Тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық қылмыстары мен оларды ашуға қатысты жұмыстарға тоқталды. Спикердің мәліметінше, жыл басынан бергі 4 айда Шымкент бойынша 3 378 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға, яғни, 952 қылмысқа азайған. Тіркелген істердің ішінде 1 321 іс алаяқтыққа қатысты болса, 366 қылмыс нақты интернет-алаяқтыққа байланысты. Полковник бұл мәселенің қазіргі таңда өзекті болып тұрғанын жеткізді.
– Интернет-алаяқтыққа қатысты істердің бір ерекшелігі – белгілі бір аумақты емес, бүкіл елге қатысты, тіпті, халықаралық көлемде жасалуы мүмкін. Жыл басынан бері осындай әрекеттердің кесірінен жәбірленушілерге жалпы көлемі 627 млн теңгеге жуық шығын келген. Осындай келеңсіздікпен күресу үшін қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни, бірінен біріне қаржы аударылған күдікті шоттар туралы ақпаратты неғұрлым ертерек алуға қол жеткіздік. Ал бұған дейін әр банктің шотына қатысты ақпаратты сұрау үшін 7-10 күн кететін еді, – дейді Арман Арун-Рашидұлы.
Шымкенттік тәртіп сақшылары ұялы байланыс операторларымен де бірге жұмыс істеп, сим-карта және ондағы нөмірді қолдану тәртібін қатаңдату туралы ұсыныс жасағандарын айтады. Сонымен қатар микроқаржы ұйымдарының сайттары мен қосымшаларында тіркелу, верификация және қаржы аудару тәртібін қайта қарауды ұсынған. Себебі, алаяқтық әрекеттің бір бөлігі осыған қатысты.