×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жиһадты қате түсінудің зардабы мол

Пятница, 14 Август 2015 06:35 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4976 раз

jihadty kate tusinu 33Ислам дінінде мұсылмандар үшін өміршең болып табылатын бірқатар маңызды ұғымдар баршылық. Соның бірі – жиһад. «Жиһад» сөзі араб тілінде «жә-хә-дә», яғни, белгілі бір мақсатқа ұмтылу, сол тұрғыда еңбектену, талпыну, күресу деген мағынаны білдіреді. Мұсылман қауымы үшін аса қасиетті осы ұғым қазіргі таңда бұрмаланып, өз мақсатын көздеген жеке топтардың мүддесіне қызмет етуде. Осы орайда біз қалыптасқан діни ахуалға жан-жақты түсініктеме беру үшін Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің имамы Данабек Жұмабековпен сұхбаттастық.

– Данабек Әліпбайұлы, ең алдымен, жиһад сөзінің мағыналық аясын кеңінен тарқатып өтсеңіз.
– Жиһадтың мағыналық аясы өте кең. Әу бастағы мағынасы – адамға Алла Тағаланы тану үшін жол ашу дегенді білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі. Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресу де жиһад санатына енеді. Ислам үшін жасалған барлық іс-шаралар жиһадқа жатады. Күн сайын жүйелі түрде намаз оқу, кейде аптап ыстықта ауыз бекіту жиһад аясына кіреді. Ғұмыр бойғы нәпсі мен рух арасындағы тайталасты күрестің аты да жиһад. Демек, жиһадты кең мағынада қарастыру керек.
Жиһад - ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру.
– Жиһадтың қазіргі таңда кең тараған түрлеріне нендей амал-шарттарды жатқызамыз? Мұсылман қауымы нені қаперге алуы тиіс?  
– Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алдық» дейді. Сахабалары үлкен жиһадтың не екенін сұрағанда, «ол – өз нәпсіңмен күрес», – деп түсіндірген. Бұл оқиғадан исламда жиһадтың үлкен және кіші деп аталатын негізгі екі түрі болатынын, майдандағы соғыстың кіші жиһадқа, ал адамның өз нәпсісімен күресінің үлкен жиһадқа саналғанын көруге болады.
Жалпы, дінтанушы мамандардың пікірімен келісер болсақ, жиһад үшке бөлінеді: ашық дұшпанға қарсы жиһад, шайтанға қарсы жиһад және нәпсіге қарсы жиһад. Сыртқы күрестен бұрын ішкі күресті қолға алудың  маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Оның дұшпандығы белгілі бір уақытпен шектелмейді, әрдайым сенімен бірге. Міне, сондықтан пайғамбарымыз сыртқы дұшпанмен күресті «кіші жиһадқа» жатқызса, нәпсімен күресті «үлкен жиһадқа» балаған. Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі - өзінің нәпсісімен күресуші» деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын тағы бір рет айшықтай түскен. Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан  қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының елдің әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа телінеді. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап,  өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы, жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың  істері де Хақ жолындағы күреске, жиһадқа жатады. Кейде нағыз сөз саптайтын ұрымтал тұста бір ғана кесімді сөз айту да, сөздің кері әсер ететін тұсында сабыр сақтап, тіліңді тістеу де жиһадқа саналады. Тіпті, кейде қажеттілігіне қарай тек қабағыңды шыту яки күлімсіреудің де жиһадқа саналуы ғажап емес. Қысқасы, істелетін әрбір істің Хақтың ризашылығына қарай реттелуі – «жиһад» делінеді.
Өкініштісі, қазіргі кезде әлем халқының ұғымында жиһадқа біржақты түсінік қалыптасып, қолына қару алғандардың барлығы жиһадқа телініп жүр. Бұл шын мәнінде, өте қате пікір. Осы қате пікірдің шырмауында араб елдеріне өзгеге қару кезеген азаматтар легі толастайтын емес. Жиһад болу үшін ол елде бірнеше шарт болуы қажет. Яғни, онда парыз етілген амал-шарттар орындалмай жатса, сонда ғана кәпір деп танылады. Бұл атау көбіне мұсылман елдерге зиянын тигізіп, өзгеге зорлық-зомбылығын көрсетіп жатқан мемлекеттерге қатысты айтылады. Мұндай жағдайда мұсылман елдер өзара пәтуаға келіп, рухани тұрғыдан азғындаған елді тура жолға салуға шақырса, жиһад етіледі.
– Демек, Ислам жиһад соғысына шақыра ма?
– Жиһад ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда  теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһад-ты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Исламның соғысқа рұқсат етуі мүшріктердің шабуылын тойтару, жаудан қорғану мақсатымен тікелей байланысты. Мекке кезеңінде мұсылмандар мүшріктерден қанша құқай көрсе де олармен қарулы қақтығысқа бармаған.
