

– Көпшілік арасында ас беру үрдісін ысырапшылық ретінде бағалайтындар да жетерлік...

– Ислам мұсылмандарға бүкіл жақсылықты бұйырып, күллі жаманшылыққа тыйым салатын иләһи дін. Мысалы, жұртшылықты ас беруге шақырғанмен, шектен тыс ысырап жасауға жол бермейді. Қасиетті Құрандағы: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді», – деген аяттан ұғарымыз өте көп. Бұл ретте, жомарттық жасаймын деп жүріп, ысыраптыққа жол беріп алуымыз да ғажап емес. Сондықтан, осы екі ортадағы қылдай нәзік өлшемнен қателік жібермеуге тиіспіз. Шындығында да, бүгінгі беріліп жүрген ас беру рәсімдері біздерді айтарлықтай алаңдатады. Барды шектен шықпай ұқсата білу де өнер. Көп ретте, ас иелері «Әкесі кезінде оқытып, жетілдіріп еді. Енді оның құдайы асын жарытпай отырғанын қарашы» дейтіндерден именіп жатады. Күрескенде біздер, міне, осы түсінікпен күресуіміз керек. Мұсылманға өзгенің пікірі емес, Алланың бұйрығы маңызды. Дастарханға қойылғанды жеп, тауысып кететін жамағат болса, әрине, дұрыс. Бекерге артылып, төгілген дастарханда не мән бар? Мұсылманға ас ішкізу – сауапты іс. Бірақ, ысырап ету – күнә. Міне, осылардың арасынан алтын ортаны таба білуіміз қажет. Тамақты өлшеммен беріп, ал артылған қаражат болса, жағдайы төмен отбасы мүшелеріне киім-кешек, ас-ауқат апарып берсек құптарлық амал сол болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Четверг, 13 Апрель 2017 10:05