«Салбурын – мереке ғой саятшыға...» Избранное

Среда, 16 Февраль 2022 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1225 раз

Шымкент қалалық Әдеп-ғұрып, және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Салбурын – мереке ғой саятшыға...» іс-шарасы өтті. Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекеніне қарасты Кеңесарық ауылында өткен шарада халқымыздың саятшылық, аңшылық кәсібін дәстүрмен дәріптеп жүрген азаматтардың өнері насихатталды.

252

 

Ата-бабамыз ежелден-ақ қыранды қасиетті санап, бүркітшіге құрмет көрсеткен. Құсбегілік өнерді жанына серік еткен әкелі-балалы Жомарт Кеуенов пен Төремырза Жомартұлы құс салу дәстүрінің қыр-сырымен бөлісті.
– Құстың бәрі қыран емес. Бұған дейін бірнеше бүркітті қолға үйреттік. Соның ішінде ерекше есте қалған қыран – Сарыбалақ. Ұшқыр, түлкі, шибөріні тырнағына ілмей қоймайтын, олжасыз қайтпайтын бүркіт еді. Қанша баптасақ та жарысқа бейімделмеді. Қыранның жаратылысына тән қайтпас, қайсар мінезді Сарыбалақты амалсыздан табиғатқа қоя беруге тура келді,–деді құсбегі Жомарт Паңұлы.
Тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінетін қазақ ат баптаудың түрлі әдіс-тәсілін меңгерген. Ат үстінде аңға құс салып, қанжығасы майланып, елге олжалы оралған. Ер жігіттің жүйрік аты – қанаты, қыран бүркіт –қуаты, құмай тазы – серігі болған.
Аңға құсты салмас бұрын, құсбегілер «Қамшыгерлік» дәстүрін дәріптеді. Салбурыннан қанжығасы майланып, олжалы оралу үшін арнайы жайылған мал терісін қамшымен сабады. Бұл–ежелден келе жатқан аңшылар арасындағы наным-сенім.

253


Әке жолын жалғап жүрген Төремырза өзі баптаған Тұмарды Павлодар қаласында өткен жастар арасындағы құсбегілік чемпионатына қатыстырып, жеңіске жеткен.
– Тұмар қазір бір жаста. Қазығұрт өлкесінен ителгінің балапанын ұядан алып, асырап, баптадық. Тұмар – алғыр, алайда мінезі шатақ құс. Көп адамды жақтыра бермейді. Өте сезімтал. Жеңіске ителгінің мінезі мен алғырлығы арқасында қол жеткіздім. Оны жарысқа дайындау үшін 3 ай бойы тынбай еңбек еттік. Сайыстың алғашқы кезеңінде ителгі 300 метр қашықтықта қолыма кеп қонды. Екіншісінде, құс жерге қонбастан кептерді тебу керек. Бұл сында Тұмар жарап, 3 минутта 35 рет кептерді теуіп үлгерді. Қоянға салуда да керемет шапшаңдық танытып, нәтижесінде чемпион болды. Осындай өнердің арқасында ел аралап, киелі құстарды көпшілікке танытып жүрміз, - дейді Төремырза.
«Сыралғы» дәстүрі шараның ажарын аша түсті. Тазы жүгіртіп, құс салған Жомарт құсбегі ілінген қоянды жасы үлкен ағалардың қанжығасына байлады. Үлкендер тарапы да ізет көрсетіп, Жомартқа киелі домбыраны сыйға тартты. Шараның соңында ұлттық дәстүрді дәріптеп жүрген құсбегілерге ұйымдастырушылар атынан Алғыс хат тапсырылды.

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.