Қала әкімі кіріспе сөзінде 2021 жылдың 9 айында жұмыс беруші мекемелер тарапынан еңбек жалақысының қарызы тіркелмегенін атап өтті. Мұрат Дүйсенбекұлы еңбек қауіпсіздігін сақтау, айлық жалақыны уақтылы төлеу, еңбек шартын орындау еңбек қатынастарындағы ең басты мәселе екенін және олар үшжақты комиссияның әр отырысында қаралатынын жеткізді. Еңбек қауіпсіздігі мәселесінде тиісті талапты орындап отырған мекемелер саны өте аз екенін мәлімдеді.
— Қалада 112 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі бойынша ұлттық және халықаралық стандарттарды енгізген. Солардың арасында үшеуі арнайы сертификат алды. Бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, кәсіпорындарға қойылар талап үшеу. Біріншіден, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екіншіден, жұмысшыларды арнайы киіммен қамтамасыз ету, үшіншіден, азаматтарға еңбек қауіпсіздігі шарттарын үйрету. Шаһар басшысы баяндамасында айлық жалақыны төлей алмай қалу қаупінің алдын алатын механизмді жетілдіру керегін, кәсіподақ жұмысын күшейту қажеттігін және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі назардан түспейтінін қадап айтты.
Мұнан соң Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов және «Қалалық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы
Бауыржан Әлтеев атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Инспекция басшысы айтып өткендей, еңбек қатынастары бойынша 362 компанияда туындаған мәселенің 322-сі оң шешімін тапқан. Инспекцияға түскен 832 арыз-шағымның 354-і заң аясында шешілген. Тәртіп бұзған мекемелерге 7,9 млн теңге айыппұл салынып,
соның 5,8 млн теңгесі өндірілген. Басқарма басшысының сөзінше, Президенттің шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялауына қарамастан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 21 кәсіпкерлік нысанда орын алған жағдайларға байланысты бақылау жүргізілді. Б.Қалжанов, бұдан бөлек, «Халықтық бақылау жобасы» қолға алынып, оған Шымкент қаласынан 17 кәсіпорын енгенін, өндірістік жарақаттарды мүлдем болдырмау мақсатында құрылған «Vision zero» жобасы қарқынды ендіріліп жатқанын атап өтті.
Ал кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Б.Әлтеев жұмысшылар құқығын қорғауға байланысты 15 мәселе көтеріліп, оның барлығы да оң шешілгенін жеткізді. Сонымен бірге кәсіпорындарда 24 жазатайым оқиға орын алып, 5 адам қайтыс болған. Қызметкерлері опат болған екі мекеме ұжымымен кәсіподақ тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлескен жол картасын әзірлеген. Сондай-ақ, Бауыржан Ілімшеұлы биылғы жыл бастауыш кәсіподақтар ұйымы жылы болып жариялануына орай қалада «Халің қалай, бастауыш кәсіподақ?» атты жоба аясында арнайы форум өткізілгенін баяндады.
Комиссия отырысының соңында «Ancon», «Су ресурстары – маркетинг», «ПетроҚазақстанОйлПродактс», «Mobil Plas Көмек» және «Химфарм» компаниялары «Парыз» конкурсының жеңімпаздары атанып, арнайы номинациялар бойынша Шымкент қаласы әкімінің қолынан бағалы сыйлықтарға ие болды. «Еңбек жолы» байқауының жүлдегерлері – Шымкент мұнай өңдеу зауытының қызметкері Рүстем Әбубәкіров, «Жоғары медицина колледжінің» тәлімгері Майра Сайлауова және «Химфарм» АҚ-ның жас маманы Яна Леденева тиісті аталымдар бойынша марапатталды.