Жиһад мәжбүр жағдайда қарумен де болады. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта Отанды қорғау үшін қолға қару алып жиһад жасауға рұқсат.
Дегенмен де, сыңаржақ қате пікірлердің себебінен, қазіргі таңда Сирия елінде жиһад соғысы жүріп жатқаны белгілі. Әйтсе де, Сирияға жиһад соғысын жариялау еш қисынға жатпайды. Бұл елге қатысты Мұхаммед (ғ.с.с) пайғамбарымыз да «Шам елдеріне берекеңді бере көр» деп дұға еткен. Кәпір деп айдар таңып, жиһад соғысын жариялағанмен де, ол елдегі тұрғындардың басым көпшілігін мұсылмандар құрайды. Әскерилерінің қатарында да мұсылмандар жетерлік. Кәпірлермен соғысып жатқанын желеу еткендер, мұсылмандарды да аяусыз жаныштауда. Ал, шариғат бойынша мұсылманды өлтіру – харам делінеді. Сирияға жиһад соғысын жариялау үшін ең әуелі, мұсылман елдері өзара ортақ шешімге келуі тиіс. Күні бүгінге дейін ондағы ахуалға өз рұқсатын берген бір де бір мұсылман елі жоқ.     
– Олай болса, жиһадты кімдер жариялауда?
– Жиһадта кездесіп отырған мәселе – оны жекелеген лаңкестік топтар соғысқа желеу етуде. Анығында, исламда жиһадты жариялауға кез келген адам құқылы емес. Сондықтан, жекелеген топтардың жиһадқа деген желеумен бөтен елдегі саяси я басқа да себептерден туындап жатқан ішкі соғыстарына жастарды ертіп кетуі дұрыс емес.
Шындығында, жиһадты қанды соғыс не кәпірлермен күрес деп қана ұғу қателік. Жиһад ізгі ниетпен, қоғам игілігі, ел болашағы, діннің мүддесі тұрғысынан жасалған барлық жақсылықты істі қамтиды. Бүгінгі күні арандатушы түрлі ұрандарға еріп, өзге елдерге жиһадқа аттанып, жас өмірді ерте солдыру жиһадты қате түсінудің зардабы. Одан да туған ел мен жерді өркендетуге атсалысу, діни сауаттылыққа ұмтылып, мұсылмандық мінезімізді түзеп, адами қасиеттерімізді арттыру, жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау, жақсы істердің басы-қасынан табылу қоғам үшін нағыз керекті іс осы болмақ.
Әр азамат үшін халықтың амандығы мен жердің тыныштығын күзету, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, бейбітшілігімізді сақтау үлкен борыш болып табылады. Діннің мұраты да осыны қалайды.   
– Жастардың діни сауаттылығын арттыру бағытында қандай шаралар атқарылғаны ләзім?
– Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза, ұлы болуы тиіс. Террорлық әрекеттер арқылы ешбір проблема қазірге дейін шешілмеген әрі бұдан кейін де шешілмейді. Барлық лаңкестік әрекеттер – ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше, исламға қарсы қиянат.
Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай қиын жағдайға душар болса да исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Себебі, белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстаным, ереже-қағдилары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.
Қазіргі таңда болып жатқан барлық жарылыс, лаңкестік әрекеттерді ислам дініне жабу кең етек алды. Алайда, солардың барлығын істеп жатқан мұсылмандар ма? Бұған «иә» деп жауап беру, әрине, қиын. Мұсылмандықты бетперде етіп, лаңкестік әрекеттерге барып жатқандар кімдер? Кей жағдайда олардың қатарында соғыстарда әке-шешесінен, туған-туыстарынан айырылған немесе басқа да рухани күйзелістерге түскен адамдар да болады.  Исламда мұсылман өлкесінде тұратын өзге дін өкілдерін өлтіру былай тұрсын, оларға мұсылман болмағанын желеу етіп, титтей де болса әділетсіздік жасау дұрыс емес.
Исламда мұсылманшылықты  қабылдамағаны үшін адам өлтіру деген ұғым жоқ. Исламға әркім өз еркімен саналы түрде кіруі тиіс. Алла Тағала Құранда бұл туралы «Дінде зорлық жоқ» деп кесіп айтады.
Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасымен бес жылға жоспарланған Қазақстан Республикасындағы Діни экстремизм мен терроризм­ге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағ­дарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көрініс­тері­нің алдын алу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғам­ның және мем­лекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Сол себептен де, Қазақстан хал­қы, соның ішінде жастар, экстремизм мен терроризм идея­ларына қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмыстарымен қамты­луы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!

Другие материалы в этой категории: Ислам және әйел мәртебесi »